ҚАУІПСІЗДІК – БАСТЫ НАЗАРДА!

0

Қордай ауданының орталық алаңында, Ғазиз Байтасов атындағы «Жас жол инспекторлары – 2026» аудандық слеті өткізілді. Бұл слет – оқушылардың білімін, шапшаңдығын, ұйымшылдығын және жол қозғалысы ережелерін қаншалықты деңгейде меңгергенін көрсететін маңызды шара.

Оқушылардың көшеде қауіпсіз жүріп-тұруы, жол ережелерін білуі және түсінуі, сондай-ақ, тәртіп пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға арналған іс-шаралар бүгінде үлкен маңызға ие.

Слеттің ашылу салтанатына аудандық полиция бөлімінің бастығы Бауыржан Үдергенов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, облыстық мәслихат төрағасы Талғат Сәрсенбаев, аудандық полиция бөлімінің жол патрульдік полиция қызметкері, аға лейтенант Мұрат Лаков және Қордай ауылдық округінің әкімі Әділет Қаспақбаев сияқты жауапты тұлғалар қатысып, жас инспекторларға сәттілік тілеп, оларға жол қауіпсіздігіне қатысты білімдеріне маңызды екенін атап өтті.

Бұл шарада аудан мектептерінен келген оқушылар өздерінің білімдері мен дағдыларын көрсетуде белсенділік танытып, зор ынта-жігермен қатысты.

Слет алты кезеңнен тұрды. Әрбір кезең қатысушылардың теориялық және практикалық білімдерін тексеруге бағытталды. Бірінші кезең – саптық байқау, мұнда оқушылар сапта тұрған кезде топтық жұмыс көрсетуі қажет болды. Екінші кезең – жол қозғалысы ережелерін білу. Оқушылар жол ережелері мен белгілерін жатқа айтып, практикалық тапсырмаларды орындап, осы саладағы дағдыларын көрсетуге мүмкіндік алды. Келесі кезеңдерге жас реттеуші, жас санитар, велосипед жүргізушісі және үгіт-насихат жұмысы кірді. Бұл кезеңдер оқушылардың практикалық дағдыларын және көшедегі апаттардың алдын алу үшін жауапкершілікті сезіну қажеттілігін көрсетуге бағытталды. Жас реттеуші кезеңінде балалар жол қозғалысын басқару және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасындағы қарым-қатынастар туралы білімдерін іс жүзінде көрсетті. Сонымен қатар, балалардың велосипед жүргізу дағдылары сыналды. Слеттің соңғы кезеңі – үгіт-насихат жұмысы – балаларға жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы ақпаратты жұртшылыққа жеткізуге арналды. Оқушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін танытып, жол ережелерінің сақталуы, жолдағы қауіпсіздік шаралары туралы азаматтарды хабардар етудің тиімді тәсілдерін көрсетті.

Шара қорытындысы бойынша, жүлделі бірінші орын – Ахмет Байтұрсынұлы ОМ, екінші орын – Қайрат Рысқұлбеков атындағы ОМ, үшінші орынды – Тұрар Рысқұлов атындағы ОМ иеленіп, өзге де қатысушылар түрлі номинациялармен марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдар иеленіп, демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Бұл слет – балалардың білім деңгейін арттырып, көшедегі қауіпсіздік мәселесін насихаттауға және қауіпсіз мінез-құлықты қалыптастыруға арналған бірегей алаң.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.