«Қаным – дүнген, жүрегім — қазақ»

0

Масаншы ауылына кіре берісте ауқымды құрылыс басталып кетті. Ауылдық округ әкімдігі аппараты хабарлағандай, жергілікті кәсіпкер Исмаил Уджур жалпы көлемі 3 гектар болатын бордақылау базасының құрылысын қолға алған.

-Бұл ірі-қара малды жеммен, сумен қамтамасыз ету, температуралық режимді сақтау және т.б. автоматтандырылған жүйелерді пайдалана отырып, мал бордақылауға арналған заманауи мамандандырылған кәсіпорын болады, — деп бөлісті жоспарымен Исмаил Керимович.

Мұндай базалар бордақылаудың тиімділігін арттыруға, мал ұстау жағдайын жақсартуға және еңбек шығынын азайтуға, сонымен қатар малды көптеп бордақылауға мүмкіндік береді. Кәсіпкер 500-ден 1000 басқа дейін мал бордақылау алаңдарын салуды көздеп отыр.

«Щенхо» Уджур отбасылық шаруа қожалығы «колхоздық аймақтың» ірі ауылшаруашылық құрылымдарының бірі болғандықтан, Исмаил жем-шөп проблемасы болмайтынына сенімді. Шаруашылық дәнді және бұршақ дақылдарын өсіруге, оның ішінде тұқым шаруашылығына бағытталған. Шаруашылықта қажетті техниканың бәрі бар. Жиырмаға жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған.

Қазір бордақылау базасының «А» секторының іргетасы қаланды, олар бұл учаскедегі құрылысты күзге дейін аяқтап, 500-ге жуық ірі қараны бордақылауды көздеп отыр. Келесі секторда мүлде жаңа технология бойынша қошқарларды ұстау және ұсақ мал басын көбейту ниеті бар. Барлық жануарлар жемді таратуға және қалдықтарды жинауға ыңғайлы болу үшін тапшандарда тұратын болады. Бұл температура режиміне де әсер етеді. Жемді 16 текше метрлік жем тарату техникасы үлестіреді, ал көңді конвейер режимінде жинап, одан кейін шаруашылықтың егіс алқаптарына себілмек.

Кәсіпкердің айтуынша, мамандардың көмегімен құрылыс алаңын жоспарлау кезінде малдың иісі жергілікті тұрғындарға қолайсыздық тудырмайтындай етіп есептелген. Олар тіпті қыста күн сәулесі түсіп, қар тез еруі үшін ауа райын зерттеген. Құрылыс алаңының өзі Қарасу-Масаншы тас жолынан 40 метр жерде орналасқан. Мұнда автокөліктер мен жүк көлігі жүргізушілеріне жағдай жасау туралы шешім қабылданды: автотұрақ, қонақ үй, дәмхана салынбақ…

-Жем, дәрумендер, тұз, кальций және барлық табиғи өнімдер араластырылатын тағы бір ғимарат жем сақтау үшін қарастырылған, — дейді Исмаил Керимович. — Мақсатымыз – қолжетімді бағада сапалы ет өндіру. Ол үшін өзіміздің зертханамыз, ветеринарлық қызметіміз болады. Базаны барынша автоматтандыруды көздеп отырмын, осы мақсатта Жапонияда білім алдым, Қытай мамандарымен байланыстамын, Еуропаның жетекші елдеріндегі бордақылау базаларының жұмыс әдістерін зерттеймін. Біздің есеп бойынша ТМД елдерінде мұндай бордақылау базалары жоқ. Бастапқыда 200-250 миллион теңге саламын деп жоспарлағанмын, соңғы есеп бойынша 500 миллионға жуықтайды. Маған көрші ауылдардың тұрғындары хабарласып, бордақылау базасын қандай стандартпен салу керектігі жөнінде кеңес сұрайды. Әрине, айтарлықтай үлкен кешен емес,  шамамен 200 басқа арналған. Мен әрқашан көмектесуге дайынмын, қордайлықтар мал шаруашылығының қыр-сырын үйренген сайын, өміріміз де соғұрлым жақсы болады. Бұл сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз.

И.Ужур жергілікті жігіттерді корейлерден жылыжай шаруашылығын жүргізуді үйрену үшін Кореяға жіберуді көздеп отыр. Өйткені, Қордай – ауыл шаруашылығына бағдарланған өңір.

-Жылыжайлар белгілі бір маусымда ғана емес, жыл бойы жұмыс істеуі керек. Сонда ауданды табиғи көкөністермен, жасыл өсімдіктермен қамтамасыз етеміз. Ауданымыз қызанақ, қияр, микро жасыл өсімдіктерді республика бойынша және басқа республикаларға экспорттап бастаған елестетіп көріңізші.  Мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, орман және аквашаруашылық байырғы деңгейіне оралуы тиіс деп ойлаймын. Дәлірек айтқанда, біз оны ата-бабаларымыз өсірген дәстүр бойынша – пестицидтер мен зиянды қоспаларсыз өсіруіміз керек. Үлкен бассейн салып, жабайы тұқы өсіруді де жоспарлап отырмыз. Ең бастысы, дұрыс өсуді үйреніп, басқаларға үйрету. Нәтижесінде 2030 жылға қарай 200-300 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде.

Кейіпкеріміздің айтуынша, Масаншыда жергілікті кәсіпкерлердің бірегей тобы құрылған. Бизнес өкілдері оқтын-оқтын бас қосып, жергілікті мәселелерді талқылап, тұрғындарға жағдай жасау үшін қандай жаңа кәсіп түрлерін салуға немесе ашуға болатынын ақылдасады.

Жас әрі іскер Исмаил мамандығы бойынша араб және орыс тілдерінің аудармашысы. Шетелде білім алған. Еліне оралған жергілікті аруға үйленіп, бүгінде отбасында ұлы мен қызын тәрбиелеуде. Исмаил өзі өте белсенді, позитивті адам. Ол басқа елдерге жиі сапарға шығады. Жаңа кәсіп жайлы білуге құштар, жаңалықтарға қызығушылық танытады. Сонымен қатар сұхбат берушінің сөзінен туған жерін шексіз сүйетінін түсіну қиын емес.

– Қаным – дүнген, жүрегім – қазақ екенін қайталаудан жалықпаймын. Балаларымды  да осы рухта тәрбиелеп келемін. Шет мемлекеттерге қанша сапар шексем де, Қордайға жетпейді-ау. Сондықтан туған жеріме пайдалы іс жасап, ауыл шаруашылығын дамытып, ісін жаңадан бастағандарға көмектесіп, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткім келеді.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.