Жаңа ғана сөз сөйлеген құрылтай мүшелері маңызды ой-пікірлер айтты. Құрылтайдың аясында пайдалы пікір алмасулар болды. Барлығы еліміздің дамуына қажетті болатынына сенемін.
Ұлттық құрылтай жиыны осымен бесінші рет шақырылып отыр.
Бұл Форумның алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті. Екінші жиын түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы – Түркістанда болды. Үшінші отырыс бірегей Атырау аймағында ұйымдастырылды. Ал былтыр тарихы бай Көкшетау төрінде жиналдық.
Енді міне, қастерлі Қызылорда жерінде бас қосып отырмыз. Бұл – халқымыз үшін орны ерекше аймақ. «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар.
Осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршын-кент қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартады. Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз.
Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан бір ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны баршаға мәлім.
Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды».
Жалпы, «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайды.
Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі.
Сыр бойы – нағыз еңбек адамдарының мекені. Кеңес заманында осы аймақтан 100-ге жуық Еңбек Ері шыққан. Әйгілі күрішші – Ыбырай Жақаевты халқымыз ерен еңбектің символына балайды. Аға буынның абыройлы жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді.
Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр.
Былтыр аймақтың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өсті. Үш жылда облысқа 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.
Соның ішінде жаңа жылу электр орталығы іске қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Стратегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен инвестордың қаржысына салынды. Жылу орталығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түседі.
Облыс тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Халықтың 80 пайызы көгілдір отынды пайдаланады. Елді-мекендерге газ құбырын тарту жұмысы алдағы уақытта жалғаса береді.
Аймақтағы автокөлік жолының сапасы жалпы жақсы жағдайда деуге болады. Облыстың әуе және темір жол жүйесі де жаңғыртылып жатыр. Қорқыт Ата әуежайының жаңа терминалы ашылды.
Қызылорда қаласындағы тарихи ғимараттың бірі – темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Бұған қоса, аймақтағы 10 темір жол бекетін жаңғырту жұмысы басталды. Мұның бәрі облыстың логистикалық әлеуетін арттыра түседі.
Қазір Қызылорда облысында, әсіресе, әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп.
Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды.
Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көп бейінді аурухананың құрылысы бас-талды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады.
Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі.
Өткен ғасырдың ортасында адамзат баласы алғаш рет Байқоңырдан ғарышқа аттанғаны – бүкіл әлемге белгілі дерек.
Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи өлке жаңа дәуірде де ойдағыдай дамуда.
Қызылордаға келіп тұрып, Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселе туралы халыққа Жолдауымда айттым.
Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды.
Қазір Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады. Кіші Аралдың суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады.
Бірақ бұл – тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саласындағы саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді.
Демек көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды.
Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет».
Су – еліміз үшін стратегиялық ресурс.
Біз су мәселесімен жүйелі түрде айналысуымыз керек.
Мен былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсындым. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау барысында осы мәселені алға қарай жылжытуымыз қажет.
Алдағы сәуірде Астанада Халықаралық экология саммиті өтеді. Жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен Арал мәселесін талқылаймыз.
Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашады деп үміттенеміз».
Бүгінгі басқосуға Сыр елінің азаматтары қатысып отыр. Олардың ішінде ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер және жастар бар.
Осы орайда, жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен ұйымшылдығын атап өткім келеді.
Мен Сыр елі жұртшылығының бойынан туған жерге деген сүйіспеншілікті, қамқорлық пен жанашырлықты, нағыз отаншылдықты көремін.
Облыс орталығымен қатар, әр ауылдың тазалығы көз тартады. Мысалы Нағи Ілиясов, Таң ауылдарын бүкіл елге үлгі ретінде үнемі айтып жүремін.
Сіздер осы аймақпен қатар, күллі еліміздің дамуына үлес қосып келесіздер».
Біз бір ел, бір халық болып жұмыла білгеннің арқасында өткен жылды мол табыспен аяқтадық.
Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 миллиард доллардан асты, ал, жан басына шаққандағы үлесі Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болды. Бұл – бүкіл Орталық Азия аймағы бойынша рекордтық көрсеткіш.
