ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ ҚЫСПАҒЫ

0

Өткен жылдың желтоқсан айында Премьерминистрдің орынбасары Қанат Бозымбаев 2026 жылғы вегетация кезеңіне дайындық мәселелеріне арналған жиын өткізіп, оған су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, су шаруашылығы ұйымдарының өкілдері қатысқан болатын. Аталмыш басқосуда трансшекаралық судың келу болжамдары және алдағы суару кезеңінде су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету шаралары талқыға түсіп, шаруаларға су тапшылығы қаупін азайту үшін су үнемдеу технологияларын енгізудің маңыздылығы және ылғалды көп қажет ететін дақылдарды азайту қажеттігі айтылған болатын.

Яғни, шаруаларға белді бекем бууға тура келіп отыр. Осы тақырып аясында 14 қаңтар күні Степное ауылдық мәдениет үйінде сол аймаққа жақын орналасқан бірнеше округтің шаруаларымен аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев кездесу өткізді. Жиынға ауыл шаруашылығы бөлімі, су шаруашылығы өкілдері, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Кездесу өзегі – алдағы вегетация кезеңіне қазірден дайындықты пысықтау.

«Жалпы оңтүстік өңірлерде бірнеше жыл қатарынан су тапшылығы орын алып отыр. Оны өздеріңіз де байқап, сезініп жүрсіздер. Былтыр көршілес Қырғыз Республикасымен 13 текше метр суға келісім жасалған болатын. Алайда оның өзі толықтай бізге жеткен жоқ. Ал биыл келісім 10 текше метр көлемінде болмақ. Бұл дегеніміз суармалы су жетіспеушілігі тіпті күрделене түспек. Осыған байланысты шаруалардан биылғы жылы суды аз тұтынатын дақылдарға көшуді ұсынамыз. Өйткені шаруаның шығыны орасан болуы мүмкін. Қазірден бастап ылғалды аз тұтынатын дақылдарды жоспарлаған абзал. Қазіргі таңдағы бір анық дүние су жетпейді», – деді Жұлдызбек Төленұлы.

Кездесу барысында шаруалар тарапынан түскен сұрақтарға да нақты жауаптар берілді. Сонымен қатар дақылдарға қауіп төндіретін зиянкестерден арылу, олардың көзін жою, былтыр атқарылған жұмыстар жайында в Қордай аудандық фитосанитариялық инспекциясының басшысы Талант Әлмежанов пен мекеме қызметкерлері толыққанды түсініктеме беріп өтті. Осыған дейін тек бірнеше округте кездескен зиянкестер, оның ішінде ең қауіптісі – шегірткелер, қазір 14 округтен анықталған. Солардың көзін жою үшін шаруаларға алдын ала хабар беру қажеттігі айтылды. Өнімді сақтап қалудың бірден-бір жолы осы екені жеткізілді.

Жиын барысында суармалы суды бөлу, шаруалар мен су шаруашылығы арасындағы келісімшарт жасаудың жаңа тәсілі турасында «Қазсушар» РМК аудандық бөлімшесінің басшысы Мақсұт Ершібұлов түсініктеме беріп өтті.

Жоғарыда атап өткенміздей, Премьер-министрдің орныбасары Қ.Бозымбаев өткізген жиында мынадай да мәліметтер келтірілген болатын: «Ашхабадта өткен Орталық Азия елдерінің Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында 2026 жылы су келу көлемінің азаюы туралы болжам жасалды. Тоқтоғұл су қоймасының деңгейі рекордтық төмен көрсеткішке жету қаупі бар. Қазақстанның оңтүстігінде көктемнен бері жауыншашын болған жоқ. Өкінішке қарай, бұл аймақтың барлық мемлекетінде кездесіп отырған табиғи процесс. Осыған байланысты су үнемдеу технологияларын белсенді түрде енгізу және ылғалды көп қажет ететін дақылдарды егу лимиттерін қайта қарау өзекті болып отыр. Жаңа лимиттер 2026 жылғы вегетация кезеңіндегі күтілетін 10 млрд текше метр су көлемін ескере отырып есептеледі. Сонымен бірге лимиттердің сақталуы қатаң бақылауға алынады. Құқық бұзушылар кейін мемлекеттен мүмкін емес нәрсені талап етпеу үшін барлық жауапкершілікті түсінуі керек».

Негізінен қордайлықтар су алатын Қырыз еліндегі «Тоқтоғұл» су қоймасының жағдайы қазір де мәз емес. Су жиналмаған.

Жалпы, соңғы жылдары шаруаларды қыспаққа алған құрғақшылық биылғы науқанда да жалғасатыны айдан анық. Табиғаттың осындай жағдайы алдында мемлекет те дәрменсіз. Соны ұғынған абзал. Сондықтан суды аз тұтынатын дақылдарға көшу қазіргі уақыттың қатал талабы болып тұр.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.