ЖЕҢІЛ ЖАЗА ЖЕЛІКТІРЕДІ

0

Ішкі істер министрлігі отбасылық зорлық-зомбылықпен күресу әдістерін өзгертпек. Ведомство басшысы Марат Ахметжановтың сөзінен ұққанымыз, тұрмыстық саладағы тирандардың ісіне тосқауыл қою үшін жуан жұдырықтарға жаңа жауапкершілік қарастырылады. Әйткенмен жазаның бұл түрі тиімді боларына күмән көп.

Бұдан бұрын Ішкі істер министрлігі отбасылық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен 10 адамның екеуі ғана полицияға шағымданатынын айтқан еді. Мәселен, былтыр 8 айда құқық қорғау органдарына отбасылық зорлық-зомбылық бойынша 130 мыңға жуық шағым түссе, соның 2,5 мыңы – қылмыстық, 30 мыңға жуығы – әкімшілік іс ретінде қа¬ралған. Қалған істер жәбірленушілердің өз арыздарынан бас тарту себебінен тоқтатылыпты. Бұл дегеніңіз 100 мың әйел әлі де отағасының ашса алақанында, жұмса жұдырығында қалғанын көрсетеді. Мәселен, былтыр төрт айда 46 901 адам полицияға жүгінсе, сотқа 8 мың іс қана жетіпті. Оның өзінде 4 мыңы ерлі-зайыптылардың мә¬мілеге келуімен аяқталыпты. Сонда тұрмыстағы тирандардың 10 пайызы ғана жауапқа тартылады. Алайда олардың арасында да өз ісіне опық жегендері некен-саяқ. Себебі көп жағдайда агрессор үш сағаттық профилактикалық әңгімеден соң үйіне қайтарылады. Ал жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құқықбұзушыларға қатысты қорғау нұсқамасын құлағына ілмейтіндер көп. Өкінішке қарай, жауапкершілікке тартылған жуан жұдырықтылар өткен іске өкінбек түгілі «ар-намысымды аяққа таптады» деген түсінікпен тұрмыстағы зорлық-зомбылығын екі есе үдетеді. Оның соңы әйелдердің «үндемеген үйдей бәледен құтылады» деген түсінікпен өмір сүріп, отбасындағы кикілжіңді өздері жасыруына алып келеді. Әйтпегенде қазір зорлық-зомбылықтың кез келген түрі әрбір сегізінші отбасында бар. Дағда¬рыс орталықтары одағының жетекшісі Зульфия Байсақованың айтуынша, бүгінде әрбір үшінші отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбір көріп келеді екен.
Қылмыстық істегі сот психологиялық сараптаманың мүмкіндіктері мен ерекшеліктері жөнінде талдау жасаған мамандар салдарынан жуан жұдырықтан жәбір көргендерден соғылатын қоңырау да, отбасылық кикілжіңнен кейін әйелдердің суицид жасайтын фактілері де жиілегенін айтады.

ЕРЕКШЕ БАҚЫЛАУДАҒЫ «ЕСКЕРТУ»

Ішкі істер министрінің айтуынша, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында тұрған адамға қатысты қосымша саралау белгісі енгізіледі. Яғни осы саладағы әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімінің төменгі шегін бес тәуліктен бастап белгілеу, сондай-ақ қайта құқықбұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімін 25 тәулікке дейін ұлғайту жоспарланып жатыр. Бұдан басқа, тұрмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеудің өтінімдіктен анықтау сипатына көшу болжанып отыр. Сонымен қатар сотта тараптардың татуласу рәсіміне қойылатын талаптар қатаңдатылады екен. Атап айтқанда, құқыққа қарсы іс-әрекетті қайта жасаған кезде тараптар татуласа алмауы мүмкін. Сондай-ақ зардап шеккендерге психологиялық қысым көрсетудің қатал тәжірибесін тоқтатуға мүмкіндік берілмек.
Ал түсіндіру жұмысын түсінбейтіндер мен қорғану нұсқамасын құлағына ілмейтіндер үшін ескерту түріндегі әкімшілік жаза¬лау шараларын қоғамдық жұмыстарға ауыстыру мәселесі пысықталуда. Бұл тұрмыстағы тирандарды көшелерді, қоғамдық аумақтарды тазалау, жолдарды салу және жөндеу, қала аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру, сондай-ақ басқа да әлеуметтік пайдалы жұмыстарға тартуды көздейді. Министр мұндай жазаның түрі ықтимал бұзушыларды өзінің мінез-құлқын бақылауға барынша тиімді боларына сендіреді.

