Қордайдағы «Цемзауыт» ықшам ауданындағы №5 Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебінде «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен аудандық полиция бөлімі бірлесіп «Заң және тәртіп» қағидаты аясында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған түсіндіру кездесуін өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – оқушылар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыру және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері оқушыларға кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі, түнгі уақытта ата-анасыз жүру тәртібі, буллингтің алдын алу, интернет қауіпсіздігі және зиянды әдеттердің салдары туралы нақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ оқушыларға өз құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат беріліп, сұрақ-жауап форматында еркін пікір алмасу ұйымдастырылды. Кездесу соңында қатысушыларға заң талаптарын сақтау, тәртіпті болу және қауіпсіз орта қалыптастыру әр азаматтың ортақ міндеті екені атап өтілді.
Аталмыш іс-шаралар аудан бойынша жалғасын таба бермек.