Ұлттық қордың валюталық активтері 5 миллиард долларға ұлғайды. Алтын-валюта қорымыз ең жоғары деңгейге жетіп, 65 миллиард доллардан асты.
Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады.
Халық саны 20,5 миллионға жуықтады.
Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті.
Ең бастысы, қоғам өзгерді, реформаларымыз тұрақты сипатқа ие болды, халықтың сана-сезімінде үлкен бетбұрыс жасалды.
Осы ретте, Ұлттық құрылтай айрықша рөл атқарғаны сөзсіз. Төрт жылда құрылтай мүшелері ел өміріне ықпал ететін көптеген маңызды бастама көтерді.
Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданды. Осының өзі Құрылтай ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күші болғанын айқын көрсетеді.
Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар жасалды. Лудоманияға, яғни ойынқұмарлыққа және нашақорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіле бастады. Ономастика саласындағы жұмыстар ретке келтірілді. Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан құрметті атақтар енгізілді. Сол арқылы еңбек адамдарының мәртебесі арта түсті.
Бұдан бөлек біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын басты құндылықтарымызды айқындап алдық. Ұрпақтың болашағына зиянын тигізетін кеселдерге барынша тосқауыл қоятын болдық.
Құрылтай мүшелері өткен жылғы жиында ішкі саясат саласын ретке келтіру туралы бастама көтерді. Тиісті құжатты әзірлеуге өздеріңіз белсене атсалыстыңыздар.
Былтыр Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді. Енді, осы құжатты басымдық ретінде қарап, белсенді түрде іске асыруымыз керек.
Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі –мәдениет пен өнер. Себебі, қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Бұл – ақиқат.
Сондықтан біз руханият мәселелеріне айрықша мән береміз. Бұл салада бұрын-соңды болмаған ауқымды шаруалар қолға алынады.
Атап айтқанда, Алматы облысында қазақ драма театры, Абай, Ақтөбе облыстарында театрлар бой көтереді. Шымкентте де опера және балет театрының құрылысы басталмақ.
Биыл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ашылғанына 100 жыл толды. Осыған орай, театр ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысы аяқталмақ.
Наталья Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры да жаңғыртылады.
Бұдан бөлек, екі жылдың ішінде елімізде 100-ден астам мәдениет ошағы жөнделеді.
Музей ісін дамыту – маңызды міндеттің бірі. Осы ретте, Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейін ерекше атап өткім келеді. Мен күзде қалаға жұмыс сапарымен келгенде мұражайды аралап көрдім.
Заман талабына сай салынған орталықта музей ісін ұйымдастырудың тың тәсілдері қолданылған. Бұл тәжірибені басқа облыстарға үлгі етуге болады.
Қызылордада жаңа драма театр салу жоспарымызда бар, биыл құрылысты бастауымыз керек.
Өткен сапарымда мен облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезде заманауи кітапхана салу керек деп айттым. Енді бұл құрылыс биылдан бастап жүргізіледі».
Қазіргі таңда жастар арасында Қазақстан өрлеу кезеңіне қадам басты деген пікір бар. Жас буын өкілдері жаңа қоғамдық этиканы, креативті индустрияны дамытуға зор үлес қосуда.
Әлем елдері қазіргі қазақ өнерін ерекше құбылыс деп бағалайтын болды.
Кино саласы да дамып жатыр.
Жас ұрпақтың ұлттық бірегейлігімізді өнерімен айшықтап, ұлтымызды жаһан жұртына танытуы – зор мақтаныш.
Жастардың күш-қуаты мен ынта-жігері, жаңашылдығы мен жасампаздығы кез-келген салаға зор серпін береді.
Сондықтан біз өскелең ұрпаққа әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеміз. Олардың ұлттық құндылықтармен қатар жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойына сіңіруіне барынша жағдай жасаймыз».
Бұған дейін Ұлттық құрылтайда еліміздің рухани-мәдени мұрасын әлемге таныту туралы бастамалар көтерілді. Соған сәйкес жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр.
Мысалы 14 жылда алғаш рет аса құнды «Хандар шежіресі» қолжазбасын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгіздік.
Биыл жазда Корея Республикасының Пусан қаласында Бүкіләлемдік мұралар комитетінің кезекті отырысы өтеді. Сол кезде «Маңғыстаудың жерасты мешіттерін» ұйым тізіміне қосу мәселесі қаралады.
