ҚАЗАҚ ЕЛІМЕН ҚҰСТЫҢ ҚОС ҚАНАТЫНДАЙМЫЗ

0

Ел бірлігін және қоғамда тұрақтылықты сақтау республиканың тұрақты дамуының маңызды факторы болып табылады. Бұл ретте тиісті мемлекеттік саясатқа этномәдени бірлестіктер өлшеусіз үлес қосып келеді.

Қордай ауданында 9 этномәдени бірлестік тіркелген, олар ата-бабаларының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, бейбітшілік пен бірлікті нығайту жолында жұмыс атқаруда. Қордай ауданын ерекшелендіретіні, мұнда 30-дан астам этнос өкілдері мекендейді, олардың басым бөлігі мемлекеттік тілді игерген.
— Бұл қазақ халқына, тіліне, салт-дәстүріне құрмет, қиын-қыстау сәтте пана болған қазақ жеріне ризашылығымызды білдіру. Қазақ халқына деген құрмет пен Отанымызға адалдық ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Осы қасиеттерді біз жұмысымызда да басшылыққа аламыз, — дейді Қордай ауданы бойынша «Азери» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Латиф Абылкасымов.
Төрағаның айтуынша, Жамбыл облысының аумағында шамамен 14000 әзірбайжан тұрады, оның ішінде шамамен 8000 адам Қордай ауданының тұрғындары.
«Азери» аудандағы басқа этно-мәдени орталықтарымен өзара әрекет етуде. Мемлекеттік мерекелерді атап өтуге арналған іс-шараларда ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптеп, ән мен билерін паш ететін этномәдени орталық, ауданды мекендейтін этностардың, олардың бірлігінің арқасында, барлық бастамаларында түсіністік пен қолдауды сезінеді.
Аталмыш орталық үшін маңызды мәселелер бойынша семинар, дөңгелек үстел, мемлекеттік және жалпыұлтық мерекелерге арналған әртүрлі акция мен флешмоб өткізу қалыпты жағдайға айналған.
Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды жаңғырту, отбасылық және гендерлік саясатты насихаттау ісіне ақсақалдар өз үлесін қосуда. Олар патриоттық тәрбиеге атсалысып, жастарды спортқа баулып, отбасылық дауларға медиатор ретінде қатысып, үлкен жұмыс атқарып келеді.
Жалпыұлттық консолидация және этносаралық қатысу факторы ретінде мемлекеттік тілді насихаттау мен игеруге үлкен көңіл бөлінуде. Жастарға үлгі болуға тұрарлық, қазақ тілін жетік меңгерген Латиф Мамедхасанович барлық іс-шараларды қазақ тілінде жүргізеді. Жоспарда «Азери» орталығы жанында білімді маманды тартып, қалауы бар азаматтар үшін мемлекеттік тілді меңгеру бойынша үйірме ашу бар.
Айта кетерлігі, этномәдени орталығының мүшелері оның қызметі мен атқаратын жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Спорт, мәдениет бөлімдері бар этномәдени орталық үшін Цемзауыт елді мекенінің мәдениет үйінде бөлме бөлінген. Өз күштері мен қаражаттарына жөнделген кабинетте тұрақты түрде жиындар өткізіледі, сондай-ақ қабырғада әзірбайжан халқының мәдениеті, тұрмысы, салт-дәстүрлері туралы ақпараты бар стендтер ілулі тұр. Бұл ақпаратпен әр адамның танысу мүмкіндігі бар. Ал, Латиф Абылкасымов экскурсияны өзі жүргізеді.
Бүгінде қайырымдылық пен волонтерліктің дамуы орталық қызметінің табысты бағыттары болып табылады. Бұл бағыттағы жұмысты Замин Заманов басқаратын бірлестіктің жастар тармағы атқаруда. Худаверды Нуриев, Магомедали Наджафкулов, Чингиз Физиев, Халид Джаббаров, Расим Бабаев сынды белсенділер мүгедек балаларға арналған оңалту орталығына азық-түлік себеттері түрінде көмек көрсетіп, аз қамтылған отбасылардың балаларын оқу жылына дайындауға материалдық көмек көрсетеді. Сондай-ақ ақсақалдар назардан тыс қалмайды. Мәселен, қарттар күніне орай Жамбыл ауылдық округінде «Азери» мүшелері округ әкімі Айдар Бірімқұловпен бірге концерт пен еңбек ардагерлері үшін қайырымдылық түскі ас ұйымдастырған.
Орталық жанында «Севинч» ансамблі құрылған. Концерттері талай жерде өткен ансамбльдің өнері көп адамдарға танылып үлгерген. Бүгінде «Севинчтің» қатысуынсыз бірде бір іс-шара өтпейді. Ансамбльдің өз тарихы бар. Топ бірден құрылған жоқ. Бастапқыда қазіргі музыканттар музыкалық аспаптарда өздері үшін ойнап бастаған. Музыкаға қызығушылық күн сайын артып, олардың өмірінде үлкен орын алды. Топ әртүрлі этнос өкілдерінен құрылған. Сондықтан олардың репертуарлары да сан алуан.
— Барынша көп жобаны қолға алуға тиіспіз деп ойлаймын. Бұл үшін әлеуетіміз жеткілікті. Бірлестігіміздің қызметіне Аджихан Абдуллаев басқаратын облыстық «Азери» этномәдени орталық үлкен көмек көрсетуде, — дейді Л.Абылкасымов.
«Азери» даму жолына жаңадан түсті. Қазіргі таңда қызметінің маңызы зор бірлестік кеңінен танылуда, себебі мұнда беделқұмарлық пен формализмге орын жоқ.
Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.