СҰРАНЫСҚА САЙ ТАУАР

0

Мамандардың пікірінше, тігіншілік – ойлау, талдау қабілетін дамытып, мидың жұмысына оң әсер етеді екен. Сонымен қатар, тігін жұмыстарын орындау эстетикалық идеяларды қалыптастырады және жеке тұлғаның дамуына жақсы әсер етеді. Ал егер қиялың ұшқыр, өз еңбегіңмен адамдарға қуаныш сыйлауды ниет етсең бұл нағыз шығармашылық.

 

Қордай ауданының тұрғыны Гүлбара Бажанованың тігін бұйымдарын шығаратын цехі бар. Бұл қиын істе жолдасы Қоныс Нұрымов үлкен көмекші болды. Олар бірге төсек-орын, жастық пен көрпе, матрацтар мен төсемдерді тігеді.

Бүгінгі ісі – бала кезден арманы болған. Тігінші әйел қалыңдық жасауының дайындалуына қызығушылығы жоғары болғанын мойындайды. Қазір Гүлбара қыз жасауын өзі жасайды.

-Меніңше, киім өнеркәсібі бүгінде бұрынғыдан да танымал, айналада неше түрлі фактурадағы жарқын маталар, фурнитура түрлері жетерлік. Ал егер ине-жіп ұстауды меңгерген болсаң небір жауһар бұйымдар тігіп шығаруға болады, — дейді Гүлбара.

Тігін бизнесін бастағанына небәрі бес-алты ай болғанымен, шығарған өнімдері Қордай өңірінің тұрғындарының сұранысына ие. Әсіресе, көрпелер мен матрацтар танымал.

Неліктен заңгер тігіншілікке бет бұрды?

Гүлбара Бажанованың негізгі мамандығы – халықаралық заңгер. Жасөспірім кезінде ол бос уақытын дүкенде, немесе анасына саудаға көмектесіп, тігін машинасында жұмыс істеп өткізетін.

-Мен әрқашан анамның киім-кешек тіккеніне қарап отыруды ұнататынмын. Анамның қолынан небір әдемі бұйымдар шығатын. Уақыт өте келе мектепте оқып жүрген шақта еңбектен дәріс беретін мұғаліміміз көп нәрсені үйретті. Қолөнерге деген сүйіспеншілігім бірден болмаса да, болашақ жолымды айқындады деп айта аламын, — деп естеліктерімен бөлісті Гүлбара. -Мектепті бітіргеннен кейін университетке «Халықаралық құқық» мамандығына оқуға түстім. Бірақ алған мамандығым бойынша бір күн де жұмыс істемедім. Маған сауда саласы көбірек ұнайтын. Тұрмысқа шыққаннан кейін күйеуім екеуміз киім дүкенін аштық. Өнім ассортиментін кеңейту үшін біз нарықты зерттеп, табиғи материалдардан жасалған жоғары сапалы төсек-орын маталары әрқашан сұранысқа ие екенін түсіндік. Сондай-ақ, ыңғайлы жастықтар мен қалың жүн көрпелер ешқашан сәннен кетпейді. Адамдар оларды қаржылық жағдайына қарамастан әрқашан сатып алады,— дейді  кейіпкеріміз.

Жұмыс бағытын айқындаған олар Алматы мен Қырғызстанның базарларынан үй тұрмысына қажетті төсек-орын, жастық, көрпе, құрақ-көрпелерді көтерме саудагерлерден сатып алып, сата бастады. Сонымен қатар тігіншілік қабілетін есіне түсіріп, Түркия, Өзбекстан, Ресей өндірушілерінен сапалы мата мен мықты жіптерді сатып алған Гүлбара өз бетімен сапалы төсек-орын жабындарын тіге бастады. Оларды дүкенде сатуға қойып еді, тауары бірден сатып алушылардың көңілінен шығады. Содан кейін бизнесті кеңейту идеясы туындады.

Осылайша отбасылық тігін бизнесінің жолы басталды.

Істің басы…

 –   Адамдарға ұнайтын және ұзақ уақыт қолдануға жарайтын нәрсені жасаудың қандай ғанибет екеніне тағы да көзім жетті. Бұл қосымша бизнес ашуға түрткі болды, — дейді ісмер.

Кәсіпкер өндірісте тек тігіншілік бұйымдарымен шектелген жоқ. Ол жастық-матрацтарды өзі шығарғысы келді. Сөйтіп күйеуіне қызмет өрісін кеңейту идеясын ұсынды. Айтпақшы, күйеуі Гүлбараның барлық істерінде үнемі қолдау көрсетеді. Бұл жолы да солай болды.

Қоныс Тастанбекұлы көрпе тігу және жүн тарау машиналарының мүмкіндіктерін зерттеуге кірісті, оқу-жаттығу бейнероликтерін көріп, арнайы әдебиеттерді оқи бастады.

-Жолдасым менің дұрыс жолмен келе жатқаныма сеніммен қарап, әрдайым қолдап отырады, – дейді Г.Бажанова.

Цех жұмысын бастау үшін үйдің аумағындағы қосалқы бөлмені босатты. Бес миллион теңгеге жуық қаржы қаражатын салып, үш станок сатып алып, орнатты. Қоныс Нұрымов көрпе тігу, матрац тігу бойынша мамандардан дәріс алды. Бір қызығы, оның жүн мен мақтаны тарайтыны сияқты көрпелерді де өзі көктейді.

Ерлі-зайыптылардың айтуынша, олар бұл процесті бұрын басқаша елестеткен: матаны алып, толтырып, әр жерінен тігіп қойсаң, өнім дайын болады деп ойлады. Шындығында, бәрі күрделірек болып шықты. Білмейтін тұстары көп екен, білмеген жерін «Google» арқылы іздеп, қарап отырды.

Кәсіпкерлер өз өндірісінде тек жоғары сапалы шикізатты пайдаланады. Олар негізгі өндірістен бөлек, жастық пен матрацтарды қалпына келтіруге халықтан тапсырыс қабылдайды. Төсек тігуді анасынан үйреніп жүрген үлкен қызы Әйгерім ата-анасына көмектесуде.

Жастық, көрпе, төсек жапқыш, матрацтар, жақтаулар тәрізді алғашқы өнімдер наурыз айында сатылымға шықты. Бірте-бірте ел арасында танымал болып, тапсырыстар көбейіп келеді. Бүгінде жеке кәсіпкер «Бажанова» айына жүзге жуық өнім шығарады.

-Қазір іс жүзінде тауарлардың барлығы сатылып кетеді. Көрпе тігіп шығаратын өндіріс аудан бойынша бізде ғана және Шу қаласында бар. Жетістікке жетудің құпиясы – өзіңе ұнаған дүниені жасап шығару және тұтынушыға ұсыну деп ойлаймын, — деп сенеді Гүлбара Бажанова.

Кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Оның арманы – жас талантты қыздарға қолөнерді үйрету және қосымша үлкен тігін шеберханасын ашып, кестелеп тігу, бұдан бөлек, лазерлік жабдықтарды орналастырсам дейді.

 

Ләйлім Досембекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.