ӘЛЕМДІ БАҒЫНДЫРҒАН ҚОРДАЙЛЫҚТАР

0

Спорт – әр азаматтың патриоттық сезімін оятып, Отанға деген сүйіспеншілігін бекемдейтін басты күш десек артық айтқандық емес. Спортшыларымыз халықаралық ірі жарыстарда жеңіске жеткен кезде бөркімізді аспанға атып, қуанатынымыз соның дәлелі. Егемендік алғалы спортшыларымыз әлемнің талай байрақты бәсекелерін бағындырып, жетістіктерге жетті. Әлемдік аренада ел мерейін үстем етуге септігін тигізген қордайлықтар да аз емес. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында біз ауданымыздың мақтанышына айналған әлем чемпиондарының жетістіктерін еске түсіріп, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Солардың бірі – Қазбек Сағын. Ол 2015, 2017, 2018 жылдары панкратионнан Президент кубогінің иегері. 2014 жылы Түркияда өткен панкратионнан Әлем чемпионы. 2015 жылы Мәскеуде өткен жекпе-жектен күміс жүлдегер атанса, 2017 жылы жеңімпаз болып елге оралған. 2018 жылы өткен панкратионнан Президент кубогінің иегері, Кишиневта өткен жекпе-жек сайысынан (рукопашный бой) Дүниежүзілік кубоктің иегері.
2019 жылдың маусымында Ресей Федерациясы Санкт-Петербург қаласында өткен жекпе-жектен (рукопашный бой) әлем чемпионатында 55 салмақ дәрежесінде жеңімпаз болып, әлем чемпионы белбеуіне ие болды.
2021 жылы Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен қоян-қолтық ұрыстан 55 келі салмақ дәрежесінде Әлем чемпионы атанды. Қазбек қоян-қолтық ұрыстан үш дүркін әлем чемпионы. Қазақстанның панкратионнан төрт дүркін чемпионы. Сондай-ақ, жекпе-жектен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Панкратионнан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Самбо күресінен спорт шебері. Әмбебап жекпе-жек күресінен спорт шебері.
Елімізді төрткүл дүниеге танытқан тағы бір жерлесіміз, халықаралық жарыстардың жеңімпазы, ҚР бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері – Голендова (Иванчукова) Светлананы да ерекше атап өтуге болады. Ол 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен 17-ші Азиядалық ойындардың эстафеталық жүгіруден күміс жүлдегері. 2018 жылы Иран астанасы Тегеран қаласында өткен жеңіл атлетикадан XXIIІ Азия чемпионатында Светлана Голендова 4х100 метр эстафеталық жүгіруден және жекелей жүгіруден І-ші орын және тамыз айында Индонезияның Джакарта қаласында өткен жеңіл атлетикадан Азия ойындарында жүлделі 3-орынды иеленді.
Қордайдан шыққан әлем чемпиондарының қатарында Асхат Жантұрсынов та бар. Асхат 2013 жылы Шымкент қаласында кикбоксингтен ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатында (+91 келі салмақ) және 2014 жылы Қызылорда қаласында өткізілген кикбоксингтен ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатында (+91 келі салмақ) жүлделі 1-орынды иеленген. 2014 жылы Қазақстан құрама командасының сапында Венгрияда өткізілген кикбоксингтен әлем кубогіне қатысып, қола медаль иеленді. Сонымен қатар, 2015 жылы Үндістан мемлекеті Пуна қаласында өткізілген Азия чемпионатының, 2016 жылы Сеул қаласында өткен Азия чемпионатының жеңімпазы. 2016 жылы Будапешт қаласында Әлем Кубогінің иегері атанған. 2016 жылы Алматы қаласында Қазақстанның ең күшті жауынгерлері турнирінде 1-орынға ие болды. Қазақстан Республикасының кикбоксингтен бес дүркін чемпионы. Халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазіргі таңда кәсіпқой боксқа ауысып, халықаралық аренада 5 жекпе-жегін өткізіп, бесеуінде де айқын жеңіске жетті.
Балуан Төлеген Ақылбековты бүгінде танымайтын қордайлық жоқ. Қазақстанның еркін күрестен үш дүркін чемпионы Иранда, Түркияда, Ресейде өткен еркін күрестен халықаралық турнирлердің жеңімпазы.
Англияның Манчестер қаласында өткен әлем чемпионатында 2-орынға ие болған. Кейін аралас жекпе-жекке ауысып, талай белестерді бағындырған. Спорттың осы түрінен Әлем чемпионатының жүлдегері атанған. Еркін күрестен спорт шебері, жекпе-жектен халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Жерлесіміз Марат Мәзімбаевтың шаршы алаңдағы керемет жекпе-жектері жанкүйерлерінің әлі есінде. Кәсіпқой боксшы, IBА нұсқасы бойынша әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері қордайлықтардың ғана емес жалпы еліміздің мақтанышы. Марат Кенебайұлы Шығыс Азия ойындарының, Қарулы Күштер арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 13-Азия ойындарының қола жүлдегері. Қазақстан чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы.
