Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың жыл сайынғы халықпен кездесуі өтіп, дәстүрлі шара Қарасай ауылдық округінен бастау алды. Бұл жиын жергілікті тұрғындарға округтің әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Кездесуге, сондай-ақ, аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков, полиция бастығы Бауыржан Үдергенов және ауылдық округ әкімі Мақсат Алтымбеков қатысып, өз салалары бойынша есеп берді.
Кездесудің басында аудан басшысы Бегзат Болатбеков ҚР Конституциясына енгізілген соңғы өзгерістер туралы сөз қозғады. Ол бұл өзгерістердің әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау және дамыту мақсатын көздейтінін атап өтті. Сондай-ақ, бұл түзетулердің халыққа, әсіресе, жұртшылықтың мемлекеттік басқаруға қатысуына маңызды екенін айтты. Әкім, Конституцияның жаңа редакциясымен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайту және мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жанданатынын айтты.
Әрбір өзгеріс елдің демократиялық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған және адам құқықтарын қорғауды басты назарда ұстайды.
Алғашқы сөз округ әкімі Мақсат Алтымбековке ұсынылып, өткен жылғы жұмыстар жайында баяндады. Ол ең алдымен, инфрақұрылымдық жобаларға тоқталды.
Оның айтуынша, өткен жылы ауылдық инфрақұрылымды дамыту және өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында, Қарасай батыр ауылында жаңа балалар ойын алаңы нысанының құрылысы атап айтқанда, 20 сотық жер учаскесінде құны 38 миллион теңге болатын заманауи балалар ойын кешені салынды.
Сонымен қатар, Қарасай ауылдық округіндегі әкімдік ғимараты 1960 жылы салынған, жарты ғасырдан астам тарихы бар әкімдік ғимараты алғаш рет жөндеуден өтті. Әкімдік ғимаратының алдында орналасқан Ұлы Отан Соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке ағымдағы жөндеу және реконструкция жұмыстары жүргізілді.
Ауыл тұрғындарының мәдени демалысы мен көрнекті орындарды тамашалауына қолайлы жағдай жасау мақсатында субұрқаққа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, іске қосылды.
Кездесу барысында аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков құқықтық тәртіп пен заңсыздықтармен күресу бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, құқық қорғау органдарымен бірлесе атқарған жұмыстар нәтижесінде заңбұзушылықтар санының төмендегені байқалады.
Полиция бастығы Бауыржан Үдергенов тұрғындарға қауіпсіздік пен тыныштықты сақтау мақсатында қабылдаған шараларымен бөлісті. Ол криминогендік жағдай, қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындармен тығыз байланыс орнату үшін жүргізілген профилактикалық жұмыстардың маңыздылығын атады. Кездесуде азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жоспарланған іс-шаралар мен жобалар туралы да ақпарат берілді.
Бұл басқосуда аудан тұрғындары өздерінің сұрақтарын қойып, пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды.
Кездесу соңында Бегзат Болатбеков ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты нұсқаулар беріп, тұрғындардың барлық ұсыныстары мен пікірлерін назарға алатындығын айтты. Тұрақтылық пен дамуды қолдауға бағытталған жұмыстардың жалғасын табатынына сендірді. Сондай-ақ, халықпен тікелей байланыс орнату, олардың мәселелерін тыңдау және шешу мүмкіндіктерін қарастыру – аудан әкімдігінің басты міндеті екендігін атап өтті.