Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы және «7 – мамыр Отан қорғаушылар күні» мерекесі қарсаңында аудандық ардагерлер кеңесі ғимаратынан Ауған соғысы ардагерлері, Тәжік-Ауған соғысы ардагерлері, сондай-ақ, Таулы-Қарабақ қақтығысының ардагерлері мен Чернобыль оқиғасының қатысушыларына арналған кабинеттер ашылып, лента қию рәсімі өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, «Ауған соғысы ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәулет Қырғызбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, аты аңызға айналған Борис Керімбаевтың (Қара майор) оққағары Бақберген Әбішев, жауынгерлік іс қимыл ардагерлері мен жас шекарашы сарбаздар қатысты.
«Армысыздар, құрметті ардагерлер және шараға қатысушылар! Баршаларыңызды 7 – мамыр Отан қорғаушылар күні және алда келе жатқан Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойымен аудан әкімі Бегзат Болатбековтың атынан шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі ардагерлер кабинетінің ашылуы қос мерекеге тұспа-тұс келуі ауданымыз үшін үлкен мәртебе. Жастарымызды қазақстандық патриотизмге, ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеуде осы ардагерлеріміздің қосып жатқан үлесі орасан. Онымен қоса, арнайы кабинетте жұмыс жасаса қоғамға қосар пайдасы бірнеше есеге ұлғаяды деген сенімдеміз», — деді Дамира Маратқызы.
Келесі сөз кезегі ауған соғысы ардагерлері кеңесі төрағасы Дәулет Әденұлына ұсынылды.
«Ержүрек жауынгер жандарды әрқашан құрметтеу келешек ұрпақтың қастерлі міндеті. Бұл соғыс тарихымыздың ең қаралы парақтарының бірі болып қала бермек. Бүгінгі ашылған кабинет ардагерлермен жұмысты жандандыру, оларды әлеуметтік қолдау мен жастарды тәрбиелеуде қолайлы мүмкіндіктер тудырмақ», — деді ол.
Ал аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Біржан Әбдікерімұлы еліміздің өсіп-өркендеуіне, бейбіт өмір кешуіне өз үлестерін қосқан ардақты ардагерлеріміздің арқасында екендігін айтып өтті.
Осыдан соң, сөз кезегін алған әйгілі ауған ардагері Борис Керімбаевтың жанында жүріп, ержүректілігімен танылған Бақберген Әбішев білікті қолбасшының ерлігі жайында сөз қозғап, оның әскери киімі мен портретін жаңадан құрылған Қордай ауданы бойынша «Басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс-қимылдарының Ардагерлер Одағы» қоғамдық бірлестігіне табыстады.
Өз кезегінде аталмыш бірлестік құнды жәдігерді аудандық тарихи-өлкетану музейіне тапсырды.
Шара аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