Қазір Қазақстан материалдық емес мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді түрде енгізіп жатқан 25 елдің қатарына кіреді. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды.
Төл тарихымызды зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету үшін әлі көп жұмыс істелуге тиіс. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғаса береді».
Елімізде танымдық әрі тағылымдық мәні зор тарихи орындар мен құнды жәдігерлер аз емес.
Мысалы таза ағаштан салынған Жаркент мешіті – қытай сәулетшілері мен ұйғыр шеберлерінің қолынан шыққан бірегей туынды. Алматыдағы «Вознесенск кафедралды шіркеуі» де – айрықша тарихи нысан. Татулық пен достықтың символы саналатын осы екі ғимаратты «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатының іс жүзіндегі көрінісі деуге болады.
Ұлы даланың әрбір тау-тасы халқымыздың сан ғасырлық жылнамасынан сыр шертеді.
Соның бірі – қойнауы қазынаға толы Қаратау петроглифтері. Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар төл өркениетіміздің тамыры тым тереңде жатқанын көрсетеді.
Ғалымдарымыз Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпа өзеннен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқан. Осындай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға әбден лайық деп санаймын.
Құзырлы министрлікке осы мәселелерге қатысты жұмысты қолға алуды тапсырамын.
Сондай-ақ Абай ілімі біздің ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуға тиіс. Оның ой-толғамдары қанша заман өтсе де өзекті болып қала береді. Қазіргі «Адал азамат» тұжырымдамасы ұлы ойшылдың «Толық адам» идеясымен тығыз астасып жатыр.
Біз Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуіміз керек.
Әл-Фараби, Ясауи ілімдері де ұлт руханиятының ұстыны саналады. Ашығын айтсақ, ұлы бабаларымыздың өсиеттерін олардың мерейтойы кезінде ғана еске аламыз. Бұл – дұрыс емес.
Сондықтан Әл-Фараби, Ясауи және Абай ілімдерін жан-жақты дәріптейтін ғылыми жиындарды тұрақты өткізіп тұруымыз қажет. Бұл басқаға емес, ең алдымен өзіміз үшін керек.
Олардың мұралары – біздің рухани-философиялық болмысымыздың тірегі. Еліміздің гуманитарлық институттары ұлы ойшылдарымыздың ілімін жүйелі түрде насихаттағаны жөн.
Басты міндет – халқымыздың баға жетпес қазынасы – ұлттық мұрасын сақтап, ұрпаққа табыстау.
Осы ретте кейбір құрылтай мүшелерінің философия, әлеуметтану, саясаттану сияқты ғылымдарды дамыту және қоғамдық-саяси ой-пікірлер көптомдығын әзірлеу туралы ұсынысын атап өтуге болады.
Сондай-ақ олар ғылыми мекемелердің зерттеулері онлайн платформа арқылы бәріне бірдей қолжетімді болуы керек екенін айтты.
Жуырда Астана мен Алматыда президенттік кітапханалардың құрылысы басталады. Меніңше, бұл нысандар тек кітаптар жиналған жер емес, қазақтың тарихын, мәдениеті мен өркениетін дәріптейтін орталықтар болуы керек».
Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлігімізді нығайту өзекті бола түседі.
Төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады. Мұны жаңа дәуірдің талабы деуге болады.
Түптеп келгенде, бұл – жұртымыздың идеологиялық дербестігіне және болашағына тікелей қатысты мәселе.
Мен халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясын қолдаймын. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы мұндай бастама тарихи мұрамызды сақтап, оны терең зерделеуге жол ашады.
Мен былтырғы Құрылтайда ғылыми еңбектерді, мұрағат материалдарын, мұражай қорларын және өнер туындыларын жүйелеу қажеттігін ерекше атап өттім. «Ұлттық цифрлық мұра» бұл шаруаны заман талабына сай жүргізуге мүмкіндік береді».
Біз соңғы жылдары сан ғасырлық тарихи мұрамызды ғылыми тұрғыдан зерделеу және дәріптеу жолында біраз жетістікке жеттік.
Биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильмді түсіру жұмыстары аяқталады. Мен осы ауқымды жобаның басталғаны туралы Атырауда өткен Құрылтай отырысында айттым. Көп сериялы фильмнің тұсаукесері беделді халықаралық платформаларда өтеді.
Бұл туынды Алтын Орда брендін жер жүзіне дәріптеуге ықпал етеді. Бірақ, осындай тарихи тақырыпқа келгенде тартымды көрнекі, яғни визуалды бейне жасаудан бөлек, алдымен оның ішкі мазмұны, мән-мағынасы терең болуын ойластыру қажет.
Сондықтан менің тапсырмаммен мамыр айында Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум ұйымдастырылады. Іс-шараға әлемнің беделді ғалымдары шақырылады.
Отаншылдық дегеніміз – әрине, Отанға деген сүйіспеншілік деген сөз. Алайда, Отан алдындағы жауапкершілігіңді сезініп, перзенттік парызыңды өтеуге талпынбасаң, «отаншылмын, патриотпын» деген сөзіңнің құны көк тиын болмақ.
Қазір қоғамда «Қазақстанның мемлекеттік Туын қайда және қашан қолданған жөн?» деген маңызды мәселе талқыланып жатыр. Бұл мәселе арнайы нормалармен және ережелермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс.
Дегенмен, ең алдымен, заңның түпкі мәнін терең түсіну керек. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, оларды жөнімен пайдаланатын отаншыл азаматтарды барынша қолдау қажет».
Мен үйлерде, көліктерде, көшелерде, сондай-ақ еліміздегі, әсіресе, шетелдегі спорттық және іс-шараларда көк Туымыз желбіреп тұрғанда қуанып қаламын. Сол арқылы еліміздің азаматтары бірлігі бекем ұлт екенімізді көрсетеді. Олардың әрекеттерінен туған елін мақтан тұтатыны байқалып тұрады.
Таза Қазақстан» – ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналды.
Тазалық халқымыздың адал ниеті мен таза пейілінен басталады. Бұл – ең алдымен көшелерді, үйлерді таза, ұқыпты ұстау деген сөз.
Таза Қазақстан – әдемі ұран да, науқан да емес, бұл – күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі.
Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады. Осы маңызды тұжырымды ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Біз сонда ғана нағыз өркениетті және ілгері қадам басушы озық ел боламыз.
Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді.
Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түсті.
Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды.
Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді.
Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Ондай қатігездікке ешқашан жол беруге болмайды.
Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді. Заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы өте маңызды.
Заң мен тәртіп – бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс».
Кез-келген мемлекеттің күші – халықта.
Азаматтарымыздың жасампаздық қуатының арқасында еліміз кез келген кедергі мен тосқауылға қарсы тұрып, орасан зор табысқа жетеріне кәміл сенемін.
Өздеріңіз білесіздер, мен түрлі жоспарлар құрып, стратегиялар жасауды құптай бермеймін. Себебі, бос қиялға беріліп, құрғақ уәде беруге түбегейлі қарсымын. Болашаққа бағдар жасап, жоспар құрғанда өмірге шынайы көзқараспен қараған жөн деп санаймын.
Біз білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салатын болдық. Себебі адам капиталының сапасын арттыру – айрықша маңызды міндет.
Бұл, әсіресе, ел дамуының қазіргідей тарихи, бетбұрысты кезеңінде халқымыздың болашағына тікелей әсерін тигізеді.
Ең бастысы – бұл жоспарлар жұртты құр уәдемен жарылқайтын тұсаукесер рәсімдері мен форумдардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Біз пиар-акциялар мен көз алдайтын жалған ілгерілеуге емес, нақты жетістікке ұмтылуымыз қажет.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз. Бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отыр. Бұл – стратегиялық міндет.
Сондықтан мемлекет үшін айрықша маңызды осы міндетті орындауға қатысты талап та өте жоғары болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуге тиіс. Атап айтқанда, шешім қабылдау мерзімін қысқартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және қызмет сапасын жақсартуға оң ықпал етуі керек».
Елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту – айрықша маңызды міндет.
Бұл, біріншіден, Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы транзит дәлізі ретіндегі рөлін арттыра түседі. Екіншіден, облыстар арасындағы көлік байланысын барынша жақсартады.
Жақында Қызылорда – Жезқазған жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті.
