ПОГОН ТАҚҚАН ТІЛШІНІҢ БІР КҮНІ

0

Бала кезде ғарышкер, дәрігер немесе мұғалім болуды армандадыңыз ба? Әр адам өз болашағын қызықты оқиғаларға және жаңашылдыққа толы мамандықпен байланыстырады. Мен бала күнімде полицей формасын, погондағы жарқын жұлдыздарды, қылмыскерлердің ізіне түсу мен әділеттік үшін күресуді көп елестетенмін. Дегенмен, уақыт өте келе адам да, оның ойы да өзгереді. Мен журналистика саласын таңдадым. Бірақ, бұл таңдауыма ешбір өкінбеймін, себебі менің мамандығым басқа мамандық иелерінің кейпіне түсуге мүмкіндік береді. Міне, бүгін, бір күнге балалық арманымды іске асыру реті келді.

Күштік құрылымдар қызметкерлерінің күн тәртібі шығармашыл адамның қалыпты күн тәртібінен кәдімгідей ерекшеленеді.
-Ертең сағат 08:30-да сізді осында күтеміз, кешігуге болмайды, — деп ескертті маған тәлімгер ретінде бекітілген Қордай аудандық ПБ ТБ тергеушісі, полиция аға лейтенанты Әділет Ынты. Оның дауыс екпіні мен көзқарасынан бұл жұмыста еркелікке орын жоқ екенін түсіндім. Келесі күні белгіленген уақыттан қалмай келген мен полиция қызметкерлері құрамында жаттығу өткізетін алаңда сапта тұрдым. Жағдай мүлдем басқаша…Дегенмен, экспериментті жалғастыру қажет. Жеке құрамды қадр қызметі бойынша орынбасар Жамбыл Дүйсенов тексеріп болғаннан кейін, біз тікелей басшы, тергеу бойынша орынбасар Ержан Моминовтың кабинетіне жиналдық.
Жиналыс барысында менің кітапшамда бос орын қалмады, берілген тапсырмалар бір айға жететін сыңайлы. Алайда, олардың орындалуын жұмыс күнінің соңында баяндау қажет.
-Бұл біз үшін үйреншікті нәрсе, біртіндеп атқарамыз, уайымдама-ңыз, -деді маған тәлімгер.
Жаңа жұмыс орныма үйреніп үлгермей-ақ, қылмыс орнына шығу қажет болды. Кезекші бөлімге бейтаныс тұлғалардың ұрлық жасағаны туралы хабарлама түсті. Біз жедел-тергеу тобының құрамында аталған мекенжайға шықтық. Келе салып, тәлімгер қылмыс орнын қоршау туралы шешім қабылдап, учаскелік инспектор бірден іске кірісті. Өз кезегінде жұмысқа криминалист мамандар кірісіп, ал жедел уәкіл куәлерден, көршілерден жауап алып, сыртқы бақылау камераларына жазылған бейнетаспаны зерттеуге кірісті. Жәбірленушіден арыз алынып, ол СДТБТ –ға енгізілді (ред: қылмыстық құқықбұзушылықтар туралы мәлімет енгізілетін автоматтандырылған дерекқор). Бірігіп істеген жұмыс шапшаң орындалады. Қажетті шаралар атқарылғанша түс уақыты да жақындап қалыпты. Мен әдеттегідей сағатқа қарап қоямын.
-Түскі үзіліске шықпауымыз да мүмкін, бұл жерді мұқият зерделеу қажет, болмашы затты байқамай қалсақ, пазл жиналмай қалады. Жұмысқа бара жатып жол-жөнекей жүрек жалғап алармыз, — дейді Әділет Қуатұлы.
Расында, үлкен көріністің көзге көрінбейтін бөлшектері терезенің сынықтарының, шашылған заттардың арасында жатуы мүмкін.
Қажетті шаралар атқарылып болғаннан кейін біз жұмысқа кеттік. Мен күткендей емес, кабинет жарық әрі жағдайлы екен. Артық ешнәрсе жоқ, тек үстел, орындықтар мен компьютер. Әділет Ынты бірден жұмысқа кірісті. Біз арыз берушіні қабылдадық. Содан кейін бұрын басталған істер бойынша күдіктілерден жауап алынды. Бүгінгі күнге аға лейтенант Ынты Әділеттің өндірісінде 10-нан астам қылмыстық іс бар екен. Әр істің артында адамдар тағдыры бар. Тергеушінің қателесуге құқығы жоқ. Көп нәрсе тергеушінің білімділігіне байланысты.
Менің тәлімгерім байсалды және парасатты адам. Ол өз балалық арманына қол жеткізіп, мамандықты өз қалауы бойынша таңдапты.
Түстен кейін тергеуші ату бойынша тәжірибелік оқуға қатысуға міндетті. Сөзсіз, мен онымен бірге полигонға барамын. Шын айтқанда, бұл жерде арнайы оқу полигоны бар екенін білмеппін. Тергеуші бірнеше секунд ішінде дайындалып, жиналып, орнатылған нысаналарды атып, оларға оңай оқ тигізді. Мен қаруды алғаш рет жақыннан көрдім. Өкінішке орай, арнайы дайындықсыз маған қарудан атуға рұқсат етілген жоқ.
Әділет Қуатұлының жұмысы кабинетте отырумен шектелмейді, бірнеше маңызды қоңырау жасап, прокуратурадан қажетті құжаттар бойынша келісім алуы қажет. Бұл жұмыстың бәрі нақты жоспарды талап етеді. Сондықтан, аға лейтенанттың жұмыс күні минут бойынша есептелген, бұл уақытты үнемдеуге мүмкіндік беріп, күн нәтижелі өтеді. Куәлермен сұхбаттасу, күдіктілерден жауап алу, әртүрлі мекемелерге сұраныс жолдау – бұл күн сайынғы жұмыстың бір парасы ғана. Айта кетерлігі, бүгін құқыққорғаушы бір іс бойынша маңызды кезең өткізбек, бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша шұғыл-іздестіру шаралары аяқталып қалды. Бізге күдіктіден жауап алу қажет. 30 минуттық сұхбаттан кейін, күдікті кінәсін мойындады, ал біз әрі қарай кеттік. Сағат 19:30 болды. Аудандық полиция бөлімінің ішінде уақыт басқаша жүретін сыңайлы. Біз тергеу бойынша орынбасардың кабинетіне барып, атқарылған жұмыс жөнінде баяндадық.
Нормаланбаған жұмыс күні, тәулік бойы кезекшіліктер, «ізін суытпай» істі ашу үшін түнделетіп жұмыс істеу… Әділет Қуатұлы өмірін бұл жұмыссыз елестете алмайтын және тергеуші мамандығын таңдағанына өкінбейтінін айтады.
Жалпы, бөлімде мықты тергеуші болу үшін ойдың икемділігі, эрудиция, аналитикалық ойлау қажет. Бұл жұмысты сапалы орындау үшін дәлел келтіру мен өз пікірін қуаттай білу қажет.
Тергеуші мамандығында тек қана өзіне сенімді адам табысқа жетеді.
Менің экспериментім сағат 20:30-да аяқталды. Бұл күн әсерге толы болды. Мен Әділет Қуатұлына шыдамдылығы үшін ризашылығымды білдіріп, өзімнің қалыпты әлеміме оралдым.

Leave A Reply

Your email address will not be published.