ЕГІЗ ТАҒДЫР, ОРТАҚ МАМАНДЫҚ

0

Табиғат кейде адамдарды егіз етіп жаратса да, тағдыр олардың жолын әртүрлі арнаға бұрып жатады. Ал Айзада мен Нұрзада Табиевалардың өмір жолы өзгеше. Егіз болып дүниеге келген арулар бірге өсіп, бірге білім алып қана қоймай, бір мамандықты таңдап, бүгінде Қордай аудандық орталық ауруханасында қатар қызмет атқарып жүр. Ақ халат киген егіздердің ортақ арманы – адам жанына араша болып, халық денсаулығына қызмет ету.

Айзада Ерікқызы мен Нұрзада Ерікқызы 2001 жылдың 11 мамырында Қордай ауданында дүниеге келген. Егіз қыздар 2007 жылы Бетқайнар ауылындағы №27 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 2018 жылы мектепті тәмамдайды. Мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ адамға көмектесуді, қамқорлық көрсетуді армандаған олар болашақ мамандықтарын медицинамен байланыстыруды шешкен.

Осы мақсатпен 2018 жылы Бішкек медициналық колледжіне түсіп, «Жалпы мейірбике ісі» мамандығы бойынша білім алады. Үш жылдық оқуын сәтті аяқтаған егіздер туған жеріне оралып, еңбек жолдарын бастайды.

2022 жылы Жастар практикасы бағдарламасы аясында Бетқайнар ауылындағы «Алтын ұя 1» ЖШС балабақшасында медбике болып қызмет атқарған олар тәжірибе жинақтап, кәсіби біліктіліктерін шыңдай түсті.

Ал 2023 жылдан бастап Қордай аудандық орталық ауруханасының ұжымына қабылданды. Алғашында Айзада қабылдау бөлімшесінде, ал Нұрзада терапия бөлімшесінде мейірбике болып еңбек етсе, бүгінде екеуі де терапия бөлімшесінде қызмет атқарып келеді.

Айзада Ерікқызының айтуынша, медицина саласын таңдауға бала кезден қалыптасқан адамға пайда тигізу ниеті себеп болған.

– Мейірбике болу – үлкен жауапкершілік. Әр науқастың сауығып кетуіне өз үлесіңді қосу үлкен қуаныш сыйлайды. Ауруханадағы әр күніміз жаңа тәжірибе мен жаңа жауапкершілікке толы. Біз үшін пациенттердің алғысы – ең үлкен марапат, — дейді ол.

Ал Нұрзада Ерікқызы егіз болып бір салада еңбек етудің өзіндік артықшылықтары бар екенін айтады.

– Біз бала кезден бірге өсіп, бірге оқыдық. Қазір де бір ұжымда қызмет атқарып жүрміз. Бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз, қиын сәттерде қолдау көрсетеміз. Ортақ мақсатымыз – халыққа сапалы медициналық көмек көрсету, — дейді жас маман.

Бүгінде Табиева әпкелі-сіңлілі егіздер өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, әріптестері арасында сый-құрметке ие болып келеді. Адам жанының арашашысы атанған ақ халатты абзал жандардың қатарын толықтырған Айзада мен Нұрзада алдағы уақытта да кәсіби шеберліктерін шыңдап, халық игілігі жолындағы қызметтерін жалғастыра бермек.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.