Жыл соңына дейін Ұлытау облысындағы бөлігінде көлік қозғалысы толық ашылады. Жолдың жалпы ұзындығы – шамамен 400 шақырым.
Ең бастысы, биыл елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар басталады.
Батыс Қытай – Батыс Еуропа» – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда, оның Қызылорда – Ақтөбе арасындағы бөлігі – тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осыған дейін бұл жолды кеңейту туралы тапсырма бердім.
Биыл осы бағытта төрт жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады. Қазіргі жолдың көбі облыстардың ішкі жолы болып қала береді.
Сондай-ақ мен былтырғы Жолдауымда «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысын тездетуді тапсырғанымды білесіздер. Ондағы жұмыстар да биыл басталмақ. Жоба жүзеге асқан соң «Орта дәліздің» қашықтығы 900 шақырымға қысқарады, яғни, Ақтау, Құрық порттарына тура жол ашылады.
Қарағанды – Жезқазған бағытындағы жол талай жылдан бері тозып тұр. Биыл ескі жолдың қапталына екі жолақты жаңа жол салуға кірісеміз Кейін ескі жолды да жаңғыртып, төрт жолақ ету жоспарлануда.
Бұдан бөлек, Сарыағаш маңындағы көлік қозғалысы да өте тығыз. Сондықтан, осы жылы «Сарыағаш айналма жолының» құрылысы қолға алынады.
Барлық жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын тікелей бақылауда ұстайтын боламын. Себебі, бұл жобалар Қазақстанның халықаралық көлік-логистика орталығы ретіндегі әлеуетін мейлінше нығайта түседі».
Авраам, яғни, Ибраһим дін тарихында иудаизм, христиан және ислам діндеріне ортақ пайғамбар болып есептеледі.
Еліміз бүкіл адамзатты біріктіретін құндылықтарға арқа сүйеуге тиіс. Біз түрлі халықтар мен дін өкілдері арасында татулық болғанын қалаймыз.
Сол себепті, осы келісімге қосылғанымыздың мән-мағынасы ерекше, бұл шешім еліміздің халықаралық беделіне оң серпін береді».
Қазақстан – жауапкершілігі жоғары «орта держава» және жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі аса ірі мемлекет.
Біз баршаға түсінікті, яғни ақылға қонымды және әділ саясатты жақтаймыз, осы ұстанымды әрдайым сақтаймыз.
Сыртқы саясаттағы іс-әрекетіміздің бәрі бір ғана мақсатты көздейді. Ең бастысы, Қазақстанның жерінің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуіміз керек.
Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде Мен үшін Тәуелсіздік – бәрінен қымбат! Бұл – мерейтой кезіндегі ұран емес, қазіргі дүрбелеңге толы заманда ұлттық стратегиямыздың негізгі қағидасы.
Мен Тәуелсіздік дегеніміз – ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім» екенін үнемі айтып жүрмін.
Біз ел бірлігін сақтап, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құруды басты міндетіміз деп санауымыз қажет. Осы мақсатқа стратегиялық тұрғыдан қарап, парасатты, дана халық екенімізді көрсетуіміз керек.
Бұрын да айтқам, қазір де атап өткім келеді: біз «тарихи жарақат алған» ұлт психологиясынан біржола арылуымыз керек.
Басқа түскен қайғы-қасіреттің бәрін басқа халықтардан көру, ұлтымыздың маңдайына жазылған ащы тағдыр туралы бітпейтін пікірталастар жүргізу – кешегі күнмен өмір сүру деген сөз.
Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, бізге де өзгеретін уақыт келді. Біз -болашағы жарқын, жолы ашық жас мемлекетпіз, сондықтан уақыт көшінен қалмай, тек алға қарай жүруіміз керек».
Биыл Қазақстанның келешегіне тікелей ықпал ететін аса маңызды жыл болады. Мен мұны жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда атап өттім.
Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр. Алдағы парламенттік реформа осы өзгерістердің өзегі болатыны анық.
Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергенімді білесіздер. Бұл аса маңызды мәселе қоғамда кеңінен талқыланды.
Мен былтыр 8 қазанда Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойдым. Оның құрамына белгілі заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.
