ҚАЗЫНАШЫЛЫҚ ЖҮЙЕСІНЕ 30 ЖЫЛ

0

Алдымен қазынашылықтың атқаратын қызметін, қазынашылықтың құрылу тарихын санамызда бір жаңғыртайық. Қазынашылық тарихи тұрғыда алып қарағанда, мемлекет байлығының сақталуына жауап береді. Түйіндеп айтқанда, қазынашылық – ақша қаражаттарын тиімді жұмсауды және сақталуын қамтамасыз ететін қаржылық орган.

Мемлекеттік қаржыға жауапты мемлекеттік органдардың құрылуына және жетілуіне көптеген фактор әсер етті. Қаржыны тиімді басқару жүйесін құру, жаңғырту әрі дамыту – әртүрлі елдердің қазынашылық органдарының басты міндеттерінің бірі.

Қазақстанның қазынашылық жүйесінің қалыптасуы мен дамуы Тәуелсіздік жылдарымен тікелей байланысты. Мемлекетіміздің өсуі және нығаюы, бюджетке түсімдердің және қаражат шығыстарының біртіндеп өсуі мемлекеттік қаржылық басқаруды және қаржылық жүйені қайта құруды реформалауды талап етті. Туындаған барлық мәселені шешу мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті 1994 жылғы 27 қаңтарда «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылығын құру туралы» Жарлыққа қол қойды.

Қазақстан қазынашылығы кірістер мен шығыстар бойынша бақылауды жүзеге асырады, бюджет қаражаттарының мақсатты жұмсалуына жауап береді, ақша ағынының қозғалысын оңтайландырады, бюджет қаражатын шоғырландыруды, оның жұмсалуының ашықтығын, тиімді басқаруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бюджеттік заңнаманы әзірлеуге қатысады және оның атқарылуына бақылау жасайды. Қазынашылық мемлекеттің бюджеттік ағынын басқарудың барлық қыры шоғырланған, келешегі мол, дамыған қаржы институты ретінде танылды.

2004 жылы бірыңғай ақпараттық ортаны қамтамасыз ету үшін қазынашылық органдары жаңа ақпараттық жүйеге көшті. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның қазынашылық жүйесінің тәжірибесі басқа елдерге үлгі болатындай, жоғары бағаланып, бірегей жүйе ретінде танылды.

2011 жылы осы орган жұмысының тиімділігін барынша жоғарылатқан, соған сәйкес бюджетті игеру сапасын арттырған, қаржылық құжаттарды онлайн-режімде өңдейтін «Қазынашылық – клиент» жүйесі енгізілген болатын. 2012 жылы бюджет қаржысының игерілуі мен мақсаты – бюджет қағидатына сәйкестігіне арналған квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарына қызмет көрсету басталды. Одан әрі бюджеттік шығыстардың тиімділігін түпкілікті жақсарту үшін 2017 жылы «Құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алуды қазынашылық қолдау» жобасы енгізілді. Аталған жобаның негізгі мәні − құрылысқа шарттарды іске асырған кезде бюджет шығыстары мониторингін жасау.

Бүгінгі таңда қазынашылық жүйе Қазақстанның қаржылық жүйесінің басты бөлігі болып отыр. Ол мемлекеттік органдардың алдына қойған міндеттерін орындау үшін кірістерді уақтылы есептеп, қаржылық ресурстармен жеткілікті қамтамасыз ете отырып, ақшалай ағынның ашықтығы мен шұғыл жүргізілуін қамтамасыз етеді. Процестерді барынша автоматтандыру, алдыңғы қатарлы озық технологияларды пайдалану, әкімшілік және техникалық тәртіпті оңайлату арқылы стратегиялық міндеттердің бірі қоғамдық қаржы жағдайы туралы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуді шешуге мүмкіндік береді.

Сөз жоқ бұл жұмыстардың тигізген игі әсері бар. Алайда, бұл қазынашылық қызметінің биік шоқтығы емес. Келешекте атқарылуға тиіс жобалар әлі де болса жетерлік: мемлекеттік қаржының өтімділігін тиімді басқару. Мақсат – Үкімет тарапынан экономикаға уақытша талап етілмейтін бюджет қаражатымен жұмыс істеу. Нарық мөлшерлемесі бойынша Бірыңғай қазынашылық шоттардың уақытша бос қаражатын банктерде орналастыру нарық өтімділігін қолдаудың пайдалы әрі керекті құралы болуы мүмкін;

қаржылай есептіліктің халықаралық стандарттарына сай бюджеттің барлық деңгейінде одан әрі шоғырландыру үшін есептеу әдісі бойынша ақша ағыны мен жұртшылықтың аталған есептеріне қол жеткізу мүмкіндігіне арналған шоғырландырылған қаржылық есептемені ұсыну;

бюджет қаражатын жұмсауға дейін бұзушылықтарды болдырмауға мүмкіндік беретін, бүгінде ішкі аудит органдары анықтайтын бұзушылықтарға жол бермеу үшін алдын ала және ағымдағы бақылау кезеңінде қазынашылық қызметті кеңейту және күшейту.

Құрылғаннан бастап аз уақыттың ішінде Қазақстанның қазынашылығы бюджет жүйесінің бір буыны ретінде мемлекеттік қаржыны басқару жүйесінен лайықты орын ала отырып, орасан зор қалыптасу және даму жолынан өтті. Әрине мұның барлығына бұл салада еңбек ететін сауатты әрі білікті қызметкерлерінің жұмысы нәтижесінде қол жеткі¬зілді. Әсіресе, қазынашылықтың табысты дамуына қомақты үлестерін қосқан, қазынашылық саласының зейнет демалысындағы ардагерлерін ерекше мақтанышпен атап өткім келеді. Олар басқарманың бұрынғы басшысы Б.Абдраимов, бас қазынашылар Р.Арқабаева, Р.Калиева, С.Байтұрғанова.

Құрметті қазынашылық ардагерлері, қаржыгер әріптестер Сіздерді Қазақстан Республикасының Қазынашылық саласына 30 жыл толу мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.

Сіздерге және отбасыларыңызға амандық пен саулық, береке мен бірлік және мемлекетіміздің экономикасын көтеру, халқымыздың әл-ауқатын жақсарта түсу жолындағы толассыз еңбектеріңізде табыстар мен жарқын жеңістер тілеймін.

Шахадат НУРТАЕВ, Қордай аудандық қазынашылық басқармасының басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.