ҚАУІПСІЗДІК ҚАШАНДА МАҢЫЗДЫ

0

Қыстың қақаған суығында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Руслан Орынбеков пен департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Әкімбаев бірлесіп баспасөз конференциясын өткізді.

Жалпы осы жылдың 11 айында облыс аумағында 708 өрт оқиғасы орын алып, 16 адам қаза тапқан, сондай-ақ 18 адам жарақат алған. Материалдық шығын 177 миллион 881 мың теңгені құраған. Мақсат Әшірбайұлының айтуынша, биыл қоғамдық резонанс тудырған ірі өрттер тіркелмеген. Бақылаудағы нысандардағы өрттердің саны 2,3 есе азайған.

Сонымен қатар Мақсат Әшірбайұлы келе жатқан Жаңа жыл мерекесі кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды қамтамасыз ету және сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды қолдануға жол бермеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жаңажылдық мәдени іс-шаралар өтетін объектілердің тізімін дайындадық. Нәтижесінде 793 нысан есепке алынды. Осыған орай, аталған объектілерді қатаң бақылауға алу және күнделікті өрт қауіпсіздігі жағдайына мониторинг жасау, нысандарды қауіпсіз жағдайға келтіру жөнінде Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасы мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімдеріне тиісті тапсырмалар берілді, – деді Мақсат Әкімбаев.

Ал Руслан Нұрланұлы қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жою бағытында қолға алынған жұмыстарды баяндады. Баяндамашының келтірген деректеріне сүйенсек, өңіріміздегі қарлы учаскелердің жалпы ұзындығы –

64,1 шақырым.

2022-2023 жылғы қысқы кезеңде ауа райының нашарлауына байланысты 47 рет дауылды ескерту жарияланыпты. Республикалық маңызы бар автожолдар 9 рет және облыстық маңызы бар жолдар 6 рет жабылған. Авариялық-құтқару жұмыстарының нәтижесінде 396 адам құтқарылып, эвакуацияланған. Құтқарушылардың ерен еңбегінің арқасында ешкім зардап шекпеген. Сондай-ақ қар үйінділерінен 33 бірлік техника эвакуацияланыпты.

– Облыстың автомобиль жолдарында 65 жылыту пункті дайындалды. Жылыту және тамақтану пунктері ретінде жол бойындағы 10 кафе пайдаланылуы мүмкін.

Сондай-ақ облыс аумағында 100-ден аса өзен мен 112 тоған орналасқан. Әсіресе Шу, Талас, Ақкөл, Билікөл, Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ, Ынталы су айдындарында балықшылар көп жүреді. Осы орайда төтенше жағдайлар департаменті полиция департаментімен және еріктілермен бірлесіп су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша бірқатар іс-шаралар атқарды. Жыл басынан бері балық аулау орындарында 625 рейдтік іс-шаралары жүргізілді. Онда судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау жөніндегі шаралар түсіндіріліп, 7025 үгіт-насихат материалдары таратылды. Жүргізілген іс-шараларға қарамастан биылғы қысқы кезеңде 1 оқиға тіркеліп, 2 адам қаза тапты.

Сол себепті мұздың үстімен күндізгі уақытта ғана жүру керектігін және сол маршрутпен кері қайтуды ескертеміз. Жалғыз балық аулауға бару қауіпті. Мұз үстінде бір-біріңізден 3-4 метр қашықтықта қозғалғаныңыз жөн. Жеке автокөлікпен шығуға қатаң тыйым салынады. Мұздың жұқа және жетілмеген жерлеріне шығуға, қауіпті учаскелерінде топтасып жиналуға, мұздағы ойықтарға, жарықтарға жақындауға және от жағуға тыйым салынады, – деді Р.Нұрланұлы.

Шапағат ӘБДІР

Leave A Reply

Your email address will not be published.