Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру (сырғалау,чиптеу) — ветеринария саласындағы атқарылатын міндетті және жауапты жұмыстардың бір бөлігі. Бұл жұмыстар — мал төлдегеннен бастап атқарылатын науқанды шаралардың бірі.
ҚР «Ветеринария туралы» Заңы мен ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидасына сәйкес еліміз аумағындағы төрт түлік мал түгел бірдейлендірілуге тиіс. Мүйізді ірі қара, қой-ешкі, түйе, шошқа малдарын сырғалау арқылы бірдейлендіру(сырғалау) бюджет қаражаты есебінен, ал жылқы мен өзге де малды чиптеу, таңбалау арқылы бірдейлендіру(сырғалау) заңда белгіленген тәртіппен мал иелерінің есебінен іске асырылады.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру (сырғалау) – оны ветеринариялық дауалау (қан алу) туралы деректерді, жануардың жеке нөмірі бойынша, оны вакцинациялау туралы деректерді, сондай-ақ жануардың иесі туралы деректерді тіркеудің бірыңғай, көп деңгейлі жүйесін көздейтін, жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар жүзеге асыратын және ветеринария саласындағы уәкілетті орган пайдаланатын ветеринариялық есепке алудың бөлігі;
Ауыл шаруашылығы жануарларының төлі туылғаннан кейін, он төрт жұмыс күнінен кешіктірілмей бірдейлендіріледі: бұзаулар, қозылар, лақтар, боталар – туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін; құлындар – төрт айлық жасынан бастап (таңбалау кезінде), туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін (чиптелінеді). Бірдейлендіру барысында жануар туралы толық мәліметтер арнайы ақпараттық базаға енгізіледі. Бұл мәліметтерге жануардың түрі, жасы, жынысы, тұқымы, туған күні, иесінің аты-жөні және шаруашылықтың орналасқан жері кіреді. АШЖБ дерек қорында малға жүргізілген вакцинация, диагностикалық зерттеулер және емдеу шаралары көрсетіледі.
Жануар иесінің де белгілі міндеттері бар. Ол жаңа туған төл туралы ветеринариялық мамандарға уақытылы хабарлауы, сатып алынған малды тіркеуге қоюы және мал сатылғанда, сойылғанда немесе жоғалғанда бұл туралы тиісті ветеринариялық ұйымға мәлімет беруі тиіс. Бұл талаптардың орындалуы мемлекеттік есептің дәлдігін қамтамасыз етеді.
Қорытындылай келе, мал шаруашылығында жануарларды бірдейлендіруді жергілікті ветеринариялық ұйымдардың мамандары жүргізеді. Бұл жүйе ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, мал басын дәл есепке алудың және сапалы мал өнімдерін өндірудің маңызды құралы болып табылады.
«TORTTULIK» мобильдік қосымшасын ANDROID PLAYMARKET және IOS APP STORE — Тен жүктеп алуға болады. «TORTTULIK» Қосымшаcы шаруа қожалықтары, ЖШС, жеке қосалқы шаруашылықтар және басқа да мал иелеріне арналған. «TortTulik» арқылы мал басын есепке алу және түгендеу жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ жүйедегі мәліметтерді уақытылы жаңартуға мүмкіндік бар.
Қ.КӨШЕРБАЙ, Қордай ауданының ветеринария бөлімі маманы