«Қазақстан – менің екінші Отаным»

0

Наурыз – ағайын мен туысты, ұлт пен ұлысты жақындастыра түсетін мейірім мерекесі. Қыс қаһары қайтып, табиғаттың өзі түлейтін бұл күнді қордайлық Маматкуловтар отбасы асыға күтеді.

Бұл әулеттің  дастарханында әр наурыз сайын қазақтың және өзбек халқының ұлттық тағамдары жайнап тұрады. Отанасы Гүлжанат наурыз көже, бауырсақ, құрт, жентпен қатар, сумаляк, халиса деп аталатын өзбектің ұлттық тағамдарын дайындауды дәстүрге айналдырған.

Уктам аға мен Гүлжанат тәтенің шаңырақ көтергендеріне 35 жылдан асты. Отағасы Уктам Маматкуловтың  ұлты өзбек  болса да, қазақтың салт-дәстүрін жақсы біледі, қазақ тілінде еркін сөйлей де алады. Бірлігі жарасқан отбасында ұлтқа бөліну деген жоқ. «Өмірлік жарыңды таңдарда ұлтына немесе тіліне емес, ең бастысы адами қасиетіне мән беру керек деп ойлаймын. Отбасымыздың шырайын келтіріп, ізімді жалғар ұрпақты дүниеге әкелген жұбайыма ризамын. Өзбек халқы қазақпен тамырлас, түбі бір түркіден тараған туыс ұлт қой. Бізде ортақ дүниетаным, ортақ мәдениет, дін мен дәстүр бар. Тойларымыздағы көп әдет-ғұрыптар екі халықтың арасындағы туысқандық сипатты көрсетеді. Менің Қазақстанға келгеніме 46 жыл болды, жарты ғасырға жуық, міне, қазақ халқының нанын жеп келемін. Қазақстан мен үшін – екінші Отаным»,-дейді отағасы.

Уктам Маматкулов 1956 жылы Самарқанд қаласында дүниеге келген. Қалада автокөлік училищесін бітіріп, 1978 жылы Қордай ауданына әскери борышын өтеуге келеді. «Отарда 1981 жылға дейін болып,  Ауған соғысына аттандым. Үш жылдан кейін Өзбекстанға оралып, бірнеше жыл әскери қызметте болдым. Сол кездері бір киностудия соғыс жайында фильм түсіріп, ауған соғысы сарбазының рөлін сомдайтын әртісті іздеп жүрген екен. Таныстарым «міне, ауған соғысына барып келген нағыз жауынгер, осы сомдасын» деп, қолқа салып, ойламаған жерден «За все заплачено» деген  фильмге түскен болатынмын. 1987 жылы Қордай ауданына қайта келіп, әскери қызметімді жалғастырдым. Ал 1990 жылы зейнет демалысына шықтым»,-деп өмір жолын баяндады.

Уктам аға зейнетке шыққан соң қол қусырып қарап отырмай, бағбандықпен айналыса бастаған. Қордайдағы үйінде де, Самарқандтағы шаңырағында да үлкен бақшасы бар екен. Самарқандтағы 6 сотық бақшасына құрма, інжір, анар, шие, жүзім, жаңғақ, алма ағаштарын еккен. Құдды аула ішіндегі саябақ дерсің. Сынған, құрт түскен ағаштарды күтіп-баптау, маусым сайын дәрілеу, ауласын өсіп кеткен арамшөптерден тазарту – оның сүйікті ісі. «Жүрген жерімде көршіге, ағайын-туысқа: «Әуелі ағаш отырғызыңдар» деп насихат қыламын. Өйткені, жерге еккен жақсылық жерден қайтатынына сенемін»,-дейді ол.

Бағбандықтың қыр-сырын жақсы меңгерген маман бұл іске жастайынан қызыққан. Училищеге түспес бұрын бағбанның көмекшісі болып жұмыс істеп, өз ісінің хас шеберінен бау-бақша күтімінің қыр-сырын үйреніпті.

«Осыдан бес жыл бұрын Қордайдағы досымның анасының үйіне қонаққа бардық. Ауласына кіре салысыммен бұталары өсіп кеткен, күтімі жоқ жүзімдікке көзім түсті. Қарт анаға жүзімдігіңізді кесіп берейін деп ұсыныс тастап, барлық артық бұтақтарды қырқып бердім. «Сен кесіп кеткеннен кейін жүзім мол өнім берді, балам», деп келесі жылы тағы шақырған болатын. Осыдан кейін неге ақылы түрде бағбан болып жұмыс істемеске, деген оймен, газетке жарнама бердім, тұрғындар да бір-бірінен естіп, біле бастады. Шүкір, қазір уақытым бос кетпейді. Бүгін мысалы, Бетқайнар ауылындағы 9 сотық жерді баптауға барамын. Бірнеше сотық жерлердің игерілмей бос жатқанын көру жаныма батады. Кейбір адамдар ағаш отырғызып, артынан оған мүлдем қарамайды. Осындай көріністерге, шыны керек, ішім ашиды»,-дейді жан дүниесі табиғатпен үйлескен азамат.

Уктам аға балаларын кішкентайларынан еңбекке баулып өсірді. Сүттей ұйыған отбасының басты ұстанымы да – адал еңбек пен бір-біріне деген сыйластық. «Балаларыммен, немерелеріммен тек қазақша сөйлесеміз. Өйткені, олар қазақ жерінде өмірге келді, болашағы Қазақстанмен тығыз байланысты. Сондықтан қазақ тілін құрметтеуіміз, оны ортақ тіліміз деп білуіміз қажет»,-деген ойда кейіпкеріміз.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.