ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ – ҚҰНДЫЛЫҚ

0

Парламенттік басқару жүйесіне көшкен елде халық үнін естуші мемлекет тұжырымдамасы алдыңғы міндет. Өйткені бұл әркім өз міндетіндегі жауапкершілікті атқаруға үндейді. Еліміздегі әрбір азаматтың Конституциялық Сотқа өз шағымымен баруына жол ашылды. Яғни, сот жүйесіне деген сенімділік пен заңға құрметті арттырудың арғы жағында қоғамдағы құқықтық мәдениетті, адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыруға серпін береді.

Халықтың құқықтық сауаты өспеген елде құқықбұзушылық азаймайды, қылмыс статистикасы төмендемейді. Егер әрбір қазақстандық мемлекеттің игілігі үшін қабылданып жатқан нормативтік актілерден хабары болып, өз құқығын қорғаудың заңды жолын білсе, әділетсіздікке тосқауыл болады. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың да жолы кесіледі. Ал әрбір азаматтың құқығы қорғалған мемлекет халықаралық деңгейге сай бәсекеге төтеп бере алады. Қалай? Қазір құзырлы орындардың табалдырығын тоздырып, аяқтан таусылып әділдік күткендердің көптігі, не болмаса алаяқтардың құрбаны болғандардың артуы сайып келгенде құқықтық сауаттың жоқтығы. Сол үшін құқықтық мәдениетті қалыптастырып, білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі қоғамның басты талабы. Бұл адамның жеке мүддесі тұрғысынан ғана емес, ішкі және сыртқы күрделі мәселелерді шешуде құқықтық мәдениетті қалыптастыру ісін қайта қарау маңызды. Ол үшін құқықтық білім беру, құқықтық сананы қалыптастыру, жауапкершілікті арттыру міндеттері алға шығуы тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында айтып өткендей, заң үстемдігі орнықпаса, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. Егемен елдің дамуында азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін дамытудың маңыздылығы осында болса керек. Мысалы, халық мүддесіне қатысты заң нормалары адамдардың санасы мен еркіне сүйеніп дайындалады. Сондықтан заң нормаларында белгіленген талаптарда адамдардың саналы әрі ерікті іс-әрекеттері нәтижесінде орындалады. Кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «закон шығарушылар халықтың қағидалы қалпын, салтын, мінезін жақсы білуі тиіс. Оны білмей шығарған закон халықтың түзелуіне емес, бұзылуына себеп болады» деген. Сол айтқандай, халықтың сана-сезімі ояу, құқықтық санасы қалыптасқан болса, заң шығарушылар елдің игілігін алдыңғы орынға қояды. Осылай қабылданған заң азаматтардың алтын қағидасына айналады. Мемлекет мүддесі үшін жұмыс істейтін құнды құжат болады.
Бүгінде мемлекет жүргізіліп жатқан құқықтық түсіндіру жұмыстарына, сондай-ақ оны жаңа сапалық деңгейге көтеру үшін нормативтік-құқықтық актілерге ерекше назар аударып келеді. Мәселен, құқық қорғау органдары қызметінің стратегиялық бағыттарының бірі азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, құқықтық үгіт-насихат көлемін және сапасын арттыру болып отыр.
Айталық, бүгінде ішкі істер органдары қоғамда аса өзекті бола түскен интернет алаяқтықтың артуына тосқауыл болудың сан түрлі айласын жүзеге асырып келеді. Соның ішінде азаматтардың құқықтық санасын арттыру маңызды. Өйткені киберқылмыс ақпараттық технологиялардағы соңғы жаңалықтардың есебінен күн сайын қуаттанып, жаңаланып жатыр. Яғни, қылмыс түрінің қозғалысына ІТ технологияның дамуы қалай әсер етсе, қылмыскер технологияны пайдакүнемдік мақсатқа солай пайдаланады. Сол үшін кез келген адам интернет арқылы тапсырыс бермес бұрын фейк пен жалған хабарландырудың мазмұнын ажыратуды үйрену өзекті. Өйткені қарапайым ғана құқықтық сауаттылықтың төмендігі тұтынушылардың опық жеуіне ұрындырып отыр. Мысалы, биылдың өзінде осындай 11 500 қылмыс тіркелген. Қазір құқық қорғау қызметкерлері интернеттегі ақпараттық қауіпсіздік негіздерін түсіндіріп келеді.
Сонымен қатар елімізде терроризм және экстремизм көріністеріне қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы, діни саладағы мемлекеттік саясатты түсіндіру және құқықтық біліктілікті арттыру бойынша жалпы халық арасында, мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау мен Қарулы Күштер қызметкерлерінің арасындағы жұмыстар да тиісті деңгейде жүргізілуде.
Елдегі діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қи мыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама мен дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2021-2023 жылдарға арналған тұжырымдамасы тиімді жұмыс істеп жатыр. ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Дархан Разуевтің айтуынша, министрлік жергілікті атқарушы және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп діни негіздегі жанжалдарды ескерту және профилактикасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын тұрақты негізде жүргізеді.
Сонымен қатар құқық қорғау органдарының қызметкерлері террористік тұрғыдан осал нысандардың басшылары мен қызметкерлерімен, сондай-ақ олардың күзетілуін қамтамасыз ететін күзет қызметімен нысандардың терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Тексеру барысында оларға заңнама талаптары, қажет болған жағдайда түрлі сабақ пен жаттығу өткізуді қолға алған. Мәселен, биыл бірінші жартыжылдықта осындай түсіндіру жұмыстарымен 6 мыңнан астам меншік иесі, ТТО нысандарының 28 мыңнан астам қызметкері қамтылыпты.
Түсіндіру жұмысының түпкі мәні зор. Себебі халықтың құқықтық мәдениеті жоғары болған сайын құқықтық нормалардың сақталуы мен мүлтіксіз орындалуы, іске асырылу деңгейі де жоғары болады. Заңның үстемдігі орнаған елде құқықтық талаптарды міндетті түрде мүлтіксіз орындау қажеттілігі туады. Егер құқықтық нигилизм жайласа, азаматтардың құқығы аяққа тапталып, ар-ожданы, қадір-қасиетіне қайшы келетін іс-әрекеттің артуына алып келеді. Түптеп келгенде, тәуелсіздік, мемлекеттік тұтастық идеяларын мойындамайтын сепаратистік көзқарастың да бой көрсетуіне түрткі болады. Тұлғаның жауапкершілігін арттыруды көздейтін кез келген мемлекет халықты тәртіпке үйретіп, еңбексүйгіштікке баулу үшін алдымен азаматтардың құқықтық білім беруіне көңіл бөледі. Өйткені заң үстемдігін қалыптастыру халықтың құқықтық мәдениетін дамытумен қатар жүретін процесс.

Leave A Reply

Your email address will not be published.