Қордай аудандық Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінде «Қолмен ұстап, жүрекпен сезін!» атты «Тифломузей» жобасының зағип азаматтарға QR-код арқылы ұйымдастырылған арнайы бұрыштың ашылу шарасы өтті.
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастырумен өткен шараның мақсаты – зағип жандардың қоғаммен байланысын күшейтіп, облыс көлеміндегі зағип оқырмандарды мәдени орталықтарға, жан-жақты мәдени дамыту, рухани іс-шараларға қатыстырып, өз-өзіне деген сенімділікті арттыруға қолдау көрсету, сонымен қатар, облысымыздың тарихымен танысуға келген әрбір зағип музей қонағына, халқымыздың ұлттық тарихи-мәдени құндылықтарын және тарихын терең түсіндіру. Кітаптан оқыған, құлақпен естіген мағлұматты қолмен ұстап сезінуге, ой өрісін дамытуға жол ашу. Музей экспозициясына еркін қол жеткізуге жағдай жасау.
Замануи үлгідегі QR-код қойылған экспозиция мүмкіндігі шектеулі азаматтарға смартфонға жәдігердің кодын енгізу арқылы Орта ғасырлық дүниеге саяхат жасауға мүмкіндік береді. Яғни, өңір тарихымен танысуға келген әрбір зағип музей қонағы халқымыздың ұлттық тарихи-мәдени құндылықтарын және тарихын терең әрі жан-жақты түсіне алады. Кітаптан оқыған, құлақпен естіген мағлұматты қолмен ұстап сезіне алатын болады.
«Тифломузей» жобасының ашылу салтанатында Қордай аудандық К.Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық музейі директорының орынбасары әрі Кенен атаның немересі Мұрат Кененов алғашқы құттықтау сөзді алып, салтанатты түрде музейдің лентасын қиды.
Айта кетейік, көрмеде халық ақыны Кенен Әзірбаевтың өмірінен сыр шертетін жәдігерлерден арнайы зағип жандар үшін экспозиция жасақталды.
«Өзін сыйлайтын кез-келген азамат туған өлкесінің тарихын, мәдениетін, әдебиетін біліп, біртуар азаматтарын тануы тиіс деп есептеймін. Музейде осындай ерекше жандарға арналған бұрыштың ашылатынын естігенде қуандым. Мен ғана емес, осында жиналған қонақтардың барлығы риза деп ойлаймын. Зағип жандарды ұмыт қалдырмай, елеп-ескеріп жатқандарыңызға рахмет»,-дейді музейге қонаққа келген азаматтардың бірі Ерғат Тәжібаев.