Елдік іске бей-жай қарамайтын басқа да азаматтарымыздың бұл талқылауға қатысуы өте маңызды. Сондықтан e-Otinish платформасы мен Egov порталында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды. Азаматтарымыз осы мәселеге қатысты өздерінің ой-пікірін білдіріп, ұсыныстарын жолдады.
Жұмыс тобы келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, зерделеп, парламенттік реформаны барлық жағынан қарастырды, өте маңызды жұмыс атқарды.
Бұл бағыттағы шаруаның бәрін өзім тікелей бақылауда ұстадым.
Былтыр қазан айының ортасында Жұмыс тобының алғашқы отырысын өткіздім. Желтоқсанның 2-сі және 29-ы күндері тағы екі жиын болды. Жаңа жылдан бері Жұмыс тобының мүшелері 3 рет бас қосты. Соңғы отырыс күні кеше ғана Құрылтай қарсаңында өтті.
Бір сөзбен, конституциялық реформа туралы қызу талқылаулар жарты жылға жуық уақыт бойы жүріп жатыр.
Бір палаталы Парламентке көшу туралы бастаманы халық қолдап отыр десек, ешқандай қате болмас. Қоғамдық пікірді білу үшін тұрақты түрде жүргізілген сауалнамалар және жұмыс тобының қорытындысы да осы пайымға келіп тоғысады.
Депутаттар мен партия фракцияларының жетекшілері жақында аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездесіп қайтты. Олар халықтың осы бастамадан хабардар екенін және реформаны қолдап отырғанын айтуда.
Бұл жерде қандай да бір пікір қайшылығы жоқ. Жалпы бағыт-бағдарымыз – айқын. Алдағы өзгерістерге қатысты ортақ мәміле бар. Жұмыс тобы барлығын жан-жақты сараптай отырып, нақты пайымдары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Негізгі пікірталас «Жаңа Парламент қандай болады, неше депутаттан тұрады? Құрылымы қандай болады және қалай жұмыс істейді? деген сауалдар жөнінде өрбіді.
Бұл терең зерделеп, жан-жақты сараптап, өлшеп, байыппен түпкілікті шешім қабылдайтын аса маңызды, тіпті, шешуші мәселе болды дер едім.
Қазір мен Ұлттық Құрылтайдың төрінен сіздерге Жұмыс тобында талқыланған негізгі ұсыныстарды таныстырғым келеді.
Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам.
Қысқаша айтқанда, Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін.
Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын.
Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым.
Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын.
Ал, депутаттар санына келсек, бұл мәселе де қызу пікірталас туғызды. Ең көп пікір қайшылығы осы мәселеге қатысты болды.
Бірінші тарап еліміздегі халық санына қарай пропорционалды уәкілдік идеясын ұсынды. Екінші тарап депутат санын 500-ге дейін арттыру қажет деді.
Біздің негізгі мақсатымыз – шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құру.
Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс.
Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан мәселе – санда емес, сапада!
Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиіс!
Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылады. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келді.
Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал, комитет саны 8-ден аспауы керек.
Ұсыныстардың үшінші бөлігі жаңа Парламентті жасақтау тәртібі туралы болды.
Депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді. Сондай-ақ олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады.
Кейбір партиялар Парламентпен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттарды пропорционалды жүйемен жасақтауды ұсынғанын білемін.
Бірақ аймақтарда мажоритарлық жүйені сақтап қалу керек деп ойлаймын. Еліміздің өңірлерінде жергілікті азаматтардың дауыстары, пікірлері жақсы естілуі қажет. Бұл – мен үшін айқын ұстаным.
Талқылау кезінде маған Парламенттегі Президент квотасын қалдыру керек деген ұсыныс айтылды. Бірақ мен жаңа Парламент ешкімнің қамқорлығына, қадағалауына мұқтаж емес екеніне сенімдімін.
Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Соған сәйкес Қазақстан халқы ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады.
Осы ұстаныммен жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квотаны қоса алып тастауды ұсынғандар болды. Бірақ, бұл – мүлде басқа мәселе.
Бұл квота – әлеуметтік әділдік қағидатының айқын көрінісі, сондай-ақ еліміздегі барлық қоғамдық-саяси өкілдерді ескеретін маңызды талап. Сол себепті, осы квоталарды өзгеріссіз сақтап қалуды ұсынамын.
