Қордай аудандық полиция бөлімінің ғимаратында №18 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен профилактикалық жиын өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, күш қолдану фактілерінің жолын кесу, адам өмірі мен денсаулығына қол сұқпаушылық қағидаларын түсіндіру, сондай-ақ тәртіп пен жеке жауапкершілікті арттыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды.
Жиын барысында кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қоғамдық тәртіпті сақтау, буллинг, суицид, есірткіден сақтану, жол қауіпсіздігі ережелері, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ діни экстремизм идеологиясының таралуына қарсы жұмыстар жөнінде кең көлемде түсіндіру жүргізілді.
Профилактикалық кездесуге арнайы мамандар қатысып, өз бағыттары бойынша маңызды ақпараттармен бөлісті. Атап айтқанда, Қордай ауданы ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция лейтенанты Бекзат Балтабай, жасөспірімдер арасындағы құқықтық тәртіп пен заң талаптарын сақтау мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының Қордай ауданы бойынша арнайы бөлімінің инспекторы Мұхтар Саидов діни экстремизмнің алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ, Қордай аудандық орталық ауруханасының психологі Жұлдыз Оспанкулова жасөспірімдердің психологиялық саулығы, буллинг пен суицидтің алдын алу мәселелеріне назар аударса, Салауатты өмір салтын насихаттау орталығының дәрігері Құралай Қасаболатова зиянды әдеттердің адам денсаулығына тигізер кері әсері мен салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы туралы айтты.
№18 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Дулат Бердияров спортшылардың тәртібі мен тәрбиесіне ерекше көңіл бөлудің маңызын атап өтті.
Кездесу барысында жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты қалыптастыру, спортшылардың тәртібі мен тәрбиесіне баса мән беру, профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде ұйымдастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, жаттықтырушыларға спортшылармен жүйелі түрде тәрбие сағаттарын өткізу, олардың жеке мінез-құлқына назар аудару және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстарды күшейту жөнінде ұсыныстар айтылды.