Әже қамқорлығын көрген бақытты

0

«Отбасы –тәрбие бастауы» демекші, жалпы адамзат үшін өмірде отбасы тәрбиесінің алар орны ерекше. Сондағы бала тәрбиесі үшін ең үлкен тұлға – ата-әже болған. «Балаға білім беру үшін ең алдымен оны тәрбиелеген жөн, тәрбиесіз берілген білім, ол ертең бір апатқа әкеп соғады» деген, данышпан, ойшыл ғалым Әбу Насыр әл-Фараби. Міне, алдымен баланы ата-әже тәрбиесінен өткізгеніміз дұрыс.

Үлкеннің  тәрбиесін көрген  бала  мейірімді, бауырмашыл,  өмірде  үлкен  жетістікке  жеткен  атақты  да,  дарынды,  алғыр  болып өседі.  Оған  кешегі Айғанымның  тәрбиесін  көрген Шоқанды,  Зере мен  Балқожа  бидің   мейіріміне  бөленген  Абай мен  Ыбырайды   мысал етсек  жетерлік. Жас  ата-ана баласының  әрбір қылығы  мен  іс-әрекетіне қатысты   қателік  жіберіп аламын ба  деген қорқынышпен  тәрбиесіне  қатал қарауы  немесе    жұмысбастылықпен  мүлдем мән бере  алмай қалуы  мүмкін.  Ал балаға  ең  бірінші  керегі – мейірім. Оны  әрдайым  зейнетке  шығып,  үйде  отырған   апасы  мен  атасы  берері  хақ. Әңгіменің әлқисасы, «Ұлын ұяға, қызын қияға» қондырып, немере-шөбересін қызықтап отырған өнегелі әже Отар ауылының тұрғыны Отызбаева Нұрбүбі жайында болмақ.

Бүгінде зейнетке шыққан кейіпкеріміз үш перзентінен он немере, бір шөбере сүйіп отырған бақытты әже.

Кейіпкеріміз жолдасы Бақытжаннан ерте айырылып, қиындық көрсе де жүрегіндегі мейірімділікті жоғалтпады. Әрқашан немерелеріне ақыл-кеңесін айтып, қолдау білдіріп отырады. Еліміздің ертеңі, болашағы үшін әжелер таптырмас байлық, құнды ғибрат. Олардың аялы алақаны, мейірбан жүрегі, немереге деген ерекше махаббаты бала бойына күш қуат, сенімділік береді. Жамандық атаулыдан қорғайтын, бейне бір ақылдың кеніші саналатын әжелердің қашан да ұрпақ тәрбиесінде ойып алардай орны бар десек артық айтқандық емес.

Тақырыпқа тұздық болсыншы. Бүгінде немересінің үлкені Аяжан, Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінің соңғы курс білімгері. Алған қойған мақсаты – мейірімділік жаршысы болған білікті дәрігер атану. Немересі Бауыржан, оқу озаты, еліміздегі ең беделді университеттердің бірі Қазақ-Британ техникалық университетінің білімгері. Ғани-Қасым болса, Абай Құнанбайұлының қара сөздерін жатқа білетін, қабілетті оқушы. Ал, немересі Жания, «Enshin» Каратэ спорт түрінен, таяуда Жапон мемлекетінде өткен Әлем чемпионатында бірінші орынды қанжығалады. Алматы қаласындағы «Enshin» Каратэ филиалы директоры Жанияның турнирдегі өнерін, әр соққы бұл тек физикалық күш қана емес, тынымсыз еңбектің нәтижесі деп жоғары бағалады. Сонымен қатар, Мәскеу және Ташкет қалаларында өткен аталмыш спорт түріндегі турнирлердің жеңімпазы.

Өмірден көргені мен білгені мол ақ жаулықты әжеден бала тілі де тез шығады. Себебі ол кісілер кішкентай баламен үлкен адамдар секілді сөйлесіп, қазақтың байырғы ән-жырлары мен ел басынан өткен тарихты естіп өседі.

Бала бойына әже тәрбиесінің де керек екенін білгеніміз жөн. «Ел ертеңі – бүгінгі жастар»-дегендей, алдағы жас буынға да әже тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін көрсетейік. Ауылды ақсақал билесе, отбасындағы тәрбиеге әже жауапты екенін де біліп жүргеніміз абзал.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.