ҚАҢҒЫБАС ИТТЕР КӨБЕЙІП БАРАДЫ

0

Кейінгі уақытта Қордай ауылының аумағында қараусыз, иесіз жүрген иттер мен мысықтардың күрт көбейгені байқалуда. Бұл мәселе бойынша Қордай ауылдық округі әкімі аппараты және Қордай ауданының ветеринариялық станциясы мекемесінің қызметкерлері бірлесе отырып осы ит-мысықтарды аулау жұмыстарын жүргізуде. Өкінішке орай, осы қалыптасқан өзекті мәселеге байланысты істелініп жатқан іс-шаралар ойлағандай нәтиже берер емес, өйткені, қаңғыбас иттер мен мысықтың саны азайған жоқ.

Құрметті ауыл тұрғындары, қаңғыбас иттер мен мысықтардың көбейіп кетуін текқана жергілікті атқарушы органның жауапкершілігіне сілтеп қою дұрыс көзқарас емес деп ойлаймыз. Ауыл аумағында қаңғырып жүрген иттер басқа жақтан көшіп келген жоқ, бұлардың бәрі осы өзіміздің ауылдағы тұрғындардың иттер мен мысықтарды ұстау ережелерін сақтамай, яғни жануарларды ұстаушы иелері оны байламай, қадағаламай бос қою нәтижесінде туындап отырған күрделі мәселе болып отыр. Кейбір азаматтар үйлеріндегі ит пен мысықты асырай алмай, оған тамақ таба алмай көшеге босатып жіберуінің салдарынан қаңғыбас иттер көбеюде. Екі итін бірдей бос қоя беріп, «ауылда қаңғыбас иттер толып жүр ғой» деген азаматтар да болған. 2022 жылы осы қаңғыбас, қараусыз жүрген жабайы иттердің шабуылынан аудан бойынша 84 адам зардап шегіп отыр, бұл өкінішті статистика. Құрметті ауыл тұрғындары, егер көршілеріңіз итін байламай немесе бос жүрген иттің иесін танитындай жағдайда, біздің сенім телефон (8 726 36 2 14 41) нөміріне хабарласуыңызға болады, себебі қабаған иттер сіздің жақындарыңыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Осыған байланысты сіздерге жергілікті атқарушы органның осы мәселеге байланысты жауапкершілігімен қатар ауыл тұрғындарының жауапкершілігін айтып кетуді жөн көріп отырмыз. Бұл дегеніміз жануарлар иелері өздерінің тұрғын үй ауласында иттерді байлап ұстауға міндетті. Жануар иесі осы талапты орындамаған жағдайда ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 729 бабының 3 тармағына сәйкес айыппұл салынады.
Құрметті ауыл тұрғындары, мемлекетіміз өз азаматтарының алдында қойылған жүздеген, мыңдаған міндеттерін тиісті заң аясында орындауға дайын, орындап та жатыр, енді азаматтар мемлекеттің алдында саусақпен санар міндеттерін саналы түрде орындауға шақырамыз.

Қордай ауылдық округі
әкімі аппараты

Leave A Reply

Your email address will not be published.