Қордай ауданы әкімдігінде «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті.
Жиынға «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі, облыстық мәслихат депутаты, партия филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Жұмахан Танкебаев бастаған кеңес мүшелері, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары қатысты.
Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі, адалдық қағидаттары және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Алғашқы болып сөз алған кеңес мүшесі Қасымхан Төлендиев партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының іске асырылуы, Президенттің сайлауалды бағдарламасының орындалуы, сондай-ақ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы мен Мемлекет басшысының «Адал азамат» және «Заң мен тәртіп» қағидаттары туралы кеңінен сөз қозғады.
Аталған тақырып аясында ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы Қордай ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев баяндама жасап, кеңес мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Жандос ОМАРОВ