«ҚАУІПСІЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ»

0

Дүйсенбі күні Қордай ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға арналған «Қауіпсіз балалық шақ» атты форум өтті. Ауқымды шараның мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықтық сананы арттырып, қылмыстың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау.

Форум жұмысына Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық прокуратураның аға прокуроры Сансызбай Сапарбекұлы, аудандық полиция бөлімінің басшысы Асхат Алметов, аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков және мектеп оқушылары қатысты.

Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараны аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай ашып, форумның маңыздылығына тоқталды. Дамира Маратқызы өз сөзінде мұндай шаралар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және олардың қауіпсіздігіне оң әсер ететінін атап өтті.

Бұдан кейін сөз алған аудандық прокуратураның аға прокуроры Сансызбай Сапарбекұлы құқықбұзушылыққа қатысты аудандағы статистикалық көрсеткіштермен бөлісіп, алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады.

Сонымен қатар форум барысында құқықтық тақырыптағы бейнероликтер көрсетіліп, аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасы көрермен назарына ұсынылды.

Осыдан кейін оқушылар аудандық полиция бөліміне арнайы экскурсия жасап, тәртіп сақшыларының қызметімен жақынырақ танысты. Сондай-ақ, республикалық байқаудан оралған №32 орта мектептің оқушылары саптық жүріс бойынша шеберліктерін көрсетті.

Форум соңында қатысушылар орталық алаңдағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке барды. Мұнда №14 орта мектептің оқушылары салтанатты түрде Құрмет қарауылының ауысымын өткізіп, ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, патриоттық қойылым көрсетті.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.