ҚАРИЯЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

0

Қазақ қоғамында қарттар қашанда елді бірлікке шақырып, ауызбіршілікке жұмылдыратын, өнегелі өмір тәжірибесімен жас ұрпаққа бағыт-бағдар көрсетіп отыратын ұлтымыздың асыл қазынасы саналған. Дана халқымыздың «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең», «Өсетін елдің қарты – қазына» деген тәмсілдерінің мәні де осыған саяды.

1 қазан – қарттар күніне орай аудан әкімі Бегзат Болатбеков қазыналы қарияларымызды қабылдап, мерекелерімен құттықтады. Аудан әкімдігінде өткен салтанатты жиында «Еңбек ардагері», ҚР білім беру саласының үздігі, Үлкен Сұлутөр ауылының тұрғыны Қапасбек Ақылқожаев, ұзақ жылдар фермада сауыншы болған 84 жастағы Батыр ана Рапиза Орманбекова, қойшы болып еңбек еткен көпбалалы ана Зура Кудашбаева, «ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі», фельдшер, 83 жасар кейуана Сағынбүбі Аубакирова, саналы ғұмырын тігін ісіне арнаған еңбек ардагері, жеті баланы дүниеге әкелген Іңкәр Нұртаева, «Путь Ленина» колхозында шопанның көмекшісі болып еңбек еткен, 1-2 дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған, «Алтын алқа» иегері Зинажан Дусумбекова, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», білім саласының ардагері Жұпаркүл Досманбетова, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» Геннадий Солодовников, Қазақ ССР-нің Жамбыл облысы Қордай аудандық Советінің депутаты болған, ауданның құрметті ардагері Әуесхан Кульчикова, Өтеген ауылында көп жылдар мәдениет клубының меңгерушісі болған Гүлсанат Байсарина сынды кезінде елге өлшеусіз қызмет етіп, туған жердің дамуына үлес қосқан еңбек және тыл ардагерлері бас қосты.

Емен-жарқын өткен кездесу барысында аудан басшысы көнекөз қарияларға деген жылы лебізін жеткізді: «Елімізде  қарт адамдардың жағдайы үнемі назарда. Мемлекет тарапынан оларға әлеуметтік қолдау көрсетуге барлық жағдай жасап отыр. Сіздердің ауданның экономикалық, қоғамдық, мәдени, рухани өміріне белсене араласуларыңызға да барынша қолайлы жағдай жасалуда. Осы ретте, әлеуметтік жағынан аз қамтылған қарт адамдар, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектер мүддесі, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету мәселелері басты назарда екенін атап өткім келеді. «Жақсы ағаң — орман, жақсы інің – қорған» — деген халқымыз, көптеген жылдар бойы аянбай еңбек етіп, ауданымыздың гүлденуіне сүбелі үлес қосқандарыңыз үшін сіздерге алғыс айтамын. Сіздердің өнегелі өмірлеріңіз бен өмірлік бай тәжірибелеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі»,- деген Бегзат Сейсенқұлұлы  жиынға қатысқан ел ағалары мен ақжаулықты аналарды мерекеге орай марапаттап, құрмет көрсетті.

Марапаттау рәсімінен кейін Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет сөз алып мұндай кездесулердің маңыздылығына тоқталып өтсе, жиынға қатысқан бірқатар сыйлы ақсақалдар өрелі ойлары мен салмақты пікірлерімен бөлісіп, аудан басшылығына алғыстарын жеткізді.

Мерекелік көңіл-күймен тарқасқан қариялар келелі кездесуден кейін айтулы күнге орай жайылған мерекелік дастарханнан дәм татты.

Айта кетейік, аудан әкімі бұл күні №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына да барып, «Қарттар үйін» пана еткен жалғызбасты қарияларды төл мерекелерімен құттықтады. Ата-әжелермен тілдесіп, қал-жағдайларын сұрастырған Бегзат Болатбеков олар үшін шуақты шаңыраққа айналған орталықтың жұмысымен де танысты.

Сәуле Мұхадинқызы

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.