МЕРДІГЕР ЖҰМЫСЫНА СЫН КӨП

0

Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың төрағалығымен өткен жиындардың бірінде аудан басшысы жұмысына салғырт қарайтын немесе сапасыз атқаратын мердігерлерді сынға алып, олардың жайын жалпы қараша халық білу үшін жариялап отыру қажет екенін баса айтқан болатын. Дей тұрғанымен де әлі де болса, өз міндеттерін адал атқармайтындардан аудан арыла алмай отыр.

Былтыр Қордай ауылындағы Уәлиханов, Сауранбаев, Аңырақай, Пушкин көшесінен Жеңістің 40 жылдығының басына дейін, Жібек жолы, Елім-ай көшесі, Аңырақай тұйығы, Цемзавод ықшам ауданындағы Центральная көшесі, Момышұлы, Желтоқсан, Абылайхан көшесінен Мүсірепов көшесіне дейін, Абылайхан тұйығы, Алматы көшесінен Домалақ ана көшесіне дейін, Жангелді көшесінен кіреберіс жерін  орташа жөндеу жұмыстары атқарылған болатын.  Оларды мердігер «DAUREN BUILD» ЖШС жасады. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автомобиль жолдары комитетінің «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Жамбыл облысы филиалы мердігер ұйым орындаған жұмыстардың сапасын тексерген еді. Нәтижесінде сапа бойынша бірқатар олқылықтар анықталып, жасалған хаттамалар негізінде  Қордай ауылдық округі әкімінің аппараты анықталған бұзушылықтарды қалпына келтіру туралы сотқа талап арыз берген.

Аталмыш мердігер Қарасу ауылындағы Еспе көшесінің  жол жабынын орташа жөндеуді де қолға алған екен. Атқарылған жұмыс«Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Жамбыл облысы филиалы тексеруінен өтпеген. Нәтижесі сол ауылдық округ әкімдігі сотқа арызбен жүгінген. Осындай жағдай Жамбыл ауылында да орын алған. Жасалған жолдардың сапасы сын көтермей отыр. Мұнда да арыз сотқа жолданған.

Осыдан не түюге болады? Оны оқырман талқысына қалдырдық. Ал, жұмысында кемшіліктер анықталған мердігер компания жолдарды сапалы етіп қайта жасап шығады дегенге біз де сенгіміз келеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.