ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕСІН ЕЛЕМЕУ – ҚЫЛМЫС

0

Жақында Қоғамдық кеңесте аудандық полиция бөлімінің жол қауіпсіздігі бойынша атқарып жатқан жұмысы қаралған болатын. Ол турасында газетімізде қысқаша жазған да едік. Ал, жалпы үнемі өткір тұратын сол жол қауіпсіздігі бойынша қазіргі ахуал қандай? Осы жайында тоқталып өтсек.

 

Қордай ауданы полиция бөлімі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, облыс автожолдарында апаттылықты тұрақтандыру және қала мен елді мекендердің көше-жол желілерінде жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру бойынша берген мәліметіне сәйкес аталмыш мақаланы назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Қазіргі таңда күнделікті теледидардан, әлеуметтік желілерде еліміздің түрлі деңгейдегі трассаларында жол апатының орын алғаны туралы ақпарат тарап жатады. Көрсетілген кадрлар мен айтылған ақпаратты естісең жан түршігеді. Мемлекет басшысынан бастап жергілікті деңгейдегі билік өкілдері күн сайын осы жол қауіпсіздігіне аса мұқият болуға шақырғанымен көп дүние сол жол жүргізушілер, жол қозғалысы қатысушыларының өзінен болып жатқаны жасырын емес. Жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығып кету – қазіргі таңда жүгенсіз жүргізушілердің ең алдымен жасайтын қателіктері. Оған мас күйінде рульге отырып, талай тағдырды талқан етіп жатқандары қаншама. Жоғарыда айтып өткен, жүгенсіз жүргізушілер де жолдағы жаман статистикаға өздерінің сүбелі үлесін қосуда. Жолда желіккендерге тұсау болатын жол полициясы есебіне де тоқталсақ.

Қордай ауданы аумағында және аудан аумағынан өтетін автожолдарда жол-көлік оқиғалары үстіміздегі жылдың 7 айында сәл ғана төмендеген. Дегенімен де, оқыста қаза болғандардың саны  24,0 % — ға  өскен. Былтыр аудан аумағы жолдарында 25 адам қаза болса, биыл ол көрсеткіш 31-ге жетіпті.   Жарақат алғандар осы есепті кезеңде  248 ден – 224 ке түскен. Аудан аумағын кесіп өтетін

республикалық маңызы бар жолдарда 92 жол көлік оқиғалары тіркелген.   Қаза болғандардың саны 24 тен – 28 ге артқан. Жарақат алғандар саны 2,8 %  өскен. Жергілікті маңызы бар жолдарда да қауіпсіздік ережелерін елемей, темір тұлпардың тізгінін бос қоятындар артқан. Аталмыш есепті кезең ішінде сол жергілікті жолдарда 9 жол-көлік оқиғасы орын алған. Былтыр 5 оқиға. 2 адам қаза тапқан. 16 адам жарақат алған. Осы көрсеткіштер ішінде жасөспірімдердің болуы да көңілге қаяу түсереді. Ағымдағы жылдың 7 айында  жасөспірімдердің қатысуымен  жол көлік оқиғалары былтырмен салыстырғанда төмендеген, дей тұрғанымен 5 өспірім қаза тапқан. 51-і түрлі деңгейдегі жарақат алған.

Әрине, жол болған соң кемшіліктер де болмайды. Әсіресе, жол сапасына, ондағы қауіпсіздік мәселелері де бүгінге таңда өте маңызды әрі өзекті болып қала бермек. Осыған байланысты Қордай ауданы аумағында  жол қозғалысы  қауіпсіздігін  қамтамасыз ету мақсатында, ҚР ІІМ-нің 22.07.2016 жылғы «Жол полициясы бөлімшелерінің жол қызметі саласындағы ережелердің, нормативтердің және стандарттардың сақталуын мемлекеттік қадағалау мен бақылауды жүзеге асыруды және жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру жөніндегі» №757 бұйрығының талаптарын орындау мақсатында жұмыстарды қолға алыпты.  Қордай АПБ ӘПБ ЖТИТ-ң қызметкерлері 2023 жылдың 8 айында 187 тексерулер жүргізілген. Нәтижесінде 1153 шақырым қамтылып, автожолдардың жай-күйіне де назар аударылып, 1036 кемшілік анықталған.  Аталған кемшіліктерді жою мақсатында жолға жауапты мекемелердің басшыларына 187 нұсқау да беріліпті. Әзірге сол нұсқаулықтар толығымен орындалмаған.

Кемшіліктер бойынша полиция өкілдері Қордай ауданы әкімдігінің ТҮКШ, ЖҚ және АЖ бөліміне 22, Қордай ауылдық округінің әкімінің атына  32, Ауқатты ауылдық округінің әкімінің атына 20,  Сортөбе ауылдық округінің әкімінің атына 1 ұйғарым берілген.  Сонымен қатар, жол көлік оқиғаларын алдын алуға, болдырмауға аудан аумағынан өтетін автожолдарда жол қауіпсіздік шараларын іске  асыру үшін  Алға, Әлжан ана, Степной, Жамбыл, Бетқайнар, Қақпатас, Сарыбұлақ ауылдарына   бейне-бақылау камералары  орнатылса,  деген жол полициясы ұсынысы да бар.

Жол қателікті кешірмейді, бірақ сол қателіктерді әдейі жасап, өзімен бірге талай жанның обалына қалып жатқан жүргізушілер ойланса дейміз. Өйткені, бір жүргізушінің бассыздығы үшін ішінде отырған адамдар басын бәйгеге тікпеуі керек.

   Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.