БІРЫҢҒАЙ УАҚЫТ БЕЛДЕУІН ЕНГІЗУДІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

0

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен еліміз бойынша бірыңғай уақыт белдеуін енгізуге қатысты жиын өтті.

Басқосуға ҚР Сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу бойынша жұмыс тобының мүшесі, ғалым-биотехнолог Әмір Қуат және өңіріміздің бірқатар қоғам белсенділері, мәслихат депуттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы еліміз бойынша бірыңғай уақыт белдеуі белгіленуі – уақытты тиімді әрі дұрыс жоспарлауға оң әсерін тигізетінін атап өтті.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаевтің айтуынша, елімізде уақытты есепке алу мәселесі бұған дейін бірнеше рет көтерілгенімен, тек былтырғы жылдан бастап қана егжей-тегжейлі зерделене бастаған. Ол өз сөзінде өткен жылы мемлекеттік органдар мен ғылыми институттардың өкілдерінен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылғанын жеткізіп, елімізді бірыңғай уақыт белдеуіне көшіру туралы арнайы есебінің қорытындысы ел Үкіметіне жолданғанын айтты. Кейіннен, ашық үкімет порталында «Қазақстан Республикасы аумағындағы уақыт есептеу тәртібі туралы» Үкімет қаулысына тиісті түзетулер жобасы жарияланған.

Ал, ғалым-биотехнолог Әмір Қуаттың пікірінше, UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді, бұл биологиялық ритмдар мен адам денсаулығына кері әсер етеді. Оның сөзінше, уақыт белдеуін табиғи уақытқа сәйкестендіру қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуда маңызды рөл атқарады.

Облыс әкімі жауапты тұлғаларға уақыт белдеуіне қатысты өзгерістер жөнінде халықты ақпараттандыру шараларын жан-жақты жүргізу керектігін баса айтты.

Еске салсақ, өткен жылдың желтоқсан айында сарапшылар 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні сағат 00-00-де Астана уақытымен бірдей облыстар мен қалалардағы уақытты бір сағатқа (UTC+5) ауыстыруды ұсынған болатын. Жалпы, қазіргі таңда елімізде UTC+5 және UTC+6 екі уақыт белдеуі қолданылады.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.