Қазақ халқының бұрынғы заманнан жалғасып келе жатқан ізгі де, өнегелі қасиеттерінің бірі – қарттарға көмек көрсету, оларды құрметтеу екені рас. Қазіргі кезде де елімізде қарияларға деген қамқорлық еш кеміген емес. Мемлекет тарапынан осы бағытта ауыз толтырып айтатын істер атқарылып келеді.
Осы ретте 29 сәуір күні Қордай ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімі Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері және ерікті жастар, студенттер №7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына барып, аумағын абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, қарияларға құрмет көрсетті. Бұл істі жастар Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Таза Қазақстан» атты 5 апталық республикалық экологиялық акциясында «Өнегелі ұрпақ» атты тақырыпта атқарды.
Акция барысында «Жастар ресурстық орталығының» директоры Расул Беделбаев сөз сөйлеп, аға буын өкілдеріне көмек көрсету, үлкенді сыйлау ізгі парызымыз екенін атап өтті. Жастар ата-әжелердің қалдарын сұрап, сөйлесіп, көңілдерін көтеруге барын салды.
— Жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету тек мемлекет тарапынан ғана емес – бүгінгі жас буынның басты парызы екенін де ұмытпаған жөн. Президенттің бастамасына қолдау көрсете келе, осындай ізгілікті істер жалғасын табатынына сенімім көп, — деді Расул Беделбаев.
Өз кезегінде қариялар жастардың ісіне ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.