Ұлттық ойындар бабадан қалған асыл қазынамыз. Ол қазақ халқының ежелгі мәдениеті мен өнерінің ешкімнен кем болмағанын байқатады. Қазақ халқы ұлттық ойындарға бай халық. Ол атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып келеді. Ата – бабаларымыз бұл мұралар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке-бірлігі мен ынтымағын жарастырып отырған. Бүгінде сол көненің көзін жаңартып, ұлттық өнерді жанына серік еткен жандар турасында аз-кем сөз етсек.
Арнұрдың арманы
Көшпендінің ұрпағы көкпарды жақсы көреді. Айла мен ептілікті, білек күші мен белді тұлпарды қажет етіні көкбөрілер ойыны қашанда қазақтың бойына қан жүгіртіп, Ұлы дала ұрпақтарының ерекше бір сипатының белгісіндей. Оның командалық және жаппай тартыс деп аталатын екі түрлі әдісі біздің халық арасында кең таралған. Кейбірде дода, кей жерде мәре көкпар аталатын тартыста екі команда арасында өтетін болса, жаппай көкпарда жеке шабандоздар өздігінше жеңіске жетуге тырысады. Аталған қос тартыста да өнер көрсететін шабандоздың бірі — Арнұр Асылхан. Бал кезден атқа құмарлық алғашында тай жарыстарға қатысудан басталыпты. Бертін келе ат үстінде ойнайтын дәрежеге жеткен соң үлкен бәйгелерде бақ сынай бастайды. Бірақ, көкпарға деген қызығушылығы барлығынан басым шығады. Дене тұрқы мен ептілігі, жылқы мінезін танушылығы оны ауылдағы ересектер тарататын көкпардың бел ортасынан бірақ шығарады. Көкпарда батырларға тән ірі денелі Арнұрдың арынын басу қарсыластар үшін оңай шаруа емес. Негізінде көкпарда ер-жігіттің күші, төзімділігі, батылдығы мен ептілігі сыналады. Дегенменде мұнда тұлпардың да атқарар рөлі зор. Ол бойынша кейіпкеріміз былай дейді.
— Негізі бұл ойынның жетпіс пайызға жуығы атқа байланысты. Өйткені топтың ортасына кіргенде, серкені алғанда, топтан қашқанда аттың мықтылығы керек. Көкпарға ат табу оңай емес. Оны баптау одан да қиын, — дейді Арнұр Асылхан. Көкпар ойыны біздің өңірде жақсы дамыған. Ел ішінде тоғыз мәрте қатарынан топ жарған «Әулие ата» командасы қалың жұртқа таныс болар. Бүгінде бұл «Әулие ата» үлкен мектепке айналды. Өңірдің осы ойынға қызығушылық танытқан жастарын тартып, оларды шыңдау, баптауда үлкен рөл атқарып жатыр. Бұл жұмыстар бойынша мұнда жылда облыстық ойындар өткізіліп тұрады. Осы ойындарға қатысқан Арнұр өз ептілігі мен жүректілігінің арқасында жарыс ұйымдастырушыларының көзіне түседі. Болашағынан зор үміт күттірген жас шабандозға жарыс ұйымдастырушылар тарапынан ұсыныс түсіп, өз командаларына шақырту алады. Өкінішке орай, карантиннің кесірінен өзгелер секілді көкпар ойыны да тоқтатылды. Одан бері міне дәл бір жыл уақыт өтті. Бүгінде Арнұр №3 ұлттық жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы. Қазір жас балаларды көкпарға баулып, барымен бөлісіп жүрген жайы бар.
Тоғызқұмалақ тарланы
Тамырын тереңге жайған төл мұрамыздың бірі тоғызқұмалақ ойыны. Ол бүгінгі таңда әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен тең тұратын рухани, логикалық ойлау өнері. Қазақта тоғызқұмалақты алғырлар ойыны немесе «шопандар математикасы» деп атаған. Бүгінде ұлттық құндылықты ұлықтап, қайта өрлету жолы қолға алынып, деңгейі жоғары жарыстар ұйымдастырылып келеді. Соның арқасында қазіргі қазақ жастары тоғызқұмалақты еркін меңгеріп, бүгінгі брендке айналдыруда. Солардың арасында ауданның алғыр жастары да бар. Солардың бірі — Жанат Жолыш. Жанат кішкентайынан есепке алғыр болған. Тоғызқұмалақтан дәріс алатын ағасы Нұрдаулетке қарап өседі. Бүгінде осы ойын түрінен үйрмеге қатысып жүр.
