ҚАУІПТІ ІНДЕТТІҢ АЛДЫН АЛУ МАҢЫЗДЫ

0

Осы аптада Қордай аудандық Мәдениет үйінде аса жұқпалы ауру саналатын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы жайында ауқымды брифинг өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық бас санитарлық дәрігер Марат Асаров, білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков қатысты.

Сонымен қатар, брифинг тыңдаушылары болып ауылдық округ әкімдері, ветеринария саласының қызметкерлері, білім беру мекемелерінің басшылары да отырды.

Жиында аса қауіпті жұқпалы ауру жайында облыс орталығынан келген мамандар көпшіліктің назарына ауқымды ақпарат ұсынды. Олардың айтуынша, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – аса қауіпті жұқпалы ауру. Ауру көктем-жаз мезгілінде болады, тоқтаусыз қан кетумен, жоғары өліммен сипатталады, яғни медициналық көмекке уақтылы жүгінбесе, науқас өліп кетуі  мүмкін. КҚГҚ-ның негізгі таратушысы иксод кенелері болып табылады, жұғу жолы – кене шаққанда немесе малды күтіп-бағу барысында кенені жаншығанда, сондай-ақ КҚГҚ-мен ауырған науқастың дене сұйықтықтарынан жұғуы мүмкін.

Жамбыл облысы аумағында КҚГҚ-ның табиғи ошағы отыздан астам елді мекенінде орналасқан. Жыл сайын Жамбыл облысының аумағында адамдар арасында КҚГҚ-ның бір бірімен байланысы жоқ бірлі-жарым жағдайлары тіркеледі.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен кене шағу фактілері бойынша қаралған тұлғаларға күнделікті мониторинг жүргізіліп тұрады. Брифинг барысында сөз алған Дамира Сүгірбай КҚГҚ-мен күресу мәселесі барлық мүдделі қызметтер мен ведомстволардың аса назарында екенін атап өтті. Сондай-ақ, халық арасында ақпараттық насихат жұмыстары жүргізілуі жайында да әңгіме қозғалды.

Тұрғындар арасында індетті алдын алу және эпидемиялық маусымды болжау мақсатында, наурыз айынан бастап санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары құзырлы мекемелер мамандарымен бірлесіп көктемгі дала барлау жұмыстарын жүргізіп тұрады. Аса қауіпті індеттері тіркелген жағдайда, ауруларды уақтылы оқшаулау және емдеу үшін медициналық ұйымдары дайындыққа келтіріледі, жұқпалы ауруханаларда карантиндік төсектер ашылады, дәрілік, вирусқа қарсы, дезинфекциялық препараттары мен қан алмастырғыштардың қажетті резервтік қоры жасақталады. Медициналық қызметкерлер арасында кеңес-көмек көрсетіліп, семинар, нұсқаулықтар және жаттығу сабақтары жүргізіліп тұрады.

Еркін ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.