Осы кезде ауданда арнайы құрылған мобильді топ өз жұмысын бастаса, аудан аумағында қойылған блок-бекеттерде күні-түні полицейлер, санитарлық дәрігерлер мен атқарушы орган қызметкерлері жұмыс істеді. Карантин режимі жариялануына байланысты барлығы тоғыз блок-бекет орнатылып, аталмыш нысандар тиісті құрал-жабдықтарымен қамтылып, онда жүзден астам тәртіп сақшысы, 16 дәрігер, 9 санитарлық қызмет мамандары және аудан әкімдігінің қызметкерлері жұмылдырылған болатын. 7 сәуір күні облыс орталығы Тараз қаласы карантинге бекітілсе, сол күні науқастар көп тіркелген Әлжан ана ауылы толығымен жабылды. Аудан бойынша шектеу шаралары күшейтіле түсті. Осы уақытта вируспен алғы шекте күресіп жатқан дәрігерлерге үстемақы беру, шектеу шараларына байланысты жұмыссыз қалған азаматтарға 42500 теңгеден төлеу туралы Президент бастамасы іске аса бастады. Сол кезде Қордай ауданы бойынша жергілікті атқарушы органдарына 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек алуға 32828 азамат өтініш білдіріп, оның 30055-і қанағаттандырылған. Көмек демекші, аудандағы жомарт жандардың демеушілігімен аз қамтылған 1259 отбасына және бюджеттен 7613 отбасына азық-түлік себеттері берілген еді. Сәуір айының басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы жарияланып, одан кейін көптеген игі істердің бастамашысы болған «Біргеміз» акциясының жұмысы жанданған болатын.
Алайда, жаз шыға күшіне мінген вирус алғашында сенбей жүрген жандарға өзінің қаншалықты қауіпті екенін дәлелдей бастағандай болды. Жазғұтырым қордайлықтар арасында вирустан көз жұмғандар туралы қаралы хабарлар тарай бастады. Алғашында жасырын той-томалағы мен ас-жиындарын жасап жүрген тұрғындар сап тиылмаса да халық жиыны төмендеді. Той жасау мен өзге де көпшілікті іс-шаралар үйде жасалына бастады. Алайда, оның да қауіпі өте жоғары болды. Әсіресе, жаз айларының басы мен ортасында егде жастағы бұрынғы еңбеккерлер, ардагерлер, ауданымызға белгілі азаматтар бірінен соң бірі індет ілмегіне ілініп, тіпті газетімізде көңіл айту бойынша хабарламалар көбейгені әлі есте. Мұндай жағдай жалпы еліміз бойынша көбейгенін байқау қиын емес еді. Осы орайда аудандық газет жұмысына да өзгерістер енгізуге тура келген болатын. Көптеген мекеме қызметкерлері қашықтықтан жұмысқа көшкенде «Шамшырақ» ұжымы жұмысын тоқтатпай, тұрғындарға жедел хабар жеткізу үшін сақтық шараларын қолдана отырып қызметін жалғастыра берді. Осы кезге дейін газет жұмысына таңсық болып келетін видое түсіру, оны әлеуметтік желілер арқылы үнемі жариялап отыруды қолға алған журналистер ол сыннан сүрінбей өтті деуге болады. Бірақ, босаңсуға әлі ерте тұғын. Бұл кезде әлем бойынша індет жұқтырғандар 12 миллионнан асып, 500 мыңдан астам адам қайтыс болған еді. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдені Қазақстанда аза тұту күні деп жарияланды. Елде екі апталық мерзімге күшейтілген картантиндік шектеулер қойылды. Жалпы қазақстандықтар сияқты жаз айларында той-жиындарын жоспарлайтын қордайлықтар үшін өткен жылдың жазы мен күз айлары ауыр болғанын айта кеткен жөн. Блок-бекеттер алынғанымен, вирустың әлегі басылмады.