Құрметті қазақстандықтар!
1 қазан- Халықаралық қарттар күні жақындап келеді. Бұл күн біздің аға буынға ризашылығымызды білдіріп, шынайы көңіл бөлуімізге мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың қажеттіліктеріне назар аударуға жақсы себеп. Қарияларды қолдау, оларға қамқорлық көрсету аға буынға көрсеткен парызымыздың аз ғана ғана бөлігі. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жылдар бойы елімізде қазан айы «Қарттарға қамқорлық» акциясына ұласып келеді. Қазақ халқының дәстүрінде үлкенді сыйлап, ақылын тыңдап, алдынан кесе көлденең өтпеген. Елімізде қарт адамдарға деген қамқорлық жыл сайын артуда. Жасының егде тартуына, денсаулығының сыр беруіне байланысты қарттардың көптеген шешілмеген мәселелері туындайтынын білесіздер, сондықтан оларға қолдау көрсету туған-туыстары мен барша
қоғамның міндеті.
Мемлекетіміз қарт адамдарға деген қамқорлықты экономикалық дағдарыс кезінде де тоқтатқан емес.
Дегенмен, елімізде әлі де болса әлеуметтік көмекке
мұқтаж егде адамдар бар.
Кейбір қариялар жасы ұлғайған шағында жан жылуы мен мейірімге зәру. Барлық қазақстандықтарды, жұмыс берушілерді, бизнес құрылым өкілдерін, аға буынның ел игілігіне қосқан еселі еңбегін ұлықтауға, «Қарттарға қамқорлық» айлық акциясына атсалысуға шақырамыз.
Республикамыздағы атқарушы органдарды, жұмыс берушілерді, бизнес құрылымдарын, еріктілерді, қарияларға әсіресе мүгедек ардагерлерге, жалғыз басты зейнеткерлерге, аз қамтылған қарттарға арнайы көңіл бөлуге үндейміз. Оларға материалдық тұрғыдан қол ұшын созуға, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз. Өз елінің патриоты ретінде акцияға бей-жай қарамайтын азаматтар жергілікті әкімдіктермен, өңірлік ардагерлер кеңестерімен байланысқа шығып үлес қосады деген үміттеміз.
Сұрақтар бойынша Қордай аудандық ардагерлер кеңесіне жолығу қажет.
«Ардагерлер ұйымы» республикалық
қоғамдық бірлестігі