ҚАСИЕТІҢНЕН АЙНАЛДЫМ ҚАРА ДОМБЫРА

0

Баға жетпес ұлттық құндылықтарымыздың бірі – кәдімгі қара домбыра екені даусыз. Ұлы бабаларымыз қуанышы мен сүйінішін, қайғысы мен мұңын домбыраның қоңыр үнімен өріп, күмбірлеген күйге қосқаны  жайлы деректер көп.

Тіпті, ақын, сал-серілеріміз көңілі түскен сұлулар мен сылқымдарға жүрек сезімін домбыраның тілімен білдіргені туралы да кітаптардан оқып, біліп, естіп жүрдік. Иә, ұлттық музыкалық мұрамыздың символы – қасиетті домбыра. Әр қазақтың үйінің төрінде домбыра ілулі тұрса, ілініп тұрып қана қоймай оның шанағынан күмбірлеп күй төгіліп, әуезді әуенімен баршаны баурап жатса қандай ғанибет. Сол үйде өсіп келе жатқан жеткіншектердің бойына  домбыра  үнімен ұлттық сезім мен салт-санамызды сіңіре білсек, жан тербеген күйлермен қазақы қаны буырқанып жатса  бұл да ұлттық тәрбиенің бір жетістігі емес пе!

Өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары өткен  балалық шағымыз  еске түседі. Қазіргідей телефон мен теледидар жоқ, ұзақты күн арпалысып ойнап, одан қалса қазыналы қарияларға жыр-дастандарды оқып беріп, олардың ғибратты әңгімелеріне құлақ түретін едік. Төбесі көк тіреген Әулие шоқы баурайындағы аз үйлі ауыл тұрғындары өте ұйымшыл болды. Күнде бір үйде бас қосып, қыс болса соғымбасы, жазда сірне дастарханы басында арғы-бергі тарихтан тартып әңгімелеп, одан бүгінгінің жайына оралып өзара әзіл-қалжың айтысып отыратын. Әкеміз де сондай жиындардан қалмайтын. Әр нәрсені әуес көрген балаң кезде біз де соларды  жағалап қариялардың қолына су құйып батасын алуға таласатын едік. Ара-тұра кезекпен  батырлар жырын кітаптан дауыстап  оқып беретінбіз. Бір уақ, әрине, ән-жырға кезек берілетін. Сондайда бойы ортадан жоғары, дембелше денелі, сақал мұрты өзіне жарасымды, сөзге шешен, шежіреші Атамқұлов Бұлантай қария қолына домбыра алатын еді.

Ол кісі домбыраның құлақ күйін келтіріп алған соң,  өзгеше бір құлаққа жағымды мақаммен кезекті бір қиссаны толғай жөнелетін. Тыңдап отырған жанды ұйытып әкетер орындаушылық шеберлігі керемет болды. Бір қызығы, бүгінгіні ертең қайталамайтын, басқа бір  жырды  айтатын. Тағы бір ерекшелігі домбыраны сондай қадірлеп ұстайтындығы болды. Аспапты майлы қолымен ұстамай, алдымен қолын жақсылап жуып, сүртіп алатыны,  ал жыр-дастан айтып болған соң  домбырасын мұқият орап,  қабына салып, биік жерге қойғызатыны көз алдымнан кетер емес.

Тағы бір жадымда жатталып қалғаны Молдабай нағашымның біздің үйге келуі болды. Анамның төркін жұрты Алматы облысы, Жамбыл ауданында еді. Ол кезде қазіргідей даңғыраған асфальт жол жоқ. Теріскейден Тоқпақтың базарына мал айдаған жұрт таумен төтелей асып біздің Керудің тұсынан өтетін.  Бірде солармен бірге «әкпемді көре кетейін» деп өз аймағына аты шыққан Молдабай ақын да келіпті. Базардан қайтқанда қона жатып  өнер көрсеткені бар. Ол нағашым домбырамен ән-жырларды орындаудан бөлек, өз жанынан да өлең шығарып айтатын ақынжанды азамат екен. Ақын келді деп біздің үйге жиналған көрші-қолаң мен ауылдастарды екі күн бойы ән-жырмен сусындатып аттанған еді.

Міне осылай, бала күннен тойлы жиындар мен басқосуларды көріп өскен менің санамда өнерге деген құрмет пен сый, домбыраға деген ерекше ілтипат әлі күнге дейін суыған емес. Сондықтан болар, кімдікіне бара қалсам да ол үйден өнер иісі шыға ма, ұлтымыздың ұлы аспабы – домбыра бар ма екен деп көз тастайтын әдетім. Өкінішке орай, іші үлде мен бүлдеге бөленген талай үйден домбыра көре алмай жүрегің сыздап, көңілің құлазиды.  Оны айтасыз, өнерге деген парықсыздықты, ұлттық құндылықтардың табанға тапталуын көріп қаның қараяды. Бірде жолым түсіп бір азаматтың үйіне бара қалдым. Аулада топ балалар у-шу болып ойнап жүрді. Біреуі ескілеу бір домбыраны ат қылып мініп, ауланы айнала шапқылап барады. Жалма-жан әкелерінің көзінше бала тақымындағы домбыраны жұлып алдым. Бірнеше жерден жарылып кетіпті. Келген шаруам жайына қалды, «сендерге қажет болмаса мен алайын» деп иесіне ескертіп  әлгі домбыраны алып дереу қайтып кеттім. Үйге әкеліп қолымнан келгенше жөндемек болдым. Бірақ, қалпына келтіру мүмкін болмады. «Сен де бір кезде талай өнерпазға ән салдырған, шанағыңнан күмбірлеп күй төгілген шығар» деп бипаздап сүртіп іліп қойдым. Талай жерінен жарылып, сынса да ескі домбыраны қоқысқа тастауға қимадым, отқа жағуға дәтім бармады — киесінен қорықтым. Соңғы кездері не діннен, не ұлттық салт-санадан хабары саяз,  әпербақан парықсыздардың домбыраны харам деп жүргенін естігенде, тіпті, жаның түршігеді.

Тек сән үшін сөреге мұқабасы әдемі кітаптарды  тізіп қоятындар тәрізді, домбыраны  да үйінің төріне сәндік үшін іліп қоятынды көріп жүрміз.  Ұлы бабаларымыздың домбыраның әуезді үнімен дала төсін тербеткен құдыретін қалай ғана матап-тұсап ұстарсың? Оны үйрену керек, балаларға үйрету керек. Домбыраға жанашырлықпен, мейіріммен, ішкі толғаныспен қарау керек әрқашан.

Әбдібек СЕЙІЛХАНҰЛЫ, Қордай ауданының Құрметті азаматы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.