Керим Уджур – Масаншы ауылында 2008 жылдан бері көкөніс және дәнді дақылдарды өсірумен айналысып келе жатқан білікті кәсіпкер. Оның «Щенхо» шаруа қожалығы ауылдың аграрлық секторындағы маңызды әрі үлгілі шаруашылықтардың бірі.
Керим Суалихарович 2008 жылдан бері егін және көкөніс шаруашылығын дамыта отырып, агрономиялық білімін практикалық тәжірибемен үйлестіріп, бұл салада тұрақты сапа мен жоғары өнімділікке қол жеткізді. Оның шаруашылығы тыңайтқыштарды қолдану, заманауи егіс технологиялары және суару жүйелері сияқты әдістерді енгізу арқасында аймаққа танымал.
Биыл кейіпкеріміз өз шаруашылығында жаңа бағыт ашты – ол Масаншы ауылының маңынан мал бордақылауға арналған алаң ашып, осы арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Алаңның құрылысын аяқтап, бордақылау жұмыстарын іске асыра бастаған Керим Уджур, өзінің көздеген мақсатына жету үшін, Батыс Қазақстан облысының Орал қаласынан 200 бас қызыл қасқа тұқымды бұзау сатып әкелді. Бұл – мал өнімдерін өндіруде сапалы өзгерістер жасауға мүмкіндік беретін бастама.
Масаншы ауылының маңынан мал бордақылау алаңын ашу арқылы ол мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Осылайша, ол ауыл тұрғындарының экономикалық жағдайын жақсарту мен әл-ауқатын арттыру мақсатында ауыл шаруашылығын әртараптандыруды көздейді.
«Бұзаулардың ерекшелігі – олар жоғары өнімділік көрсеткіштерімен танымал. «Бұл жоба бізге сапалы ет өнімдерін экспорттауға мүмкіндік береді», — дейді ол.
Шаруагердің болашаққа қойған жоспарлары да ауқымды. Ол егістік алқабын ұлғайтып, өз иелігінен орылатын дақылдар арқылы бордақылаған малға қажетті мал азығын алуды мақсат етеді.
«Ауыл шаруашылығы үшін қажетті арнайы техникаларымыз да іске жарап тұр. Әзірге бордақы алаңының жұмысын қамтамасыз ету үшін төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын», — дейді қожалық иесі.
Қазір, Керим Суалихарович, қожалық іргесінен қосымша бордақы алаңының құрылысын бастап, қой басын көбейтуді көздеуде. Бастапқы шаралар жүзеге асырылғаннан кейін, ол тек мал емес, сонымен бірге, егіншілікті де дамытуға бағытталған ауқымды жобаларға қайта кіріспек. Керим Уджурдың ауыл шаруашылығы саласындағы бастамалары экологиялық таза өнімдер өндіру, жергілікті халықты жұмыспен қамту және ауылдық экономиканың дамуына үлес қосу.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