Бұған қоса, партиялардың Парламентке өту межесін қазіргі бес пайыздан жеті пайызға қайтару қажет деген пікір айтылды.
Бұл ереже кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен қабылданған болатын. Бес жыл бұрын енгізілген осындай өзгерістер сайлау заңнамасын жақсартуға едәуір септігін тигізді.
Межені төмендету арқылы Парламенттегі ірі саяси күштердің үстемдігін азайтып, партиялар арасындағы бәсекені күшейтуді мақсат тұтқан едік. Бүгінгі таңда осы норманың тиімділігіне көзіміз жетті.
Ел тарихында алғаш рет Мәжіліске алты партияның өтуі – соның айқын дәлелі. Сондықтан мен бес пайыздық межені қалдырған жөн деп санаймын.
Ұсыныстардың төртінші бөлігі заң шығарушы органның жұмыс тәртібі мен рәсімдеріне қатысты болды.
Жаңа Парламентте депутаттарды бес жылға сайлау көзделіп отыр.
Заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын процедурасы ұсынылады. Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды. Одан кейін өзгерістерді мақұлдайды, соңында заңды қабылдайды.
Осылайша, біз Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси реформаларды одан әрі жалғастырамыз.
Мемлекеттің институционалдық тұғырын нығайтып, Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сәйкес орнықты саяси жүйе қалыптастырамыз. Басты мақсатымыз да – осы.
Билік институттарының жаңа құрылымы баршаға бірдей мүмкіндік беретін әділетті қоғам құрудың мызғымас негізі болмақ.
Түптеп келгенде, біз бір қоғам болып қолға алған Парламенттік реформа еліміздің әлеуетін арттыратын болады. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің қарқынын күшейтіп, сапасын жақсарта түседі.
Мен Мемлекет басшысы ретінде бұған кәміл сенемін.
Кәсіби заңгерлер Ата заңның мәтініне қатысты пікірлерін білдірді.
Олар Конституциямыздың кейбір тұстарын нақтылай түсу қажеттігіне назар аударды.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысын сайлау мәселесі бойынша маңызды ұсыныс бар.
Қазіргі Ата заңға сәйкес Президент өз міндетін атқара алмайтындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына беріледі.
Сенат төрағасының мемлекетті басқаруға мүмкіндігі болмаса, Президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті лауазым иелеріне өтеді.
Бұл ретте, мәселенің бәрі «қалған мерзімге» деген сөзге келіп тіреледі, осы мәселені ерекше атап өткен жөн. Басқаша айтсақ, «қалған мерзім» 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін.
Сондықтан, Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген норма негізгі заңда нақты белгіленуі қажет.
Бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге сай келеді. Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни, заңды түрде келуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным.
Осы норма кейінгі мемлекет басшылары үшін де еш өзгермейтін қағида болуға тиіс!.
Сонымен қатар Конституциямыздың мәтінінде жекелеген қателер бары анықталды. Кезінде терминологиялық, стильдік кемшіліктерге жол берілген. Конституциялық реформа аясында осы олқылықты да түзеуіміз керек.
Бұл жұмысқа заңгерлермен қатар, білікті тіл мамандары шақырылады.
Тағы бір маңызды мәселе. біз Ата заңның преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазуымыз керек.
Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы терең екені нақты көрініс табуға тиіс. Сол арқылы біз Қазақстанның Ұлы даладағы ұлы мемлекеттердің мұрагері екенін паш етуіміз керек.
Бұдан бөлек, Конституциямызға «Біз бәріміз Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз және оған жетеміз» деген қағидатты енгізуіміз керек.
Біз Ата заңда еліміздің зайырлы мемлекет екенін әйгілейтін нормаларды сақтап, күшейте түсуіміз қажет. Конституциямыз заман талабына сай болуы керек.
ХХІ ғасырда цифрландыру үдерісі өте жылдам жүріп жатыр, тұрақты және аса қарқынды сипатқа ие болды.
Жоғары технология адамның күнделікті өміріне, құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсерін тигізе бастады. Болашақта бұл үрдіс үздіксіз жалғаса беретіні анық.
