ҚҰТҚАРУ ПУНКТІ АШЫЛМАҚ

0

Былтырғы жылдың желтоқсан айында Қордай асуындағы болған қатты боран жұртшылықты әбігерге салғаны әлі ел есінде. Табиғат тосын мінез танытқан тұста азаматтарға дереу көмек көрсету мақсатында «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автожолының 205-ші шақырымында құтқару пунктін ашу мәселесі туындап, оны дереу іске асыру бойынша жұмыстар бастау алды.

Осы орайда ауданға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров арнайы келіп, аудан әкімі Бегзат Болатбековпен бірге құтқару пунктін орналастыру, онда қандай жедел көмектер көрсетілетін болады және өзге де мәселелер бойынша көшпелі кеңес өткізді.  Кеңеске  төтенше жағдай, жер қатынастары, құрылыс, ТҮКШ және АЖ бөлімінің мамандары қатысып,  Соғанды ауылына бұрылыс маңында орнату қажеттігіне тоқталды. Ендігі кезекте осы жерге электр желісі тартылып, пункт орны тегістелетін болды. Жұмыстар жақын арада қолға алынады.

Модульді құтқару пункті төтенше жағдайлар туындаған кезде немесе ауа райының қолайсыздығы кезінде азаматтарға қажетті көмек жиынтығын алуға мүмкіндік береді. Ол жерде құтқарушылар, медицина қызметкерлері кезекшілікке шығып, дер кезінде көмек көрсетуге дайын болып тұрмақ.

Аудан әкімі мүмкіндік болса құтқару пунктінің жанынан ауыр техниканы да орналастыратын орын дайындау қажеттілігін алға тартты. Нұржан Сәбитұлы қажетті жобалық құжаттарын дайындап, жұмысты дереу бастау қажеттігін тапсырды.

Осы күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Бәйтерек ауылындағы салынып жатқан 150 орындық мектептің құрылысымен де танысты. Биыл қолданысқа берілетін білім ошағы бойынша жауапты мамандар есеп беріп, Нұржан Календеров бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.