— Тоғызқұмалақ өзіме қатты ұнайды. Ойнау тәсілі де ерекше. Адамның ойлау қабілетін дамытуға әсер етеді. Бұл ойыннан адам өмірге тәжірибе алады деп ойлаймын. Өйткені әр тасты ойланып тастайсың. Мен болашақты осы ойын түрін кеңінен дамытсам деп армандаймын. Бұл ата-бабамыздан қалған баға жетпес мұра, — дейді кішкентай чемпион. Бұл үйірмеге келгеніне не бәрі бес жыл уақыт өтседе Жанаттың жолындағы жетістіктері көп. Бұл оның алаңдағы тоғызқұмалақ пен жекелей ойындарды еркін меңгергенін меңзейді. Әуелі жекелей тоғызқұмалақтан ауданның үздігі атанып, облысқа жолдама алады. Облыс ойындарында да қарсылас шақ келтірмей Жамбыл облысы чемпионатының бас жүлдегері атанады. Бұл жетістікке ол екі мәрте жеткен. Командалық саналатын алаңдағы ойында да ауданның намысын абыроймен қорғап келеді. Осы жетістіктері мен тынымсыз ізденісі арқасында ол бүгінде облыс құрамасының мүшесі. Сондай-ақ, спорт шеберіне үміткер.
— Тоғызқұмалақ мен үшін ғана емес, осы ойынды ойнайтындар үшін барлық жағынан қызықты. Өйткені тоғызқұмалақтың басты жақсы қасиеті адамға сабырлықты, қайсарлықты, тәуекелшілдікті, шыдамдылықты, әрқашан да дұрыс шешім қабылдауды, сондай-ақ, алға мақсат қоя білуді және сол мақсатқа жетуді үйретеді, — дейді жас жұлдыз.
Атадан балаға мирас болып, бүгінге жеткен мәдени құндылығымыздың бір бөлшегі – тоғызқұмалақты тарих бетінен өшірмей, өскелең ұрпаққа жеткізу бәріміздің ортақ міндетіміз. Біздің кейіпкеріміз де осы мақсатта тынбай тер төгуді қалайды. Олай болса, біз де тоғызқұмалақтың тарланына тек сәттілік серігі болсын деп тілейміз. Сонымен қатар, алар асуы әлі алда екеніне сеніміміз зор.
Ат баптау ата кәсіп
Жүйрік баптап, ат жүгірту қанымызға сіңген қасиет. Бәйге десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар. Ал, сол бәйге аттарын дайындау, баптау екінің қолынан келе бермейтін машақаты көп дүние екенін көп адам біле бермейді. Осы тақырып турасында салада жиырма жылдан астам жұмыс жасап келе жатқан жанның бірі Жеңіс Данигулов жайында сөз етсек.
Атадан қанмен келген қасиетті игере білген Жеңістің жұмысында терер жемісі көп. Бала кезде тай мініп, есейгенде көкпарды кәсіп еткен кейіпкердің бүгінгі күні бала тәрбиелеумен өтуде. Ол осыны о бастан армандаған. Бүгінде №3 ұлттық жасөспірімдер мектебінде шабандоз жаттықтырушысы. Өз кәсібімен мақтанатын Жеңіс шәкірттерінен зор үміт күтеді. Тек шабандоз жаттықтырып ғана қоймай, тұлпарды да баптайды. Жеңіс баптап қосқан тұлпар жүлдесіз келмейді. Оның сырын былай дейді
— Менен ат баптауда көп азаматтар көмек сұрайды. Мен жүйрікті өзім таңдап, баптайтынымды айтамын. Себебі аттың сырын білетін адам ғана шын тұлпарды тани алады. Шын жүйрікті дене бітімі мен көз жанарына қарап білуге болады, — дейді жаттықтырушы. Талай жүйрік дайындап сансыз жүлделер ұтқан Жеңіс Данигуловқа аталмыш мектептен шабандоз дайындауға ұсыныс түседі. Ата кәсіпті жаны сүйетін бапкер бұл ұсынысқа бірден келіседі. Осылайша, қазіргі таңда қордайлық шабандоздарды тәрбиелеуде. Бүгінде мұнда жиырма екі бала шыңдалуда. Әрқайсынан үлкен үміт күтуге болады. Ұстазының берген тәлімінің арқасында жүлде ұтқандары да бар.
— Бәйгеге ат қосқанда шабандоздың да бұлжытпай орындайтын тәсілі бар. Ат үстіндегі адам алдымен жылқының тілін түсіну керек. Қызбалыққа салынып, артық тебіне бермейді. Мен шәкірттеріме қай маңда қамшылау, қай кезде ат басын ірку керектігін үйретемін. Өйткені топқа кіргенде сақтық танытпаса, жылқы жазым болуы әбден мүмкін, соның алдын алу үшін арнайы ережелерді сақтаған жөн, — дейді жаттықтырушы Жеңіс Ермекбайұлы. Әрине шабандоз шығару оңай емес. Алдымен ат үстіндегі баланың денсаулығы алаңдататыны рас. Олардың ата-анасымен жұмыс жасауда үлкен жауапкершілік жүгі артылады. Осы жолды сүрінбей өткеріп келе жатқан Жеңіс Данигуловтың шәкірттеріне жеңіс тілейміз.
М.ҚАРАБАЕВ