ҚОРЛЫҚҚА КӨЗ ЖҰМАТЫНДАР КӨП

Күйеуі әйеліне қол көтерсе, жәбірленуші «102» каналына, не болмаса ұялы телефон арқылы SOS мобильдік қосымшасы арқылы хабарлама жіберуге болады. Заңға сәйкес жәбірленушінің арыз-шағымы бойынша қорғау нұсқамасы шығарылып, агрессордың 30 тәулік ішінде жәбірленушіге телефон немесе ауызша сөйлесуіне, басқа да әрекеттерге баруына тыйым салады. Ары қарай бұл отбасы учаскелік полиция инспекторының бақылауында болады. Сондай-ақ аптасына бір рет учаскелік полиция инспекторы құқық бұзушымен жұмыс жүргізеді, не болмаса агрессорды полиция учаскесіне шақыртып, түсіндіру жұмыстары жүреді. Кейбір жағдайда полицейлер сол отбасына барып, жағдайды бақылауда ұстауы тиіс.
Ал тұрмыстық құқықбұзушылық кезінде әйел адамның денесінде жарақат болса, онда бірден сот-медициналық сараптама жасалады. Денсаулыққа келген зиянның деңгейі анықталған соң заңға сәйкес шара қолданылады. Егер қасақана жеңіл зиян келтірсе, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің баптарына сәйкес іс қаралады. Өйткені отбасындағы жұдырықтан болатын дене жарақаты көп жағдайда әкімшілік құқықбұзушылық болып есептеледі. Бетін көгертіп, шашынан сүйреу немесе тепкінің астына алу денсаулыққа жеңіл зиян келтіру болып есептеледі. Тек қолы мен қабырғасы сынып, саусағы шықса – орташа, басын жарып, пышақ жарақатын жасаған жағдайда ғана қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің аға инспекторы Гүлмира Шрахметованың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейту аса маңызды болып отыр. «Себебі, күнделікті БАҚ, әлеуметтік желілерден отбасындағы жайттар қоғамдық резонанс тудырып жатқандығына куә болып жүрміз. Алайда заңда оны жазаға тарту нормасы осал болғандықтан, құқықбұзушылықтың соңы кейбір жағдайларда қылмысқа ұласып жатады. Сол себепті жазаны күшейту аса маңызды. Атап айтсам, қолданыстағы Әкімшілік құқықбұзушылық кодекс нормаларындағы қамау мерзімдерін ұлғайтып немесе орнына қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылса құпа-құп», – дейді ол. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде жасалған қылмыстардың артуына әйелдердің күйеулерін кешіріп, істің ары қарай сотқа барғанын қаламайтынынан болып отырған көрінеді.
– Өзара татуласады немесе әйел адамға туыстары ықпал етеді. Көп жағдайда отбасының асыраушысы сотталып кетсе, «бала-шағаны кім асырайды, қалай күн көреміз, балаларды әкесіз қалай өсіремін» деген үрей басым. Биыл 8 айдың қорытындысы бойынша елордада отбасы тұрмыстық салада 44 қылмыс жасалды. Бұл сан былтырмен салыстырғанда 26 пайызға ұлғайғанын көрсетеді. Мысалы, осы 8 айда 5 300-ге жуық қорғау нұсқамасы шығарылып, 2 600-ден ас¬там тиран әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Дегенмен отбасындағы кикілжіңге көз жұмып, зорлыққа көніп жүргендер көп, – дейді Гүлмира Тілеуғалиқызы.

СОТТАЛҒАНДАР ҮШІН ЖАСАЛҒАН ҚАДАМ

Заңгер Айман Омарова жауапкершіліктің жаңа тәсілі тиімсіз екенін жеткізді. Себебі, бұл тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түбіне үңілу емес, болған іске жаза беру ғана. «Құқықбұзушылықтың астарында не барына үңілу керек. Бізге қазір сонымен күресу керек. Екіншіден, 15-20 тәулікке, тіпті одан көп уақытқа қоғамдық жұмысқа тартылса да, олар өздерін «жазаланып жатырмыз» деп ойламайды. Меніңше, бұл жаза да тым жеңіл. Сол үшін бұл айтарлықтай нәтиже бермейді», – дейді заңгер.
Сондай-ақ Айман Омарова министрліктің бұл ұсынысы тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайтуды емес, сотталғандардың санын көбейтпеу үшін жасалған қадам деп санайды. Өйткені, жауап¬кершілікке тартылған-дар¬дың әрбір екіншісі – әйеліне жәбір көрсеткендер.
– Бүгін ғана Жауғаштыдан келе жатырмын. Сол жердегі Баян Кенганова деген әйелдің бүкіл өмірі зорлық-зомбылықпен өткен. Бірақ әйелін тепкінің ас¬тына алған еркектің қолына кісен салынбаған. Соңғы рет күйеуі әдеттегідей әйелін көкала қойдай сабап, үсті-басын пышақпен тілімдеген. Сол кезде әйел адаммен алысып жатқанда пышақ күйеуіне тиіп қайтыс болады. Қасақана өлтірмеген, өзін қорғау үшін абайсызда күйеуін өлтіріп алған бес баласы бар сол әйел түрмеге қамалды. Сот үкімі шыққанда бір баласы омырауда еді. Қазір өзі түрмеде, төрт баласы Бағанашылдағы балалар үйінде, ең кішкентайы сәбилер үйінде жатыр. Қазір өз-өзін қорғау үшін әйелдер небір аянышты жағдайға барады. Полицияға сенім жоқ. Баян Кенганованың ісін қараған тергеушілер – ер адам, сот шешімін шы-ғарған да – ер адам. Олар қайтыс болған ер адамның құқығын қорғап, әйелдің қорғану барысында абайсызда жасаған ісін алдыға тартпастан 8 жылға соттап жіберген. Бұл біздегі құқықбұзушылыққа жеңіл санатты белгілеу арқылы, ауыр және аса ауыр қылмыстың артуына алып келіп отырғанын көрсетеді, – дейді заңгер.
Сондықтан ол «денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» дегеннің өзі қайта қаралғаны дұрыс дегенді айтады. Өйткені жеңіл деп санаған құқықбұзушылық күндер¬дің күнінде екі тарапты ауыр қылмысқа апаруы мүмкін. Екіншіден, мектептен бастап балаларға өз құқықтарын айтып, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы кеңінен түсіндіру жұмысы жүргізілгені жөн. Айман Омарованың айтуынша, әйелдердің таяқ жеп жатса да күйеуінен кете алмауына барар жері, басар тауы жоқтығы себеп болады екен. Сол үшін заңгер қыз балалар шаңырақ құрып, балалы болуға жоспарлы түрде барғаны дұрыс деп санайды. Сол үшін қыздардың 9-сыныптан бастап кәсіби білім алуын міндеттеп, мамандығы бар деген бір жапырақ қағазын қоса алып шығуына мүмкіндік берілгені жөн-ақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.