ҚАЗАҚСТАНҒА ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ РЕЖЕП ТАЙИП ЕРДОҒАН КЕЛДІ

0

Еліміздің шекарасына Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды қарсы алды. Еліміздің шекарасына енген сәттен Астана әуежайына дейін Түркия Президентінің бортына Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары қапталдаса ұшты. Түркия Президентінің келуіне орай трап алдында Құрмет қарауылы ротасы сап түзеді. Екі елдің жалаушаларын ұстаған балалар Режеп Тайип Ердоған бастаған Түркия елінің ресми делегациясына «Ata yurda hoş geldiniz!» – «Атажұртқа қош келдіңіз!» деп екі тілде қошемет көрсетті. Сол сәтте Түркия мен Қазақстан туларын желбіреткен тікұшақтар алаң үстімен ұшып өтті.

Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Мемлекет басшысы Түркия Президентімен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қазақстан Президенті Түркия басшысына ілтипат көрсетті.

– Жоғары мәртебелі Президент мырза, қадірлі бауырым, Өзіңізбен Қазақстанның елордасында жүздескеніме өте қуаныштымын. Ең алдымен, менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Сапарыңыздың мән-мағынасы ерекше, өте жоғары деп айтсақ артық болмайды. Себебі бұл, шын мәнінде, тарихи оқиға. Бұл сапар елдеріміздің ынтымақтастығына үлкен серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Екі ел арасында тек қана достық, бауырластық, мәңгілік серіктестік қарым-қатынас қалыптасқан. Арамызда ешқандай түйткіл немесе шешілмеген мәселе жоқ. Қош келдіңіз! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Режеп Тайип Ердоған республикалық референдумда халық қолдауына ие болған жаңа Конституция Қазақстанның ынтымағын арттыра беретініне сенім білдірді.

Сонымен қатар Түркия Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынас кеңейтілген стратегиялық әріптестік аясында барлық салада нығайып келе жатқанын айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.