ҚАҚПАТАСТА ДУМАНДЫ ТОЙ

0

Ауданымызда тұрғындарының ауызбіршілігімен ерекшеленетін ауылдық округтердің бірі Қақпатаста Ұлыстың Ұлы күні ерекше тойланды.
Мерейлі мерекені ауылдың сыйлы ақсақалдары ақ батамен ашты. Одан кейін сөз алған Қақпатас ауылдық округінің әкімі Әсет Сапарбай тұрғындарды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Бұл күні ауа райы да мейірін төгіп, халық көтеріңкі көңілде жүрді. Мейрамды тойлауға келген көпшілік наурыз көже, қымыз, өзге де ұлттық тағамдардан дәм татып, бір-бірін жаңару мерекесімен құттықтады. Данакөз қариялар мен ақжаулықты әжелер мерекенің сәнін кіргізсе, ауыл өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасы думанды қыздыра түсті. Ауыл жастары мен балалар алтыбақан теуіп, асық ойнап, өзге де ұлттық ойындардан бақ сынасты. Сондай-ақ, әз-Наурызға орай ат спорты ойындары да ұйымдастырылып, аттың құлағында ойнайтын ауыл жігіттері тартысты ойын көрсетті.
Айта кетейік, Қақпатаста жыл сайын Наурыз мейрамын ұйымдастыру, қаржылай қолдау жұмыстарын әр жылғы түлектер өз мойнына алуды дәстүрге айналдырған. Биылғы мерекені 1983 жылы туған азаматтар дүркіретіп өткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.