Сондықтан еліміздегі цифрландыру үдерісінің институционалдық-құқықтық негізі Ата заңда міндетті түрде аталып өтуі қажет.
Конституцияда азаматтардың дербес цифрлық деректері заңмен қорғалатыны нақты айтылуы керек деп санаймын.
Мен әзірге келіп түскен ұсыныстардың негізгі тұстарына тоқталып өттім.
Осылайша, конституциялық реформаның жалпы сұлбасы шығып келеді.
Жарты жыл бойы өткізілген пікірталастар мен талқылаулар кезінде алдағы реформаға қатысты басты ұстанымдар айқындалды. Бұл ұстанымдар бір-бірімен өзара тығыз байланысты.
Тиісті байланыс арналары арқылы халықтан келіп түскен идеялар мұқият сараланды. Ойға қонымды бастамалар барынша ескерілді.
Халықтың қолдауына ие болса, Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталады.
2022 жылғы жүйелі өзгерістермен қатар алып қарағанда, алдымызда тұрған реформаларды жүзеге асыру 1995 жылы осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын бекітілген үлгіден мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшу деген сөз.
Осы бастамалар жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыз тарапынан қолдау тапқан жағдайда Қазақстанның мемлекеттілігі, еліміздің саяси жүйесі түбегейлі жаңғырып, еліміз жаңа тұрақтылық деңгейіне көтерілмек.
Осылайша, біз бір ел, бір халық болып, қазіргі алмағайып заманның сын-қатерлеріне төтеп береміз, оларды еңсереміз.
Жалпы, бастапқыда Парламенттік реформа аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған еді. Алайда жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болды.
2022 жылғы реформада Ата заңның 33 бабы жаңарғанын білесіздер. Ал, ендігі өзгерістер одан да ауқымды.
Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз. Сондықтан мен Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдадым. Арнайы Жарлыққа ертең қол қоямын.
Комиссия құрамына 100-ден астам азамат кіреді. Оның ішінде Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құралдары басшылары, аймақтық мәслихат төрағалары мен қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да білікті мамандар болады. Бұл жұмысқа Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді.
Комиссия барлық ұсынысты сараптап, қорытып, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Содан соң жалпыхалықтық референдум өтетін уақытты белгілейміз».
Әлемдегі ахуал тым шиеленісіп тұрғанына қарамастан, біз елімізде күрделі әрі түбегейлі өзгерістерді жүзеге асырдық.
2022 жылғы конституциялық реформаға, одан кейін Атом электр станциясын салуға қатысты референдум кезінде халқымыздың басым көпшілігі мені қолдады.
Мен әрбір шешімді елге қажеттігі тұрғысынан мұқият саралай отырып қабылдаймын.
Азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты жұмыспен айналысу мен үшін бәрінен маңызды. Халықтың қамы, ұлттың, мемлекеттің мүддесі – мен үшін баға жетпес құндылық.
Алдағы уақытта да елімізді дамытып, Тәуелсіздігімізді нығайта түсу жолында бар күш-жігерімді салып еңбек ете беремін.
Осы орайда, стратегиялық бағдарымды үнемі қолдап келе жатқан барша халыққа және осы залда отырған еліміздің лайықты азаматтарына шын жүректен ризашылығымды білдіремін және зор алғысымды айтамын».
Ұлттық құрылтай ел тарихында қалады.
Біз аз ғана уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқардық. Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның іргесін бірге қаладық.
Сіздер еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік және рухани болмысын өзгерту жолында зор еңбек еттіңіздер. Мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қостыңыздар. Алдағы уақытта да біз бірге ел игілігіне қызмет ете береміз деп сенемін.
Бізді әлі де көп жұмыс күтіп тұр. Ұлт болашағын айқындайтын ең маңызды шаруалар енді басталды. Сондықтан қиындықтан жалтарып немесе табысқа тоқмейілсіп отыруға қақымыз жоқ, уақытымыз да жоқ.
Бірлігімізді бекемдеп, білек сыбанып, іске кірісуіміз керек.
Келесі Парламентіміз халқымыздың ұлттық санасында өзіндік орны бар ұғым, атына заты сай Құрылтай сөзімен аталса, мұны жақсы ырымға балауға болады деп сенемін.
Толық мәтін Akorda.kz сайтында.