Әлеуметтік салаға басты назар

0

Аудан әкімі Бегзат Болатбеков Қордай ауылындағы бірнеше мекемені аралап, жұмыс барысымен танысты. Бұл жолы аудан басшысы әлеуметтік салаға назар аударып, бірінші кезекте аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығына барды.

Аудан әкімін мекеме басшысы Эльнура Мінісқұлова қарсы алып, балаларды емдейтін кабинеттермен, ұжыммен таныстырды. Қазіргі таңда оңалту және бейімдеу орталығында 30 бала емделуде, оларға 27 маман қызмет етеді. Мекеме басшысының айтуынша, он жыл уақытта 31 мүгедек бала аяғына тұрып, жүріп кеткен. Сондай-ақ, денсаулығын айтарлықтай түзеп, кәдімгі балабақшаға, мектептерге ауысып кеткен балалар жетерлік. Осының барлығы білікті мамандардың еңбегінің арқасы. Эльнура Мінісқұлова жақында орталық «Қазақстан халқына» қорынан 11 млн теңге грант ұтып алғанын, ол қаражатқа заманауи жабдықтар алынатынын жеткізді.

Аудан әкімі мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығына қажетті жаңа ғимарат мәселесін көтерді. Эльнура Мінісқұлова ауданда шамамен жеті жүзге жуық мүгедек бала арнайы ем-дом қабылдауға мұқтаж екенін, оларды аудан орталығына тасымалдау қиындығын жеткізіп, 50 орындық ғимарат салынса деген тілегін айтты. Бегзат Болатбеков жауапты тұлғаларға осы мәселені қолға алуды, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы салу мүмкіндігін қарастыруды да тапсырды.

Осыдан кейін аудан әкімі «№7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына» кіріп, қариялардың жағдайын сұрастырды. Мекеме басшысы Айнұр Алматаева барлық мән-жайды баяндап беріп, биыл жаңа жылыту қазандығы сатып алынғанын жеткізді. Аудан басшысы қариялармен сұхбаттасып, оларға денсаулық тіледі.

Келесі кезекте Бегзат Сейсенқұлұлы «Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына» барды. Бұл орталықта өмірлік қиын жағдайға душар болған әйелдерге көмек көрсетіледі. Орталықтың директоры Шынаркүл Бейсенбаева жыл басынан 36 әйел, 81 балаға көмек көрсетілгенін айтты. Өз кезегінде Бегзат Болатбеков орталыққа келушілердің саны артып жатқанын алаңдататын жағдай екенін жеткізді.

— Менің ойымша ажырасу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бастауы бірінші кезекте материалдық жағдайға байланысты. Сол себептен бізге бірігіп әрекет ету керек. Біз оларға тұрақты жұмыс және  өзге де проблемаларын шешуге атсалыссақ, сіздер психологоиялық көмектен аянып қалмауларыңыз қажет. Өкінішке орай ажырасу көбейіп келеді, жетім балалар саны артуда, бұл проблемаға барынша тосқауыл қойылу керек. Сөзі өтетін үлкен қариялардың да көмегін пайдалану қажет, отбасыны қандай да бір жолмен ажырасудан сақтап қалу – міндетіміз, — деген Бегзат Сейсенқұлұлы өз ұсыныстарын ортаға салды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.