Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы Президентке рапорт берді. Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ту көтеру рәсімінде сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы: «Қастерлі рәміздеріміз – ұлт құндылықтарының жарқын символы. Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қасиетті Отанымыз – Қазақ елінің әрбір азаматы үшін маңызы ерекше мереке. Біз осы күні байрағымызды биікке көтереміз. Сол арқылы еңселі, егемен ел екенімізді күллі әлемге паш етеміз. Қастерлі рәміздеріміз – ұлт құндылықтарының жарқын символы. Мемлекетіміздің әр нышаны халқымыздың болмыс-бітімінің көрінісі саналады. Елтаңба – елдігіміздің айшықты белгісі. Әнұран – азаттығымыздың айбынды үні. Көк Туымыз – Тәуелсіздік тұмары. Төбемізге көтеріп, қадір тұтатын осы үш рәмізді мемлекеттігіміздің мызғымас үштағаны десек, артық болмайды. Тарихқа үңілсек, жұртымыз әрқашан бір тудың астына жиналып, ынтымақ-бірлігін сақтай білген. Қазір де еліміз ауызбіршілігін нығайтып, алға қарай сеніммен қадам басып келеді».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір Қазақстанда берік орныққан президенттік басқару үлгісі Алтын Орда кезінде құрылған саяси жүйеден бастау алады» «Бұдан бөлек, біз жаңа Конституцияда қазақ елінің төл шежіресі Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихымен сабақтас екенін айқын көрсеттік. Елордамызда Ұлы дала өркениетіне арналған зәулім ғимарат салынады. Жақында Астанада ЮНЕСКО-ның аясында Алтын Орда мұрасын зерттеу ісіне арналған халықаралық симпозиум өткізілді. Мұның бәрі мемлекеттігіміздің тұғырын нығайта түсуге зор ықпал етеді. Алтын Орда өзінің басқару институттары, дипломатиялық қызметі, байланыс және кеден жүйесі, әлемде мойындалған валютасы, озық инновациялары бар орта ғасырдағы алып ел болды. Қазір Қазақстанда берік орныққан президенттік басқару үлгісі Алтын Орда кезінде құрылған саяси жүйеден бастау алады. Алтын Орданың ең басты мұрасы – оның мызғымас құндылықтары. Себебі алып мемлекетте діні, тілі, мәдениеті, дәстүрі бөлек адамдар ортақ ережелер аясында тату-тәтті өмір сүрді. Бабаларымыздың осындай тағылымды жолы біз үшін өшпес өнеге және басты стратегиялық бағдар болып қала береді. Алтын Орданың жетістігі Еуразиядағы көптеген халықтың ортақ игілігі саналады. Сондықтан Ұлық Ұлыстың мұрагері ретінде біз Еуразияның біртұтастығын, өсіп-өркендегенін, ондағы мемлекеттердің барлығы тату-тәтті ғұмыр кешіп, ортақ қауіпсіздікті сақтап, халықтарының игілігі үшін қызмет еткенін құптаймыз. Біздің мақсатымыз – өзгелердің таптаурын болған тәжірибелері мен идеяларын үлгі-өнеге етпеу, өнбейтін дау-дамайдан бойды аулақ салу. Сонымен бірге өткен ұлы дәуірдің құндылықтарын ой елегінен өткізіп, сапалы түрде жаңғыртып, заманауи өркениетке қарай бейімдеу».
Іс-шара аясында С.Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институты, Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясы, Ішкі істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы, Ұлттық ұлан академиясы, М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының үздік түлектеріне «аға лейтенант» шені тапсырылды.