ҚАЙНАР – ДӘСТҮРЛЕР ТОҒЫСҚАН МЕКЕН

0

Қайнар – ауданымыздағы ең көп ұлтты ауыл. Ұлттық құрамы шағын мекен үшін таң қалдырарлықтай: қазақтар мен орыстар, дүнгендер мен әзірбайжандар, түріктер мен күрділер, татарлар мен украиндар…

Ғасырлық тарихы бар ауыл алдымен Будённый атындағы колхоз болып құрылған. 1956 жылы колхоз астық совхозына айналып, 1964 жылы ол кезде Благовещенка аталған ауыл Көкқайнар совхозының орталық усадьбасына айналды. Шаруашылық аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі болып, оны білікті агроном-экономист Хан Леонид Игнатьевич басқарды. Ал Тәуелсіздік алғаннан кейін ауылдың атауы Қайнар болып өзгерді.

Ауыл «Шу-Қайнар» тас жолының бойында екіге бөлініп орналасқан. Ауылдың барлық инфрақұрылымы тас жолдың бойында жайғасқан, бұл өте ыңғайлы, себебі бұл жол бойындағы кәсіпкерлікті дамытуға өте қолайлы.

Жол сапасы, жаяу жүргіншілер жолының жағдайы, әрине, жақсы деп айтуға келмейді. Алайда, осы Қайнар ауылы құрамына кіретін Сарыбұлақ ауылдық округінің әкімі Бахтияр Абеновтың айтуынша, республикалық «Шу-Қайнар» тас жолының 57 шақырымын жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Жол «Қазавтожол» меншігінде болғанымен, негізгі пайдаланушы – жергілікті халық. Мердігер де белгіленген — «ТеміржолқұрылысАтырау» ЖШС. Мердігер өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, жақында жол ретке келтіріліп, жылдың кез-келген мезгілінде, кез-келген ауа-райында жол жүруге ыңғайлы болатын көше жарығы болады деген үміт бар.

Ауыл газдандырылғаны-мен, сапалы ауыз су мәселесі шешілу сатысында. Сарыбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының мәліметінше, су құбырын тарту жұмыстарын «Сәтсервис» ЖШС жүргізіп жатыр, жоба құны 863 млн теңге. Бірақ бұл мердігер үйге ғана құбыр тартуда, ішкі жұмыстарды «Қордай су» аяқтайды. Сарыбұлақ пен Қайнарға су тарту жұмыстары аяқталған соң ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары басталады. Қазірдің өзінде 1988 млн.теңгеге жобалық-сметалық құжаттама дайындалды, бүгінде мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жоба 2 жылға есептелген, содан кейін округтің барлық 33 көшесін ретке келтіру жоспарлануда. Қайнарлықтар мен сарыбұлақтықтар мердігерлер өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, ауылдың тіршілігі жақын арада жайлы болады, деп сенеді. Қолайлы жағдай жасалса, жергілікті тұрғындар жұмыстан қорықпайды.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша 75 адам 2,5 пайызбен несие алуға өтініш білдірсе, оның алпысы өз ісін ашып үлгерді. Қалғандары жақын арада несие алады. Кәсібін дамытып, кеңейту мақсатында он адам несие алуға өтініш өткізген. Бұл қосымша жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз.

Қайнарда үлкен әрі маңызды жоба жүзеге асырылуда. «ТаразСтрой-2004» ЖШС жүргізіп жатқан жұмыстар былтыр қуаңшылық кезінде басталған. Қазіргі таңда серіктестік өкілдері жер астымен 8 шақырым жерге су жеткізу үшін арнайы құбырларды төсеуді бастады. Сол құбырлар арқылы алқаптарға үш күшті сусорғы су айдайтын болады. Ал, төртінші сусорғы қосымша дайын тұрмақ. Ауыл шетінде алып құбырлар жеткізіліп, ірі техникалар жұмысқа кіріскен. Ауылдағы 3800 гектар алқапқа су жеткізу мүмкіндігін ұлғайту үшін қолға алынған жұмысқа үміт зор.

Шағын ауылда өздерінің мәдениет ошағы бар. Мәдениет үйінде бірнеше үйірмелер жұмыс істейді, әртүрлі мерекелік іс-шаралар өткізіліп тұрады. Жанында орналасқан балалар алаңшасы мен шағын футбол алаңшасында жергілікті балақайлар жиналып, бос уақыттарын өткізеді.

Белгілі болғандай, Қайнарда көптеген дүкендер бар: азық-түлік дүкендері, құрылыс тауарлары дүкендері, өндірістік тауарлар сататын сауда орындары. Жол бойында кафелер де көптеп орналасқан. Бастырма астына жайғасып, тапшанға отырып, кофе, шәй ішіп, тәтті тағамдардан дәм татып, айран ішуге де болады. Жол жүрген жолаушы үшін бұл ауыл бір тынығып демалуға өте ыңғайлы. Сонымен қатар, Қайнар ауылы өзінің жүн-тері бұйымдарымен танымал. Көптеген жергілікті тұрғындар қыс айларында сәнді киім тігумен шұғылданады: тондар, жеңсіз тондар, бас киімдердің түр-түрін осы жерде табуға болады. Тауарларын қайнарлықтар тас жол бойында орналасқан кішігірім дүкендерде сатады. Соған қарамастан, қайнарлықтардың негізгі кәсібі өсімдік шаруашылығы, атап айтсақ қарбыз өсіру. Жалпы, жергілікті халық жұмыссыз жатпайды, әркім өз тірлігімен күн көруде.

Қайнар – көп ұлтты елдімекен деп айтқан едік. Әрине, аздап қаражат бөліп, қарайласса, өте әдемі ауыл. Бірақ, бұл уақытша, әлі де ауыл гүлдене түседі деп сенеді жергілікті адамдар. Келешекке деген сенімі мол.

Төрт мыңға жуық тұрғынды құрайтын ауылдың халық саны артып келеді. Қайнардың этникалық құрамы осындай шағын ауыл үшін таң қалдырарлықтай үлкен. Оларды біртұтас ел, ортақ тіл, шағын Отанына деген сүйіспеншілік біріктіреді. Олар толық үйлесімді өмір сүріп жатыр.

Мәдениеттердің әртүрлі-лігі де таң қалдырады. Мұнда Наурыз бен 1 мамыр ерекше тойланады. Әрбір этнос өкілі ең жақсысын – бай дастархан мен түрлі-түсті ұлттық киімдерді көрсетуге тырысады. Биылғы жылы да солай болмақ, қайнарлықтар бір отбасының баласындай мерекеде бас қосып, бір-бірін құттықтап, тәтті дәм татып, жақсы жаңалықтарымен бөліспек.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.