ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ ЖАС ЖҰЛДЫЗЫ – ШАРИЗ

0

ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ ЖАС ЖҰЛДЫЗЫ – ШАРИЗ
2026 жылдың 22–24 сәуір күндері Семей қаласында Қазақ күресінен жастар арасындағы (21 жасқа дейін) Қазақстан Республикасының чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Елдің әр өңірінен келген мықты балуандар қатысқан дүбірлі додада 60 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен жас спортшы Шариз жүлделі 3 орынды иеленіп, өзінің жоғары спорттық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Шариз – небәрі 16 жастағы болашағынан үлкен үміт күттіретін жас балуан. Ол тек қазақ күресімен ғана емес, сонымен қатар дзюдо, самбо және кураш күрес түрлерімен де тұрақты айналысып, бірнеше бағытта жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Жас спортшы Қазақстан чемпионаттарының 7 дүркін жеңімпазы және жүлдегері, сондай-ақ Азия чемпионаты мен кубогының 3 дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері атанған.
Шариз №43 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы. Ол Отар ауылындағы №1 БЖДШК самбо үйірмесінде жаттығып жүр. Спорттағы алғашқы қадамын 2-сыныптан бастап бастаған жас балуанның бүгінгі жетістіктерінің негізі сол кезден қаланған.
Шариздің спорттағы жолына бағыт беріп, кәсіби деңгейде дайындап келе жатқан жаттықтырушысы – Бегжанов Байрам. Бапкердің жүйелі еңбегі мен шәкіртінің табандылығы нәтижесінде жас балуан республикалық және халықаралық деңгейде тұрақты жеңістерге жетіп келеді.
Бүгінде Шариз – қазақ күресінің болашағы зор жас өкілі ретінде танылып, алдағы уақытта әлемдік ареналарда ел намысын қорғайтын үміткер спортшылардың бірі болып саналады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.