«ҚАЗАҚАНИМАЦИЯ»: МАҚСАТ ПЕН МІНДЕТ

0

Тәуелсіздік алған жылдары елімізде көркем өндіріс саласы, атап айтсақ, әдебиет, театр, кино, анимация белгілі бір деңгейде нәтижесіздік күйінде болды. Әрине, отыз жылдағы мәдениет пен өнердегі жетістіктерді жоққа шығара алмаймыз. Десек те қазір ел руханиятындағы әр салада жүйесіздіктен туындаған үлкен мәселелердің бары анық. Барлығына кәсібилік һәм қаржылық қолдау жетіспейді. Анимациялық фильм тақырыбында да сол түйткіл: шектеулі уақыт, шала мультфильм, ізденіс жоқ, мүмкіндік аз, тендерге тірелген тірлік.

Отандық анимациядағы осындай ішмерез мәселелерді шешу үшін бір жылдары «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының «Ел рухы» деп аталатын екінші бағытында аталған саланы дамыту міндеттері қарастырылған еді. Соған орай былтыр Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақфильм» жанынан «Қазақанимация» бірлестігі құрылып, 40-тан астам мультфильм мен қазақша компьютерлік ойындар жасау жоспарланып отырғанын, анимациялық мектептердің ашылатынын айтқан. Аталған жоспардың бір парасы, міне, биылғы Балалар жылының аясында іске асып отыр.
Жуырда Халықаралық анимация күні қарсаңында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының жанынан құрылған «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің ресми ашылу салтанаты өтті. Сонау 1967 жылы түсірілген Әмен Қайдардың классикалық туындысы – «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінен басталатын қазақ анимациясына биыл 55 жыл толып отыр.
Мерейтойлық датаға орай іс-шараға отандық анимация ардагерлері – Тамара Мұқанова, Эрнст Бийсеитов, Гүлмира Садықова, Галина Дусенко, Абай Тоқшабаев, қазақ киносының тарланы Асанәлі Әшімов және басқа да мәдениет қайраткерлері қатысты. Әрине, салтанатты жиын Әмен Қайдардың мемориалына гүл шоқтарын қоюдан басталды.
«Бірінші кезекте, баршаңызды осындай маңызды күнмен, атап айтқанда, қазақ анимациясының 55 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мерекелік мерейтой біздің ортақ ісімізге қажымай, баға жетпес үлес қосқан, қазақ анимациясының ардагерлері мен ізбасарларына шексіз алғысымызды білдіреміз. Олар ондаған жыл бойы тынымсыз еңбек етіп, тәуелсіз Қазақстанда анимациялық саланың қайта жандануын армандады», — деді «Қазақанимация» ШБ басшысы Жәнібек Оразалы.
Қазақ мультипликациясының 55 жылдық тарихында екі жүзге жуық мультфильм түсіріліп, отыздан аса анимациялық студия ашылыпты. 2018 жылы анимациялық киностудия қауымдастығы құрылып, рухани-мәдени маңызы бар бірқатар жоба жасауда. Соның ішінде жыл сайын ұйымдастырылатын Халықаралық Amen animation film festival-ды айрықша атап өтуге болады. Ендігі жылы қазақ анимациялық кино өнерінің атасы Әмен Қайдардың туғанына 100 жыл толмақ. Осынау ғасырлық мерейтой қарсаңында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «Әмен ағаның бәйтерегі» атты қысқаметражды мультфильм түсіріліп жатыр.
Айта кетейік, аталған шығармашылық бірлестіктің жұмысы басталған үш айдың ішінде анимация саласындағы әлемнің жетекші мамандарының шеберлік сыныптары өткізілді. Мәселен, Ресей Федерациясы, Франция және басқа да көптеген елдің жетекші мамандары Константин Бронзит, Михаил Петрищев, Мария Корнилова, Эдвард Курчевский, Алексей Андреев, сондай-ақ жас қазақстандық мамандар Баян Әділбек, Иван Ардашов және Маржан Жүнісбек бар. Оқу бағдарламасы барысында студенттер мен жоба қатысушылары шетелдік және қазақстандық мамандардың дәрістері мен практикалық сабақтарына қатысып, кәсіби тәжірибелерін шыңдады.
Ал қазір «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі конкурстық негізде республиканың түкпір-түкпірінен жиналған 167 сценарий ішінен үздік 20-сын таңдап алды. 5 минуттық анимациялық картиналардан тұратын 20 пилоттық жобаны желтоқсан айының соңына дейін аяқтау жоспарда тұр. Осы бастамалардың ізімен анимация саласындағы жас таланттарды жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндігі пайда болды.
Шығармашылық бірлестіктің ашылуында «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне «Мұзбалақ» анимациялық мультфильмі көрсетілді.
«Біз мультфильмдерді әдетте теледидардан немесе YouTube-тан көреміз. Мысалы, «Маша мен аю», «Фиксиктер», тағы басқалар. Бірақ маған қазақ мультфильмдері ұнайды. Бүгін «Мұзбалақты» алғаш рет көріп, үлкен әсер алдым. Басқа да «Батырлар жыры», «Алдар Көсе» сияқты мультфильмдерді сүйіп көреміз», — дейді Дина Болғынбаева.
Сондай-ақ іс-шара барысында қазақ анимациясының дамуына қосқан үлесі үшін ардагерлер мен мультипликаторлардың қазіргі буыны Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кетейік, шығармашылық бірлестіктің кезекті бастамасы – шетелдік компанияларда тағылымдамадан өту мүмкіндігі болып отыр. Қараша айының басында анимация саласындағы мамандар біліктілігін арттыру үшін Түркия, Франция, Польша және Испанияның белді шетелдік студияларына барады.
Сонымен «Қазақанимация» бірлестігінің жұмысы жүйелі түрде жолға қойылса, мультфильм жасау өндірісі тоқтамаса керек-ті. Әрине, ең алдымен, өзінің бюджеті болады, 5-10 жылдық жоспары да дайын. Анимациялық фильм өндірісі тоқтамаса, осы саладағы мамандардың да қолы босамайды, ізденісте жүреді, біліктілігі артады.
Маржан ӘБІШ

Leave A Reply

Your email address will not be published.