Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азаматтық авиация саласының дамуына қатысты мәселелер қаралды. Сондай-ақ елімізде әуе хабтарын құру ісі күн тәртібіне шықты.
Отырыста күн тәртібіндегі негізгі мәселені талқыламас бұрын Олжас Бектенов Ұлытау облысында болған қайғылы жағдайға тоқталды.
«Үкімет атынан шахтадағы апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр», деді Премьер-министр.
Алдағы шілде айында Мемлекет басшысының шақыруымен алғаш рет ИКАО Кеңесінің президенті Сальваторе Шаккитано ресми сапармен елімізге келеді. Бұл Қазақстан мен ИКАО арасындағы ынтымақтастықтың жаңа сатысы болады.
Саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуде – әуе маршруттарының көбеюі мен әуе флотының жаңаруы маңызды рөл атқарады. Елімізде ішкі әуе тасымалын 6 әуе компаниясы 56 бағыт бойынша жүзеге асырады. Былтыр маршруттар саны 10%-ға артты. Бұл ел ішіндегі көлік қолжетімділігінің өсіп келе жатқанын көрсетеді. Әуе рейстерінің тұрақтылығы 75%-ды құрайды. Бұл әлемдік көрсеткішке сәйкес. Әуе тасымалы сапасын арттыру және рейстердің кешігуін азайтудың негізгі факторларының бірі – әуе кемелері паркін жаңарту және ұлғайту. Отандық әуе компаниялары жыл сайын 10-15 жаңа заманауи ұшақ сатып алады. Қазір елдің әуе паркінде 104 ұшақ бар. Биыл әуе паркі екі жаңа Airbus A320 NEO лайнерімен толықты. Жыл соңына дейін тағы 14 ұшақтың келуі күтілуде, бұл тасымалдау сыйымдылығын 15%-ға арттыруға мүмкіндік береді.
«Авиахабтарды дамыту мен ел әуежайларындағы жүк ағынын ұлғайту бойынша 6 әуежай анықталды. Осы мақсатта Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Ақтау әуежайларында инфрақұрылымды жаңарту мен логистикалық үдерістерді жеңілдетуге бағытталған 5 негізгі шара қарасты-рылған. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін 2 млрд 100 млн доллар көле-мінде жеке инвестиция тарту жоспарланған. Атап айтсақ, Ақтауда әуе, автокөлік, теміржол және теңіз тасымалдарын біріктіріп, жүк ағынын қамтамасыз ететін толыққанды мультимодальды хаб құру көзделген. Хаб құрылымында ұшақтарға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу орталығы, сондай-ақ мамандарды даярлау бойынша оқу орталығы қа-растырылған», деді вице-министр.
«Еліміздің ең ірі 6 әуежайының аумағында арнайы экономикалық аймақ ашу туралы шешім қабылдап отырмыз. Олар халықаралық аренада бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Сондықтан инфрақұрылымды дамытуға және жүк тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылады. Келесі кезеңде осы әуежайлар барлық халықаралық стандарттар бойынша мультимодальды орталыққа айналуға тиіс. Бұл әртүрлі көлік түрлерімен жеткізілетін жүктерді қабылдау және тарату қыз-меттерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», деді О.Бектенов.