«ӨЛІ РАЗЫ БОЛМАЙ ТІРІ БАЙЫМАЙДЫ»

0

Құрметті Ардагерлер! Құрметті аудан тұрғындары!

Қордай аудандық Ардагерлер кеңесі жылдағы дәстүр бойынша аудан тұрғындарына көктемгі санитарлық тазалық бойынша үндеуін жариялап  отырмыз. Туған  үйін, ауылын тазалықта ұстау, ағаш отырғызып ауылды көгалдандыру әр азаматтың міндеті деп білеміз. Сондай-ақ, ата-салтымызды насихаттау, болашақ жастарға үйрету, үлгі ету де құрметті ардагерлер біздің борышымыз деп білеміз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйғарымы бойынша сәуір айы  зираттарды тазалау, тәртіпке келтіру уақыты болып белгіленген, бірақ осыны әлі ешкім, толық орындамай отыр. Биыл 17 сәуір күні зираттарда жаппай сенбілік өткізгелі отырмыз.

Сол зиратта біздің ата-анамыз, бауырларымыз, туыстарымыз жатыр! Зираттарды тазалау мәселесі толық орындалмай отыр. Салт-дәстүрлерді орындауда  да дарақылық әлі тиылмай тұр. Ауылдағы имамдар да, ақсақалдар да осы мәселелерге келгенде белсенділік танытпауда. Қазір індет қайтадан бас көтеріп, ауру асқынып тұрса да тұрғындар сақтық шараларын сақтамай отыр. Әлі де ас-жиындар, тойлар жасырын түрде өткізіп жатыр.

«Өлі разы болмай, тірі байымайды!» деген атадан қалған нақыл сөз бар. Біздің әке-шешелеріміз, ата-аналарымыз, бауырларымыз сонда жатыр, ертең бізде сонда барамыз. Сондықтан да құрметті аудан тұрғындары, ардагерлер, ақсақалдар! Осы мәселелерді ауылдарыңызда жиындарда қарап, ақылдасып, бір тәртіпке келтірсек.

Сіздер, өмір көрген, жақсы мен жаманның ара-жігін айыра алатын, аталы сөз айта алатын ел ақсақалдары ретінде жаман әдеттерден тыйылатын, ырыс-берекенің қадірін білетін жұртшылыққа, аудан тұрғындарына, әсіресе, тез еліктегіш жастарға әкелік қамқорлығымыздың, жанашырлығымызды танытатын төмендегідей ұсыныстарымызды ашық хат ретінде ортаға салып және төмендегідей ұсыныстар жолдап отырмыз.

Ауыл әкімдеріне:

1) – Зираттар үшін тұрақты пайдалануға нақты жерлерді белгілеп, шекарасын анықтап, сенімдік басқаруға мешіттерге тапсыру мәселесін ауыл әкімінің қаулысымен заңдастыру;

2) – Зираттарды қоршау мәселелерін ауыл тұрғындарының жиындарында қарап, мүмкін болғанынша бюджеттен қаржы бөлдіру, тұрғындардан қаржы жинау арқылы шешу;

3) – Қайтыс болған адамдардың орнын дайындайтын адамдарды топтастыру, оларды құрал-сайманмен қамтамасыз ету мәселелерімен айналысу;

 Ауылдық имамдарға:

1) —  Зираттарда қайтыс болған адамдардың орнын белгілеу, жерленген адамдардың тізбесін жүргізу. Жаназаны тек ауыл имамдары жүргізу. Егер сырттан шақырылатын имамдар болған жағдайда ауылдың имамынан рұқсат алынсын;

2) – Зираттардың жай – күйін қадағалау, туыстарын тәртіпке келтіруге шақыру, ұсыныстар беру;

3) – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаназа өткізу тәртібі туралы пәтуасын тұрғындар арасында насихаттау және жұртшылықты кеңінен хабардар ету. Бұл істі жер-жердегі ардагерлер кеңестерінің мүшелері мен беделді ақсақалдармен бірлесе отырып жүргізу;

Аудан тұрғындарына:

1) — Жерлеу және жаназа мәселелерін тек мешіттер және имамдар арқылы рәсімдеу;

2) – Әр жылдың сәуір және қыркүйек айларын  зираттарды  тәртіпке келтіру күні деп белгілеп, биыл  17 сәуір күні зираттарды тазалауға сенбіліктерге шығу;

3) – Өңір халқының дәстүрлерін ескере отырып, қайтыс болған адамдардың қонағасы мен жылдық асын берудің баршаға ортақ тәртібін қалыптастыру. Қазаға жайылған дастархан өте қарапайым болғаны жөн. Оған ет, күріш, шелпек, бауырсақ, тәттілер, құрма, өрік, мейіз, жаңғақ, жыл мерзіміне қарай ұлттық сусындар-қымыз, шұбат, боза т.б қойылса жетеді. Бәріне бірдей болсын.

Құрметті аудан тұрғындары!

Біздің осы ұсыныстарымыз Сіздердің тараптарыңыздан түсіністікпен қабылданады, аудан, ауыл мешіттерінде жұртшылықтың кеңінен қатысуымен талқыланады, сөйтіп, атадан-балаға мирас болып келе жатқан мұсылмандық салттарды қатаң сақтауға шақыруымыз әр жүрекке жетіп, ысырапшылдық, мақтаншылық сияқты жаман сипаттардан арылуға көмектеседі деп үміттенеміз.

Бүгінгі және келер ұрпақтың жағдайын ойлау, жат әдеттерден сақтандыру біздің, ардагер-ақсақалдардың парызы. Сол үшін де осы Үндеуді шығардық.

Үлкен Сұлутөр мен Масаншы  ауылдарында  сенбілік басталды.

17 сәуір күні барлық аудан тұрғындарын зираттарды тазалауға, абаттандыруға шақырамыз!

Ауданның ардагер-ақсақалдары және дін өкілдері атынан:

 Әлімбет Б.Ә. – аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы,

Сатылғанов  А.– аудандық «Қордай» мешіттің бас имамы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.