ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

0

Жамбыл облысының бастамасы бойынша «Сенім маршруты» акциясы іске қосылды. Жоба шеңберінде арнайы жұмыс тобы құрылып, заңдылықты нығайту және құқықтық тәртіпті сақтау бойынша іс-шара жоспары әзірленді.
Көшпелі кездесу ұйымдастыру, тұрғындарды қабылдау, жүйелі құқық бұзушылықтарды анықтау, және тұрғындардың проблемалы мәселелерін шешу акцияның негізгі бағыты болып табылады.
Қазіргі таңда жұмыс бірнеше бағытта атқарылуда. Жоба шеңберінде Қордай ауданында тұрғындармен кездесулер, семинарлар, азаматтарды қабылдау, дін мәселелері, кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы саласы бойынша дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып,ауыл тұрғындарын толғандыратын әлеуметтік мәселелер зерделенбек.
«Сенім» тобының мүшелері алдымен Степной ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Азаматтарды жеке қабылдау барысында ауыл тұрғындары облыс және аудандық прокуратура, әлеуметтік сала, жер қатынастары, білім беру,т.б. салалардың өкілдеріне сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды. Степной ауылында топ мүшелеріне құқықтық көмекке 20-дан астам адам жүгінді. Барлық сұрақтар бойынша түсіндірулер берілді, сондай-ақ қабылдау барысында өз шешімін тапқан сұрақтар болды. Оған қоса ауыл тұрғындары құқықтық консультация алып, барлық проблемалық мәселелер бақылауға алынды. Айта кетерлігі, осындай қабылдаулар бірқатар ауылдық округтерде ұйымдастырылды. «Сенім» тобының мүшелері Жамбыл және Қайнар ауылдарында да болып, қабылдау жүргізді. 13 қыркүйек күні аталмыш топтың өкілдері «колхоз» аймағының тұрғындарымен кездесті.
Бұл жобаның жұмысына оң баға берген ауыл тұрғындары бұл туындаған проблемаларды шешу үшін тамаша мүмкіндік екенін атап өтті.
Мәселен, Степной ауылының тұрғыны Н.Каримова өтеусіз грант алу мәселесін көтерсе, сұрақтардың басым бөлігі жұмысқа орналасу мәселесіне қатысты болды. Сондай-ақ ауыл тұрғындары прокуратура өкілдерінен азаматтық алу және жайылымдық жерлерді қайтару мәселелері бойынша түсіндіріп беруді сұрады. Одан басқа ауыл ақсақалдары Степной ауылының атауын өзгерту мәселесін көтерді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.