Шығыс Азия ойындарының (1997, Пусан, Оңтүстік Корея) күміс жүлдегері. Қарулы Күштер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері (1998, Дублин, Ирландия). Азия ойындарының қола жүлдегері (1998, Бангкок, Тайланд). 1997 жылы Германияның Галле қаласында өткен халықаралық турнирде күміс жүлдені иемденді. Кәсіпқойлар арасында ІВА тұжырымы бойынша әлем чемпионы. WBO тұжырымы бойынша интерқұрлық чемпионы.
Қордайлық чемпиондар тізімін Қазақстанның жекпе-жектен бес дүркін чемпионы, Панкратионнан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбо, жекпе-жек күресінен спорт шебері Игорь Свирид жалғастырады. Ол 2008 жылы Бішкек қаласында өткен халықаралық турнирде самбо жекпе-жек күресінің қола жүлдегері. 2012 жылы Грецияда өткен панкратионнан әлем чемпионы. Сондай-ақ, 2013 жылы Мәскеуде панкратионнан жеңімпаз атанды. ONE FC нұсқасы бойынша әлем чемпионы. 2017 жылы Кореяда жекпе-жектен өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы. 2017 жылы Алматы қаласында өткен жекпе-жектен халықаралық турнирінің жеңімпазы.
Рашид Дауров – Кикбоксингтен 2016 жылы өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 1-орынға ие болды. Ирландия мемлекеті Дублин қаласында кикбоксингтан 2016 жылы өткен Әлем чемпионатында 1-орынды иеленді. Рашид кикбоксингтен спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Қордайдан шыққан әлем чемпиондары дегенде бірден есімізге Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері, қара белбеу иегері Қайрат Молдажанов түседі. Ол Алматы қаласында «Сакура» атты спорт клубын ашып, оған өзі басшы, өзі бапкер болып істеді. «Сакура» клубы қысқа мерзімде спорттың «карате-до» түрінен әлемдік деңгейдегі жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. 1992 жылы Қайрат тәрбиелеген Закир Тохтиев Жапонияда өткен әлемдік біріншілігінде (Кеңес Одағы бойынша тұңғыш болып) каратэден дүние жүзінің абсолютті чемпионы атағын жеңіп алды. 1994 жылы осы клубтың спортшысы Ринат Гульметов АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлемдік жарыста бірінші орынды жеңіп алды. «Сакура» клубының түлектері каратеден Еуропа, Азия, Қазақстан т.б республикалық, халықаралық жарыстардан алтын, күміс, қола жүлделерін бірнеше мәрте ұтып алды. Қайрат Молдажановтың Қазақстан спортына қосқан ерекше еңбегі ескеріліп «Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері» атағы берілген. Ол 1996 жылы 39 жасында дүниеден озды.
2021 жылы 10-24 сәуір аралығында Польша мемлекетінде өткен бокстан жастар арасында әлем чемпионатында Қордай ауданының тумасы Диас Молжігітов 75 келі салмақ дәрежесінде үшінші орынды алып, қола жүлдеге қол жеткізді. Диас Дүйсебекұлы Қазақстан Республикасының жастар арасында 2 дүркін чемпионы. Венгрия, Белоруссияда өткен халықаралық жарыстардың жеңімпазы (2019, 2020 ж). Бокстан ҚР спорт шебері.
Қордайлық чемпиондар тізімін 2019 жылы жерлесіміз Кеңес Марат толықтырды. Ол 2019 жылы қыркүйектің 12-16 аралығында Үндістанның астанасы Нью-Дели қаласында самбо күресінен жасөспірімдер, жастар және ерлер мен әйелдер арасында өткен жауынгерлік самбодан Азия чемпионатының қола жүлдегері. ҚР самбо және қазақ күресінен бірнеше дүркін жүлдегері.Халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Самбо және қазақ күресінен спорт шебері.
Раушан Джаналиева – 2021 жылдың 25-27 сәуір аралығында Дубай қаласында өткен қол күресінен әлем кубогінің чемпионы. 2021 жылдың 17-24 тамыз күндері Алматы облысы Талғар қаласында өткен кіші жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 1-орынды иеленіп, Азия чемпионы атанды. Қазақстанның намысын қорғап, туған жерінің атын шығарды. Алдағы уақытта қол күрестен Қазақстан Республикасының атынан Румыния мемлекетінде өтетін Әлем чемпионатында күш сынасатын болады. ҚР чемпионы. Қол күресінен спорт шебері.
Тағы бір білекті батырымыз Мағжан Төлеген 2021 жылдың 17-24 тамыз күндері Алматы облысы, Талғар қаласында қол күрестен өткен Азия Чемпионатында +70 кг салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанған. Төлеген Ерланұлы алдағы уақытта қол күрестен Қазақстан Республикасының атынан Румыния мемлекетінде өтетін әлем чемпионатында күш сынасатын болады. ҚР чемпионы. Қол күресінен спорт шебері.
Әлемдік жарыстарда жеңіске жету оңай емес. Кейбір дамыған ірі мемлекеттердің өзі спорт сайыстарында Қазақстанның шаңына ілесе алмайтынын көзіміз көріп жүр. Біз ірі додаларда топ жарып, Қордай жерін жаһанға танытқан әлем чемпиондарын еске түсірдік. Болашақта да аудандық спорт саласы қарқынды дамып, жерлестеріміздің арасынан әлі талай сайыпқыран спортшыларымыз шығатынына сенеміз.
Дайындаған Сәуле Сұлтанбек

Leave A Reply

Your email address will not be published.