ҚАРТТАРМЕН ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

0

Психология — бұл адамдардың мінез-құлқы мен психикалық процестерін зерттейтін және даму заңдылықтарын пайдаланатын ғылым.
Психология — өз қабілеттеріңді танып білу. Ғалымдар өздері жақынырақ білгісі келетін адамдар үшін психологиялық тестілер жасайды. Бұл сынақтар адамның әртүрлі іс-әрекеттерге бейімделгендігін көрсетеді.
Жақсы нәрсе ойлап, соны күту, соған сену, өз ойыңды үйлесімділікпен тепе-тендікте құра отырып, біз де соны өмірден таба аламыз. Адам баласы аспанның көгілдір, ағаш жапырақтарының жасыл екендігін көреді, әртүрлі дыбыстарды естиді, сезу қабілеті, яғни әрбір адам өзінің айналасындағы заттарды түсініп қабылдай алады.
Сонымен қатар, адамда ойлау, сөйлеу қабілеті бар. Адам баласы бұрын болған оқиғаларды есте сақтайды, келешек туралы ойлайды, және де қуану не ренжу сезімі болады. Осының бәрі психология ұғымына тән қасиет. Сондай-ак, Аристотель адам өмірін кезеңдерге бөлуге тырысып, сол арқылы биожас есебінің негізін салды. Бірінші бөлім — жастық, екінші бөлім- кемелдену, үшінші — қартаю.
Қазақ халқы қариясын сыйлаған, құрметтеген ел. Қарттар біздің асыл қазынамыз. «Ауылыңның маңында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең. Ауылыңда ақылгөй қария болса, жазып қойған хатпен тең» деген еді біздің бабаларымыз. Ия, өткенімізді осы үлкендерсіз елестету мүмкін емес.
«Қарттар үйі» атауы суық естілгенімен, бұл жер ата-әжелердің ыстық ықыласы мен аялы алақанына толы шуақты орта. Бұл мекен жүректерді жібітіп, адамгершілік, мейірімділікті нығайтатын орын екеніне көзім жетті. Қазіргі таңда «№7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жалғыз басты қарттарға әлеуметтік-психологиялық жұмыстар жүргізудемін. Орталыққа жаңадан келген қызмет алушылардың құжаттарын тексеру, мінез-құлыктарын зерттеп, темпераменттерін анықтап, өмірбаяндарымен танысып, 14 күн ішінде бақылау жұмыстарын жүргізіп, әрқайсысына жеке-жеке жұмыс жоспарын құрамын. Қызмет алушылардың жеке қажеттіліктері мен қызығушылығын, қиыншылықтары мен проблемаларын анықтай отырып, жұмыс жоспарына сәйкес психологиялық тесттер, тренингтер, лекциялар, сауалнамалар жүргізіп, оның салдарынан олардың жеке бастарының тазалығын, бір-біріне деген тұлғааралық қарым-қатынастарын, өмірге деген көзқарастарын, суицидтің алдын алу жолдарын бақылаймыи, әр қызмет алушымен жеке-жеке сөйлесіп олармен сырласып бір-біріне деген қарым-қатынастарын нығайтып тұлға- аралық сыйластықты күшейтуге барлық күш -жігерімді жұмсаймын.
Жұмыс жоспарына сәйкес қызмет алушылар әр мереке сайын орталықта ұйымдастырылған іс-шараларға тартылады.
Орталықтың әрбір қызмет алушысы мемлекеттің шынайы мейірімін молынан көріп отырса да, олардың әрқайсысының өзіндік тағдыры бар. Сондықтан олардың көңілдері кірпияз, жүректері нәзік, сәл нәрсеге ренжіп, мұңайып қалады. Осыған байланысты, біз бүкіл ұжым болып қариялардың жарым көңілдерінің жайын табуға тырысамыз. Ұжымның алдағы уакытта да қамкөңіл жандардың тағдырларын жеңілдету жолында қолдан келгеннің бәрін жасайтынына сенімім мол.
Г.Б.АБДУАЛИЕВА, №7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының психологы

Leave A Reply

Your email address will not be published.