ҚАРАПАЙЫМ ҒҰМЫР – ҮЛКЕН ӨНЕГЕ

0

Таңғы шық кеппей жатып тіршілікке араласқан, күн батқанша дамыл таппаған жандар бар. Олар атақ қумады, мінберге ұмтылмады. Бірақ солардың маңдай терімен ауыл еңсесін тіктеп, елдің ырысы еселенді. Көгадыр ауылының тумасы, еңбек ардагері МІНІСҚҰЛОВА КУБИРА апаның өмір жолы – адал еңбектің, төзім мен табандылықтың айқын үлгісі.

Кубира апа 1939 жылы дүниеге келді. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. «1940 жылы әкем соғысқа кетті», — дейді апа өткенді еске алып. Әкенің орны ойсырап тұрған, елдің бар салмағы әйелдер мен балалардың иығына түскен ауыр кезеңде еңбекке ерте араласуға тура келді. 1956 жылы небәрі 17 жасында тұрмысқа шығып, ауыл тіршілігінің бел ортасына біржола енді.

1957 жылдан бастап совхоз жұмысын атқарды. Ол кезде «жассың» деп аяйтын, «кәрісің» деп шеттететін уақыт емес еді. Кімнің қолынан не келеді, соған жегілетін. Кубира апа шөп жинауға да шықты, өнім тиеу-жүктеу жұмыстарын да атқарды, егін себу науқанына да қатысты.

«Көктемгі дала жұмыстары кезінде тұқым себу науқанына шығатынбыз. Бір трактордың артында үш тұқым сепкіш тіркелетін. Тұқымның дұрыс түсуін бақылап, бір тұқым сепкіштен екіншісіне ауысып жүретінбіз», – дейді ол сол бір қарбалас күндерді еске алып.

Бұл бүгінгі ұрпақ үшін ертегі секілді көрінетін, ал сол дәуір адамдары үшін қалыпты еңбек ырғағы еді. Кубира апа үшін «істемеген жұмысым жоқ» деген сөз – жай тіркес емес, тұтас бір ғұмырдың айғағы. 1968 жылдан бастап «Жаңатұрмыс» совхозында сауыншы болып еңбек етті. Малдың жайын бағып, таңмен таласа тұрып, қара кешке дейін қорадан шықпайтын кездер аз болмады.

Ол жылдары декреттік демалыс деген ұғым бола бермейтін. «Ұлымды дүниеге әкелгеннен кейін қызылша алқабында да еңбек еттім», — дейді апа сабырмен. Бұл сөздің өзінде аналық мейірім мен еңбекке деген жауапкершілік қатар сезіледі. Ана да, жұмысшы да бола жүріп, ол өз міндетін мінсіз атқарды.

Кубира апаның өмірлік серігі Төлеулі Мінісқұлов та ел еңсесін көтерген еңбек иелерінің бірі еді. 45 жыл бойы жүргізуші болып, ауыр жүк көлігін тізгіндеді. «Газ-53» көлігімен талай жүктің діттеген жеріне жетуіне себепкер болды. «Жүргізушілердің алды болып жүрді», — деп еске алады апа жарының еңбегін мақтанышпен. Өкінішке қарай, отағасы 2012 жылы дүниеден өтті. Бірақ оның адал аты, еңбегі ел жадында қалды.

Екі еңбеккер бір шаңырақтың астында 5 бала тәрбиелеп өсірді – 4 ұл, 1 қыз. Бүгінде сол ұрпақтан тараған 16 немере, 21 шөбере бар. «Барлығы өніп-өсті, шүкір», — дейді апа. Бұл – маңдай тердің, адал ас пен адал тәрбиенің жемісі.

1989 жылы зейнетке шыққан Кубира апаның еңбегі бір қаулыға, бір марапатқа ғана сыймайды. Оның өмірі – ауылдың тарихы, совхоздың шежіресі, тұтас бір дәуірдің айнасы. Еңбек адамын ұлықтау – дәл осындай тағдырларды дәріптеу. Себебі елдің ертеңі осындай жандардың қолымен қаланды.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.