Қарттарға қамқор болған мекен

0

Халықаралық қарттар күні 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында бекітіліп, жарияланды. Сол уақыттан бері елімізде жыл сайын атап өтілетін мереке аясында қарияларға зор құрмет көрсетіліп, түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылады.
Қазіргі кезде біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріліп, үкімет тарапынан жан-жақты қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп-өркендеуі, еліміздің бейбіт өмір кешуі осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептейміз. Бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінде қарттарға арналған мекемелер жұмыс істейді. Соның бірі біздің аудандағы «№7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Бұл орталықты бүгінде 15 қария пана етіп отыр, оның барлығы да – жалғызбасты жандар.
Қарттар үшін аталған орталықта барлық қолайлы жағдай жасалған. Жасы ұлғайған шақта төрт қабырғаға қамалып, жалғыздықтан жапа шегіп, бұлыңғыр терезеге үмітсіз телміріп отырудың қаншалықты қиындығын түйсіну қиын емес. Біздің орталықтың қызмет алушылары басқа қарттармен араласып, солармен бірге бір шаңырақта тұрып, көңіл көтеруде.
Орталыққа жылдың басынан жаңадан 5 қызмет алушы қабылданып, оның ішінде өз еркімен 2 қызмет алушы орталықтан шықты, 1 қызмет алушы Тараз қаласындағы орталыққа ауыстырылды. 2 қызмет алушы қайтыс болды.
Олар жатын бөлмемен, жеке адамға қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ғимарат санитарлық, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестендірілген. Демалатын орындары, асхана, жуынатын бөлмелері бар, аптасына 1 рет моншаға барады. Ішер ас, жатар төсегі де дайын, ертеңгілік, түскі, бесін және кешкі аспен қамтамасыз етілген. Ыстық тамақ сапалы азық-түліктерден әзірленуде, теңгерімділігі мен калориялық талаптарына жауап береді, санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес және қызмет алушылардың денсаулық жағдайы ескерілген.
Төсек орын жаймалары, киім-кешектері кестеге сәйкес және қажеттілігіне сай жуылып, шаштараз қызметі көрсетілуде. Арнаулы әлеуметтік қызмет алушылар қажеттілігіне сәйкес аудандағы сауда орталықтарына, орталық базарға, Халық банкіне зейнетақыларын алу үшін және дүкендерге қажетті заттарын алып келу үшін мекеме мамандарымен бірге баруда.
Сонымен қатар, қызмет алушылар аудандық кітапханаға қажеттілігіне сай барып, өздеріне керекті кітап алып оқиды. Орталықта әлеуметтік медициналық қызмет көрсету үшін лицензиялар алынып, 4 мейірбике қызмет көрсетеді.
Қызмет алушылардың денсаулықтарын мейірбикелер тәулік бойы қадағалап тұрады. Күніне 2 рет дене қызулары мен қан қысымдары өлшенеді және дәрігердің нұсқауы бойынша дәрі-дәрмектері уақытылы беріледі.
Қызмет алушылардың тазалығы мен салауатты өмір салтын ұстануы қадағаланып, таңертеңгілік сауықтыру жаттығуларына тартылады.
Орталық ғимаратын залалсыздандыру және зарарсыздандыру қызметтеріне келісім-шарт құрылып, ай сайын тиісті дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, күнделікті бір сағат уақытқа мекеменің әрбір бөлмесі кварцталып, желдетіліп тұрады.
Сонымен қатар, жоспарға сәйкес қызмет алушылармен ағарту іс-шаралары ұйымдастырылып, әңгіме кеңес, дөңгелек үстел, семинар, лекция түрінде шаралар өткізілуде.
Қарттар мен мүгедектерге психологиялық алдын алу, психологиялық консультация, психологиялық көмек (әңгімелесу, қарым-қатынас, тыңдау, көңілін көтеру, белсенділікке ынталандыру т.б), тренингтер, психологиялық түзету сияқты жұмыстар жүргізілуде.
Қарттарға арнаулы әлеуметтік-еңбек қызметтерін жүргізу барысында қызмет алушылардың бойындағы еңбек дағдыларын зерттеп-тексеру, кәсіптік бағдарлау, бейіні бойынша еңбек дағдыларын қалыптастыру, қолжетімді кәсіптік дағдыларға үйрету және қарттардың бойындағы жоғалған тұрмыстық дағдыларды қалпына келтіру жөнінде іс-шаралар жүргізілуде.
Арнаулы әлеуметтік қызмет алушылармен жұмыс істей отырып, өмір сапасын жоғарылату, психикалық жағдайдың тұрақтылығына жету, коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру, қоғаммен қарым-қатынасын байланыстыру, өзін-өзі бағалау мен сана-сезімін көтеру мақсатында үйірме жұмыстарына тартылуда.
Қорыта айта келе, қызмет алушылар қолөнер, ой еңбегі, инновациялық технология, сенбілік, гүл баптау, сурет салу үйірмелеріне тартылып, әртүрлі бұйымдар жасайды.
Орталықта мерекелік және атаулы күндерді, қызмет алушылардың туған күндерін атап өту дағдыға айналған. Атап айтқанда, Алғыс айту күніне орай «Алғыс айту – парызым», 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Шуақ шашқан мереке», 22 наурыз мерекесіне арналған «Төрлет, төрлет Наурыз», 1 сәуір күлкі күніне арналған «Күлкі жанның шипасы», 7 мамыр «Отан қорғаушылар» күніне орай ер қызмет алушылар мен ер қызметкерлерді құттықтау мақсатында іс-шара, 9 мамыр «Жеңіс күні» мерекесіне орай «Бейбіт күн жасасын әлемде!», 6-шілде Қазақстан Республикасының Астана күні мерекесіне орай «Шынықсаң, шымыр боларсың» атты спорттық жарыс, 30 тамыз ҚР Конституция күніне арналған «Айбарлы асқар елді асқақтатар Ата Заң» атты іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қызмет алушылардың туған күндері аталып өтеді.
Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес қызмет алушыларға тиесілі жеңілдіктер, жәрдемақылар, өтемақылар мен төлемдерді алуға кеңестер берілуде. Сонымен қатар, әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік көмек алу құқығына байланысты мәселелер бойынша заңгерлік кеңестер ала алады.
Қорыта келе айтарымыз, қарт кісіні құт-береке деп танысақ, ол – ұрпақтың көрегендігі. Ел басына күн туған, қиын-қыстау күндерде халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз қашан да аман болсын!

А.АЛМАТАЕВА, №7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік
қызметтер ұсыну

Leave A Reply

Your email address will not be published.