АУЫЛҒА КЕЛ ЖАС МАМАН, БІЛЕГІҢДІ СЫБАНЫП

0

Қордай ауданы «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының белсенді қатысушысы болып табылады. Бұл маңызы зор бағдарлама кадрлар тапшылығын шешуге бағытталған. Ауылдық жерлерде жұмыс істеуге бел буған жас мамандарға мемлекет тарапынан тұрғын үй мен көтерме ақы қарастырылған.

Үстіміздегі жылы 80 жас маманды көтерме ақымен қамтамасыз етуге 23,3 млн. теңге және 20 жас маманды тұрғын үймен қамтуға 587,5 млн. теңге бөлу жоспарланған.

Ауылдық жерлерде мұғалім, дәрігер, агроном мен ветеринар мамандықтары жоғары сұранысқа ие. Бұрын тәжірибенің жоқтығынан жоғары оқу орындары мен колледж түлектері жұмыссыз қаламыз деп қорықса, қазір мемлекет жас мамандарды ауылға жұмыс істеуге шақырып, «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында өз қолдауын ұсынады.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасының мүмкіндіктерін қолданғандардың бірі Досхан Дүйсенбек. Қызылсай ауылының тумасы №10 орта мектепті аяқтап, астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне түседі. Диплом алғаннан кейін туған жеріне оралып, қазір аудан орталығында тұрады. Бүгінде аудандық ветеринарлық зертханада ветеринарлық зертханашысы болып жұмыс істейтін жас маман ауылға келгеніне еш өкінбейді. Мемлекет тарапынан көтерме ақы және тұрғын үйге жеңілдетілген несие алған Досхан жұбайы Ақбота және екі кішкентай қызымен бірге былтыр жаңа үйге кіріп, қоныс тойын тойлаған. Ақбота биология пәнінің мұғалімі.

— Туған жеріміздің игілігіне жұмыс жасаймыз. Өсіп-өніп, үй шаруашылығын дөңгелетеміз. Қазір қайда болсын ветеринарлар қажет, яғни жұмыс жетеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек пен қолдауды сеземіз. Ауылда жұмыс істейтін әрбір жас маман алдына өз ісінің шебері болу міндетін ғана қоймай, ауыл өміріне жаңа серпін беруі тиіс, — дейді Досхан.

Ауылда ветеринар өте қажетті мамандық. Ол профилактикалық шара, емдік процедура жүргізіп, жем сапасын бақылайды. Бұл үшін ветеринарға дағдыдан басқа арнайы білім қажет.

— Ветеринарға жүктелген жауапкершілік үлкен, малдың ауыл тұрғындары үшін не екенін жақсы білесіз. Мен жас мамандарды «Дипломмен ауылға» бағдарламасын қолдануға шақырамын, — дейді сөзін қорытындылаған Досхан.

Leave A Reply

Your email address will not be published.